Қазақстан • 29 Қыркүйек, 2017

Құсайын Игембаев: Бұрын 2 айда қаралатын істер қазір 10 күн ішінде аяқталып жатыр

509 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елбасы «100 нақты қадам» - Ұлт жоспары бағдарламасында заңның үстемдігін қамтамасыз ету үшін бірқатар ұсыныстарын айтқан-ды. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау мақсатында Президент Әкімшілігі қылмыстық процесті модернизациялаудың ауқымды жобасының жүзеге асырылуына бастамашылық танытқан болатын. Маңызы зор бастама өңірлерде қалайша іске асырылып жатыр? Нендей жұмыстар қолға алынды? Осы және өзге сауалдар төңірегінде Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Құсайын Игембаевпен әңгімелескен болатынбыз.

Құсайын Игембаев: Бұрын 2 айда қаралатын істер қазір 10 күн ішінде аяқталып жатыр

- Құсайын Абзалбекұлы, бұл бастаманы өңірдегі жұртшылық қалай қабылдап жатыр? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ.

- Бұл бастама қазір жан-жақты талқыланып жатыр деп сеніммен айтуға болады. Халыққа түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бастаманың жаңалығы неде? Ең алдымен, азаматтардың құқығын қорғау деңгейін арттыру үшін қамау шаралары қолданылмайтын негіздердің тізімін, әсіресе кәсіпкерлік қызмет саласындағы қылмыстар бойынша кеңейту ұсынылатын болады. Бұдан былай күдіктілерді оңды-солды қамай беру тыйылып, бұлтартпау шараларының көлемі азаяды. Бұл неге алып келеді? Біріншіден, түрмедегі адамдардың саны азаяды. Азайса, мемлекеттің де мойнынан жүк түседі. Мәселен, түрмеде отырған бір адамға жылына 800 мың теңгедей мемлекет қаржысы жұмсалады екен. Екіншіден, қылмысқа қатысы бар деп ұсталынған азаматты сотқа жеткізу мерзімі 72-ден 48 сағатқа дейін қысқартылады. Бұл – ұстауды күш-қысым көрсету арқылы дәлелдемелер жинақтау құралы ретінде қолдану қаупін азайту үшін керек. Озық елдер тәжірибесі осындай. Кейбір мемлекеттерде тіпті 24 сағат. Бірақ біздің ұстау мен олардың ұстауының тәртібі бөлек. Бізде Қылмыстық процестік кодекс бойынша адамдарды қылмыс жасау барысында немесе  жасырынуға әрекет еткенде ұстайды. Тағы бір түрі бар. Істі тергеп жүреді, бір шақырады, екі шақырады. Беттестіру жүргізеді. Кейін қажет болса, өздері ұстап, изоляторға қамайды. Бізде тергеушілердің осындай да құқығы бар. Батыс елдерінде қалай? Олар өздері екі-ақ жағдайда; қылмыс жасап жатқан жерде не бұлтартпау шарасын бұзған кезде ұстай алады. Біздегідей үшінші әдіспен ұстау үшін әуелі тергеуші прокурорға, прокурор сотқа айтып, түсіндіру керек. «Осылай да осылай. Шақырып жүрміз. Ұстайық па?» деп рұқсат сұрайды. Ұстаудың өзіне де тек сот қана рұқсат береді. «Барып ұстаңдар немесе ұстауға негіз жоқ», - дейді. Бұл – азаматтардың құқығын қорғаудың шынайы үлгісі. «Мен сені жабамын» деген секілді  қоқан-лоқы, күш-көрсету жоқ. Бұл біздің тәжірибеде сирек болса да бар. Әрине, бұндай жағдай орын алмауы тиіс. Азаматтар заңнан қорықпай,  сыйлауы керек. Бізге деген сенім жоғары болуы қажет. Мәселен, полиция қызметкерлері көшеде біреуді ұстап жатса мұны көрген қарапайым адам: «Бұл – дұрыс. Полиция біледі. Оған сенеміз», - деуі керек. Мұның бәрі осы деңгейге жету жолында жасалып жатқан қадамдар деп білгеніміз ләзім. Үшіншіден, құқық қорғау органдарының нақты тергеліп жатқан іс шеңберінде, күдікті тұлғаның басқа қылмыстарға қатыстылығы туралы дәлелдемелерді жинақтау тәрізді теріс тәжірибесі жойылмақ. Мәселен, бір адамның ісі тергеліп жатыр дейік. Бірақ іс дәлелденбей жатыр. Күдіктіні қамап қойған. Сол кезде «Үйіне барып тінту жасайық. Бір нәрсе табамыз»,- дейді. Содан кейін  «Үйінен оқ табылды» деп мұны дәлелдемелерге тіркейді. Енді олай болмайды. Сен бір іс жүргізіп жатырсың ба, тек сол іспен ғана шұғылданасың. Басқа қылмыс іздегің келсе, оны жеке іс ретінде тіркейтін боласың. Бұл – өте үлкен  және орынды қойылып отырған мәселе. Мұны органдардың өздері де құптап отыр. Төртіншіден, адвокаттардың тергеу барысындағы дәлелдемелерді жинақтау құқықтарын кеңейту және қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу туралы сотқа тікелей талап-тілекпен жүгіну ұсынылады. Бұл - қылмыстық процестері жарыс түрінде өтетін батыс елдердің озық үлгісі (Ұлыбритания, АҚШ). Бесіншіден, айқын және маңызы шамалы қылмыстық істер бойынша, оның ішінде бұйрық өндірісін енгізу арқылы (эстон тәжірибесінің үлгісі), олардың өндірісін қарапайым ету шаралары қабылданады. Яғни, қылмыстық сот өндірісі барынша оңайлатылады. Сонымен қатар жасырын әрекеттермен қоса құқықты шектеу сипатындағы процессуалдық әрекеттердің бәрін санкциялау түрінде соттық бақылау саласын әрі қарай кеңейту ұсынылады. Осындай алты негізгі шара бар. Бәрін қоса алғанда, бұл құқық қорғау құрылымындағы үлкен жаңалық, жақсы нышан деуге болады.

