Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2017

Қызметтік көліктерге арнайы белгі орнатылмақ

285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда Қарағандыда Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл стратегиясын жүзеге асыру бойынша Арнайы мониторингтік топтың отырысы өтті. Аталған орган Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жанында жұмыс атқарады. 

Қызметтік көліктерге арнайы белгі орнатылмақ

Жиын барысында айтылғандай, Қарағанды облысының мемлекеттік органдарының қызметтік көліктеріне арнайы эмблемалар орнату бастамасы республикада құпталды. Бұл тәжірибені еліміз бойын­ша қолдану ұсынысы жасалды. 

– Арнайы мониторингтік топтың кейінгі отырысында мемлекеттік органдардың қызметтік көліктерінде ерекшелік белгісін қою мәселесі қарас­тырылды. Қала және аудан әкімдеріне қызметтік көліктерге айрықша белгі орнатуды қамтамасыз ету ұсыныстары жасалды, – деді Арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Ермек Әбілдин.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда көптеген әкімдік­тер мен басқармалар ерекшелік белгілерін орнатқан. Алайда ол жаңашылдықты елемегендер де бар. Олар­дың қатарында – білім басқармасы, Абай және Нұра аудандарының, Саран қаласының әкімдіктері бар.

– Кей мемлекеттік органдар белгілерді орнат­қандарын растайтын материалдар жіберген жоқ. Ол дегеніміз, аталған шара тек қағаз жүзінде орындалуы мүмкін дегенді білдіреді. Айта кетейік, 2017 жылдың 7 қыркүйегінде өткен республикалық Арнайы мониторингтік топтың хаттамасында біздің баста­мамыз республиканың барлық орталық және жергілікті атқару органдарына ұсынылды, – дейді Е.Әбілдин.

Топ мүшелері жергілікті полиция қызметімен бірігіп ерекшелік белгілерінің орнатылғанын тексеру бойынша рейд өткізуді ұсынды. 
Отырыста сонымен қатар 2015-2020 жылдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру бойынша үш жылдықта жасалатын шаралар жоспары талқыланды. 

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы