Аймақтар • 26 Қыркүйек, 2017

Инвестор экономикалық әлеуеті мықты өңірді таңдайды

447 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қостанайда «Kostanay Invest- 2017» инвестициялық форумы өтті.

Инвестор экономикалық әлеуеті мықты өңірді таңдайды

Қаржының қай түрі болса да, өңір эконо­микасына екпін берері хақ. Инвестициямен бір­ге тек қаржы емес, жо­ға­ры сапалы өнім өндіруге мүмкіндік бе­­ре­тін озық тех­­нология, білім, жақсы тә­жірибе ке­ле­ді. Бірақ сырттан келетін инвест­ор­лар сал­ған қаржысының қайтарымы бол­маса, қы­зы­ғу­шылық танытпайтыны та­ғы бел­гілі. «Kostanay Invest-2017» ин­вес­­ти­циялық фо­румы Қостанай өңірінің ин­вестициялық әлеу­етін паш етті, сонымен қатар онда жоба­ларды қалай жүзеге асыру, инвестиция салынатын салаларды да­мыту жөнінде келелі кеңестер айтылып, мә­селелер талқыланды. Оның жұмысына Ре­сейден, Польшадан, Өзбекстаннан ин­вес­тор­лар, халықаралық бизнес ұйымдары, банк өкілдері және Қазақстан Үкіметінің мү­шелері, орталық мемлекеттік орган­дар мен дипломатиялық корпустар қыз­мет­керлері, отандық және шетелдік сарап­шы­лар – барлығы 250 адам қатысты. 

«Kostanay Invest-2017» инвестициялық фо­румында өңір экономикасының ауыл шаруашылығы, кен-металлургия, машина жасау және туризм салаларының ин­вестициялық мүмкіндігі ұсынылды. Рес­публика экономикасын дамытуда Қос­танай облысы жетекші орындардың бі­рінде екені, яғни өнім өндіру жөнінен елі­­міздегі бестікке кіретіні инвесторларға да мәлім болып қалған. Жыл басынан бер­­гі 8 ай ішінде өңірдің негізгі капита­лы­на 113 миллиард теңге инвестиция құй­ылды. Бұл өткен жылдың осы мер­зі­мімен салыстырғанда 11,5 миллиард тең­геге артық. Қонақтарға облыстың ин­вес­тициялық әлеуетін таныстырған об­лыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев өңір экономикасының қуа­ты жөнінде осындай мысал келтірді. Сонымен қатар облыс инвесторлар үшін тек өндірісінің, шағын және орта бизнестің дамуымен ғана емес, географиялық орналасуымен де қолайлы. Қостанай Ресейдің өндірісі дамыған Орынбор, Челябі және Қорған және өз еліміздің 4 облысымен шектеседі. Қостанай облысы минералды шикізатының байлығымен және табиғи қолайлылығымен де инвесторды тартатыны сөзсіз. Облыста жұмыс істеп тұрған көп­теген өндірістік кәсіпорындарда тех­но­логиялық жаңғыруға дайындықтар жү­ріп жатыр. Мысалы, Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі бүгінде әлемдегі са­наулы ірі өндірістер қатарында. Алтын, мыс өндіретін «Варваринское», асбест шы­ғаратын «Қостанай минералдары», бок­сит өндіретін «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамдарында лайықты жұмыстар жүргізілді. Дәл қазіргі уақытта Қостанай қаласында индустриялық аймақ салынып жатыр. Оған алғашқы инвестор да келіп үлгерді. Ресейдің Екатеринбург қаласындағы «ВЕК» компаниясы лифт құралдарын осы жылдың желтоқсан айынан шығара бастайды. Жоба бойынша зауыттан жылына 1,5 мың лифт шығарылатын болады, өндірісте қазақстандық үлес 60 пайызға дейін барады. 

– Бізді Қостанайдың инфрақұрылымы дайын индустриялық аймағы, нарығы, еңбек ресурсы қызықтырды. Зауыт жылына 1,5 мың лифт шығарып, толық қуатында жұмыс істейтін болады. Егер лифтінің өті­мі көңіл толтырса, өндіріске тағы да 155 мил­лион доллар қаржы саламыз және өзге инвестиция тартуды да ойластырамыз, – дейді инвестор Михаил Молочников. 

Ауыл шаруашылығына инвестиция тарту мақсаты Елбасының осы саланы дамыту тапсырмасынан бастау алып отыр. Елімізде 2017-2021 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарлама да жасалды. Инвестиция ауыл шаруашылығын дамытуға жаңа дем береді. Ең бастысы, егін егетін жер жетеді, облыста 5,3 миллион гектар алқап бар. Облыста ауыл­ша­руа­шы­лық тауарларының көлемін, экспорт­ты ұл­ғайту, инвестиция тарту, сауда-ло­гис­ти­калық инфрақұрылымды дұрыстау үшін жұмыстар жүріп жатыр. 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл Үкімет еліміздің инвестициялық саясатын жүзеге асыру мақсатында екі ма­­ңызды құжат – Инвестиция тарту жө­нін­­дегі ұлттық стратегия және Ұлттық экс­­порттық стратегияны қабылдаған б­о­латын. Осы құжаттарда межеленген іс­тер­ді атқаруға Қостанай өңірі алғаш­қы­­лардың бірі болып атсалысты, демек об­лыс басшылығының бастамасымен «қа­натқақты» өңірге айналды. Облыста дүниежүзілік банк сарапшыларының және өз мамандарымыздың, бизнес өкілдерінің қатысуымен инвестиция тарту және оны тұ­рақтату үшін 2018-2022 жылдарға арнал­ған жол картасы жасалды.