- Еліміз бойынша «Қылмыстық процесті оңтайландыру» атты пилоттық жоба іске қосылғаны белгілі. Бұл жобаның облыста жүзеге асырылуы қалай?

- Ішкі істер департаментімен бірлескен жоба облысымызда 11 маусымнан бастап қолға алынды. Бұл жоба бізде ғана емес, республика бойынша жүзеге асырылуда. Оның негізгі міндеті – қылмыстық процессті модернизациялау шеңберінде істердің қаралу мерзімдерін қысқарту. Құқық қорғау құрылымдары қызметкерлерінің жұмысын барынша түсінікті, ашық ету. Жобаның тиімділігі  -  қазір белгілі санаттағы істер жедел қаралады. Егер іс бойынша нақты күдікті бар болса, ол өз кінәсін дауламаса, жәбірленушіге келтірілген зиянды толық өтеуге дайын болса, жоба аясына осындай орташа және ауырлығы онша емес қылмыстар кіреді. Бұрын осы істер екі айға дейін қаралса, қазіргі кезде он күн  ішінде аяқталады.  Бұл үшін заңдарға қандай да бір өзгерістерді енгізудің қажеті жоқ. Прокуратура мен ІІД өз жұмыстарын оңтайландырып, сындарлы менеджмент құруда. Полицияның әрбір бөлімінде жоба шеңберінде осындай істерді тергеумен айналысатын арнайы топтар  бар. 

Жобаны іске қосу мезетінен бастап, бүгінге дейін сотқа 1244 іс жолданған, оның 728-і (60%) жоба шеңберіндегі режимде қаралған. Яғни, процесс шығыны азайып, тергеудің ашықтығы, шынайылығы және жеделдігі қамтамасыз етілді. Мұның тиімділігі неде десеңіз, біріншіден, мемлекеттің қаржысы үнемделеді, екіншіден, тергеушілер уақыттарын жоғалтпайды.

- Білуімше, қазір әрбір полиция бөлімінде прокурор кабинеті ашылыпты. Осы жөнінде айтып өтсеңіз.

- Мұндай кабинеттер бұрын да бар-тын. Бірақ қазіргідей белсенді жұмыс істемейтін. Прокурор өзінің ғана жұмысын істейтін. «Адамдарды заңсыз жауып қойған жоқсыңдар ма?» деп заң бұзушылықтардың орын алмауын қадағалайтын. Қазір олардың жұмысы, міндеттері өзгерді деуге болады. Бұл бірінші кезекте тергеушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Дұрысында тергеушілер прокуратураға келіп, істерін кеңсеге тапсырып, әртүрлі кабинеттерге кіріп, кезекте тұрмауы керек. Өзінің жұмысымен айналысуы қажет. Қылмыс болды ма, оған істі берді ме, тергеуі тиіс. Қалған мәселелерді кезекші прокурор шешуі керек. Олар істерді сараптап, нұсқау бере алады. Тіпті іске қол қойып, сотқа жібере алатын да құқықтары бар. Расында, бұл полицияның жұмысын едәуір жеңілдетті. Кезекші прокурордың тағы бір міндеті - сол жерде азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдау. Тергеушілерге көңілі толмаса, басқа да жағдайларда өтініштері мен наразылықтарын кезекші прокурорға айтуға мүмкіндіктері бар. Біз кезекші прокурорларға  - «дәлізге шығып, полиция бөліміне келген адамдармен пікірлесіңдер, қандай мәселелермен келіп тұрғанын біліңдер», - деп тапсырамыз. Оларға істі шұғыл әрі сапалы түрде шешуді жүктеп отырмыз. Осыған байланысты, прокуратураға түсетін шағымдар 40 пайызға (2907-ден 1825-ке) азайды. Қосымша тергеуге қайтарылған істердің саны да біршама кеміді. Жақын арада «Құқық қорғау қызметтері орталығын» ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл мәселе облыс әкімімен келісілді. Орталықты ашу ойымыз – сауалы бар адамдар сарсаңға салынбай, босқа әуреге түспей, арызы бір жерде қабылданып, мәселесі шешімін тапса екен дейміз. Мұны Елбасы да үнемі айтып келеді. Мәселесі бар адамдар қайда барамын деп қиналмай, осы орталықта нақты кеңес, нақты көмек алуы тиіс. Прокурор, адвокат, медиатор, полиция - бәрі осы орталықта отырып, халыққа жәрдем көрсететін болады. Мүмкін әкімдіктің де өкілдерін қосармыз. Мұнда арыз-шағыммен келушілерге кейін «Сіздің арызыңызды мынадай адам қарап жатыр» деп хабарлау керек. Күрделі емес, жеңіл-желпі мәселе болса сол жерде шешіп тастау қажет. Бұл қарапайым адамдар үшін пайдалы орталық болады деп ойлаймын.

