Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2017

Жұдырықты жұлдыздармен жүздесті

354 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ерім дейтін ел болмаса, елім дей­тін ер қайдан болсын. Бұл қағи­даны Қазтұтынуодағы Қарағанды эко­но­микалық университеті әрқашан ұран етіп келеді. Жақсымен өткізген жарты­ са­ғаттың өзі жанға шуақ сыйлайтынын ректор Ерқара Аймағамбетов ерекше ескереді. Таяуда білікті басшы университеттің бірінші курс сту­денттерін атақты спортшылармен кездестірді. Студенттер мәдениет сарайында «Тәуелсіз елім­нің туын желбіреткен чемпиондар»­ деген атаумен өткен концертке сол «жұл­дыз­ды» топ қонаққа келді. 

Жұдырықты жұлдыздармен жүздесті

– Биылғы біздің магистранттар қа­та­рында Дидар Қамиев, Қамшыбек Қон­қабаев, Василий Левит және Бақтияр Ар­таев сынды атақты азаматтар бар. Бү­гін олар 1-курс студенттерімен кез­де­суге келді. Біздің университет жыл са­йын­ осындай мерекелік шаралар ұйым­дастырып отырады,  дейді осы оқу ара­сындағы қоғаммен байланыс бойынша бас маман Лейла Ивадилинова.

«Жұлдызды» магистранттардан басқа кездесуге есімдері елге елеулі тұлғалар келді. Олардың кейбірі ҚЭУ-дің түлегі болса, кейбірі әлі де университетте жоғарғы білім алып жатыр. Қонақтар қатарында Олимпиада чемпионы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев, бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов, Әлем Кубогының күміс жүлдегері, Еуропа чем­пионы Серік Нұрқазов, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Серік Елеуов бизнесмен, Ерлан Нығматулин бар. Бірінші курс студенттерімен Азия чемпионатының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері Абы­лайхан Жүсіпов те кездесті. Ол осы ЖОО-ның 4-ші курс студенті.

– Биылғы жылы мен ҚЭУ-нің магис-тратурасына «кедендік іс» мамандығы бойынша түстім. Бұл оқу ордасын бекерден таңдаған жоқпын – мұнда әрдайым спортшыларға қолдау көрсетілетінін білемін. Бірінші курс студенттеріне ірі мақсат пен сәттілік тілеймін – әркім өз мамандығында үздік болсын, – деді бокс-тан Қазақстан құрамасының мүшесі, 2017-ші жылы Германияда өткен бокс бойынша әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қонқабаев.

Естеріңізге сала кетейік, ҚЭУ магистратурасына «кедендік қызмет» маман­дығы бойынша Олимпиада ойындарының иегері Василий Левит түсті. Сонымен қатар, бұл жоғарғы оқу орнында Олим­пиада чемпионы Бақтияр Артаев та оқи­тын болады. Ол «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын таң­даған. Ал атақты айтыс­кер Дидар Қамиев «құқықтану» бойынша білімін жетілдіреді. 

Олардың барлығы мемлекеттік білім грантын алып, тегін оқиды.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы