Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2017

Атырауда Мырзатай Жолдасбековтің шығармашылық кеші өтті

276 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Атырауда Мырзатай Жолдасбековтің шығармашылық кеші өтті

«Атанғаным Мырзатай ­– ел арқасы»

Атырауда өткен мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің шығармашылық кеші осылай аталды. Бар ғұмырын ел игілігін еселеуге арнап келе жатқан айтулы тұлғаны Құрманғазы атындағы мәдениет сарайына жиналған Атырау жұрты қошемет көрсетіп қарсы алды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында мұнайлы аймақта мәдени шараларға айрықша көңіл бөлініп келеді. Тек Атыраудың ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышына айналған, өмірлері өнегеге толы қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен өнер иелерінің шығармашылық кештері жиі ұйымдастырылып жүр. Осы бағдарлама аясында филология ғылымдарының докторы, академик Мырзатай Жолдасбеков те Атырауға келіп, елмен жүздесті.

«Қазақ руханиятының абызы, мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбектовтің өмірін, тағдыр тауқыметін бір адамдай көтергенін, қажымай-талмай, жасымай бүгінге жеткенін бейнефильм арқылы бағамдадық. «Соғыс балалары» деп аталған буын әдебиет пен мәдениетке өз қолтаңбаларын қалдырды. Сол бір қиындықтың неше сүлейін көріп өскен балалар бүгінде ғұламалар мен абыздарға айналды. Елдің дамуына өз үлестерін қосты.  Мырзатай ағамыз – ұстаз ретінде де, қоғам қайраткері ретінде де өскелең ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосқан адам. Орхон-Енисей көне жазуларын зерттеп, ұлттық құндылықтарды сақтау жолында еңбек етті. Мырзатай ағаға қарап бой түзеген азаматтар көп. Ағамыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге тәуелсіздікті баянды ету жолында аянбай қызмет жасады,» деді шығармашылық кешке қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Әдеби-музыкалық шараны жыршы Амандық Көмеков арнау айтып бастады. Мырзатай Жолдасбековтің ғалым, қайраткер екенін ел біледі, күйшілігі бөлек бір өнер.  «Қосбасар» мен «Дүние шіркін» күйлерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тұрар Әліпбаев орындады. Әнші Ардақ Балажанова Кенен Әзірбаевтың «Мырзатайға» деген әнін шырқап, кештің көркін келтірді.

Қазақстанның Иран мен Пәкістандағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінде жүрген кезінде жазған «Тотықұс» әні де «жігітке жеті өнер де аз» деген бабалар даналығын еске түсіреді. «Дүние-ай», «Бәйтерек» сынды әндер де осы кеште әуеледі.

«Азамат болып қалыптасуым, атағым мен даңқымның шығуы — елдің ақеділ көңілінің арқасы,- деді Мырзатай Жолдасбеков. -Менің әндерім мен күйлерім — өмірімнің айнасындай. Жан толғанысынан дүниеге келген шығармаларым елдің көңілінен шықса, бақыт деген сол.»

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