- Осы саладағы тағы бір жағымды жаңалық, полиция бөлімдерінде жауап алуға  арналған ашық кабинеттер жұмыс істеп жатыр екен.

- Құқық қорғау органдарының қатысында олардың азаматтарға азаптауды қолданатыны туралы шағымдардың түсетіні белгілі. Осындай деректерге жол бермеу және жауап алу процесін барынша ашық ету үшін қала, аудан полиция бөлімдеріндегі 60 кабинет айқын етіп (әйнектен) жасалып, ішіне бейнебақылау камералары орнатылды. Осындай кабинеттер полицияның барлық бөлімдерінде жұмыс істейтін болады. Бұдан да басқа, сыбайластыққа және дәлелдемелерді бұрмалауға жол бермеу үшін полиция қызметкерлері арнайы бейнетіркеуіштермен қамтамасыз етілуде. Дәлірек айтқанда, айғақтарды алу процесі енді  бейнежазбаға жазылатын болады. 

Модернизация шеңберіндегі ең басты жаңалық – электрондық қылмыстық істер. «Е-қылмыстық іс» жобасы Президенттің Жолдауы шеңберінде еліміздегі цифрлеу технологиясын дамыту бойынша жүзеге асырылады. Осы мақсатта Бас прокуратура бюджеттен қосымша шығындарсыз-ақ осы бағдарламаны әзірледі. Жобаның негізі мақсаты - электронды түрде процессуалдық құжаттарды құрастыру және нақты дәлелдемелерді жинақтау. Аталмыш жаңалық қылмыстық істің барлық кезеңін, яғни, қылмысты тіркеуден бастап, оны тергеу  барысы мен  үкімнің орындалуына дейін  қамтиды деп күтілуде.  Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Жақып Асанов атап өткендей, қылмыстық істі цифрлеу - дәлелдемелерді жинақтау рәсімін оңайлатуға, процессуалдық құжаттарды құрастыруға, іс материалдарын жалғандау мүмкіндігін төмендетуге, сондай-ақ, тергеу және сот органдарының материалдық шығындары мен жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

- Аталмыш жоба біздің облыста пилотты жоба ретінде 10 қыркүйектен бастап іске қосылған екен. Бұл жобаның артықшылықтары қандай?

-Біріншіден, қағазбастылықтан құтыламыз. Екіншіден, істерді бұрмалауға, өзгертуге жол берілмейді. Үшіншіден, арыз түссе, прокурорлар істі сұратпай-ақ өздері қарауға мүмкіндік туады. Төртіншіден, істі ешкім жасыра алмайды. Жәбірленуші, айыпталушы, сондай-ақ, адвокат кез келген уақытта онлайн-режимде істің қалай тергеліп жатқанын қарай алады. Электрондық нысанға ауысқан соң істер жедел тергеледі. Бағдарламада процессуалдық құжаттардың 100 жаңа үлгісі енгізілген. Соттың санкциясын да электронды түрде алуға болады. Талдау күшейтіледі. Әрбір іс мұқият қаралып, республика бойынша бірыңғай тәжірибені қалыптастыруға мүмкіндік туындайды. Электронды арыздардың модулі қызмет ете бастайды. Егер тараптар тергеушінің әрекеттеріне шағымданса, прокурор оның әрекеттерін дереу онлайн-режимде тексере алады. Бағдарлама қылмыстық істер материалдарына бөгде тұлғалардың, сондай-ақ, жүйе әкімшілерінің рұқсатсыз енуінен және араласуынан қорғайды. Материалдарға тек істі жүргізетін тергеуші мен прокурордың енуіне рұқсаты болады.

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Азамат Қасым,

«Егемен Қазақстан»                                                

ӨСКЕМЕН