Өңір халықаралық қаржы институттарымен, ірі инвесторлармен байланыс орнатты. Форумға қатысқан Азия даму банкі өкілдігінің директоры Джованни Капанелли Қазақстандағы өңірлер эконо­ми­касы арасындағы айырмашылықты те­ңестіруге көмек беретінін айтты. Оның айтуынша, барлық тірлік Астана мен Алматы қа­лалары маңында қайнап жатады, қаржы да сол қалаларда айналады. Ал әлеуеті мықты болса да өңірлерде эко­номиканың дамуы бәсеңсіп қалады. Ол Қостанай өңірлік жалпы өнімнің 23,2 пай­ызын құрайтын шағын және орта биз­нес­тегі бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін жет­кізуге болатынын айтты. Бұл үшін Азия даму банкі 350 миллион доллар қар­жы бөлмек. 

– Шағын және орта бизнестің жолын­да­ғы барлық кедергілерді шешуге болады, оның ішінде кәсіпкерлер мен қаржы инс­титуттары арасында ешқандай бөгет болуы тиіс емес. Екіншіден, бізді ауыл ша­руашылығы саласы қызықтырады. Са­ла өнімін экспорттау көлемін едәуір ұл­ғай­туға болады. Үшіншіден, өңдеу кәсіп­орын­дарын дамыту керек, – деді Джованни Капанелли. 

Қостанайда бидайды, майлы да­қыл­­дар­ды, ет, көкөністі, тағы бас­қа да ауыл­­ша­руашылық өнімдерін т­о­лық­қан­­ды өңдеуге инвестиция саламыз деу­ші­­лерге жол ашық, қолайлылық үшін ло­гис­ти­ка­лық инфрақұрылым да жасала­ды. Ин­весторларға мемлекет тарапынан да қол­­д­ау көрсетіледі. Бұл орайдағы жеңіл­дік­т­ер жөнінде Инвестиция және даму ви­це-министрі Ерлан Хайыров айтып берді. 

Инвесторы дамыған саланың қайсысы болсын қызықтырады. 2010 жылдан бері Қостанайда машина жасау жедел қарқын алып келеді. «Allur» тобына кіретін қос­танайлық «АгромашХолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» зауыттары қазір JAC автомобилін шығаратын қытайлық «СМС» компаниясымен тығыз байланыс орнатқан. Елбасы тапсырмасымен қазір JAC электромобилін экспортқа шығаруға бағыт ұсталды. 

Форумда туризм саласы инвесторлар назарына ұсынылды. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, туризм де экономиканы дамытудың бір тірегіне айналмақ. Ел экономикасы жаһандық бәсекеге қабілетті болуы үшін басымдық берілген саланың бірі де осы туризм бо­латын. Қостанай өңірінде туризмнің ем­деу-сауықтыру, оқиғалық түрлерін жә­не экотуризмді дамытуға қолайлы жағ­дай бар. ЮНЕСКО тізіміне енген атақ­ты Науырзым қорығы түрен тимеген та­за табиғатымен келушілерді тартады. Фо­рум­да сөйлеген Мәдениет және спорт ви­це-ми­нистрі Асқар Баталов Қостанай-Торғай өңірінде республикада оншалықты дами қоймаған аңшылық-олжалық туризм түрін қолға алуды ұсынды. 

– Қостанай облысында Көшпелілер мәдениеті кластеріне кіретін мәдени-танымдық туризмді дамыту үшін жоба жасалуы қажет. Бұл ішкі туризмді дамытуға ық­­пал етеді. Осы жобаға Торғай гео­глиф­терін де қосуға болар еді. Ол үшін ин­вес­­тиция тарта отырып, жыл сайын кең кө­лем­де халықаралық фестиваль өткізсек, оған шетелдік туристер көптеп келер еді. Да­ламыздағы әлемдік деңгейде жұмбақ бо­л­ып отырған бұл археологиялық нысан­дар халықаралық сарапшыларды, ға­лым­дарды, зерт­теушілерді қызықтырып отыр, фес­тив­аль аясында олар да келеді, зерттеу жұмыстары да жүреді, – деді Асқар Болатұлы.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов инвес­тиция тартудағы үлкен шараны қо­ры­тындылап, инвестициялық форумға қа­тысушыларға алғыс айтты. 

– Ұсынылған жобаларға қаржы салатын инвесторларға өңірде барлық қолайлы жә­не қауіпсіз жағдай жасалатын болады. «Kostanay Invest-2017» инвестициялық форумы өңір экономикасын дамытуға, жобаларды табысты жүзеге асыруға серпін берері сөзсіз, – деді Архимед Бегежанұлы. 

Форум аясында облыс әкімдігі мен әлеуетті инвесторлар арасында 200 миллиард теңгеден астам инвестицияны құрайтын 26 меморандумға қол қойылды. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