Театр • 02 Қазан, 2017

Семейде тұңғыш рет «Жарқанат» опереттасы сахналанды

907 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

29-30-қыркүйек күндері Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрында музыка классигі Иоганн Штраустың «Жарқанат» спектаклі сахналанды. Бұл – Семей театрының сахнасында оперетта жанрында қойылған тұңғыш туынды .

Иоганн Штраустың «Жарқанат» атты опереттасы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязовтың режиссерлігімен сахналанды. Салмағы да ауыр, деңгейі де жоғары классикалық шығарманы сахнаға шығару оңай болған жоқ. Астанадан арнайы келген режиссер бір жарым ай әртістермен қауырт жұмыс жасады. Десе де, Атам театрының әртістерінің шеберлік қуаты классикалық туындыны алып шықты. 

Шығарма негізі Генрих Айзенштейннің сотта жеңілуінен басталады. Түрме директоры Франк Альфредты Айзенштейннің орнына қамап, оқиға желісін шиеліністіре түседі. Кезекті оқиға барысы Орловский князьдің үйінде болатын балмаскарадта жалғасады. Жарқанат киімінде Розалинда екенін білмеген Айзенштейн оған ғашықтық сезімін білдіреді. Өз әйеліне өзі ғашық болған Айзенштейіннің әлегімен оқиға шарықтай түседі. Қызықты әрі тартысты қойылым соңы бір-бірінің қателігін түсініп, махаббаттары қайта жаңғырады. Махаббат деген ұлы сезімнің мәңгі болуы, бір-біріне деген адалдық, шынайылықтың нәтижесінде екендігін автор өз шығармасында сөз етеді. Көрерменді күлдіре отырып ой салады.

Махаббат – адам жанының асыл қасиеті, ынтық, риясыз, нәзік сезімі. Сол көркем құбылысты әлемге танымал «Жарқанат» атты туындыдан байқай аламыз. Режиссер автордың айтпақ негізгі идеясын алға тартып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.  

Спектакльге театрдың толық актерлық құрам қатысты. Музыкалық спектакль болғандықтан, театрдың камералық оркестрінің еңбегі ерекше екенін айта кеткен жөн. Дирижер Данияр Сейілхадировтың табандылығы, еңбегі ұшан-теңіз екенін спектакль барысында-ақ айқын көрінді. Басты рөльдерді сомдаған Бекзат Омашев(Генрих Айзенштейн ), Әсел Асылбекова (Розалинда) , Азамат Нұрғамыс (Фальк ) , Жәнібек Авленов (Альфред), Ақерке Ризабекова (Адель ), Думан Бакимбаев (Блид ), Мырзахан Сыдықовтардың (Орловский) тамылжыта салған әндері мен әртістік таланттары спектьакльдің жанын кіргізіп, шығарманың шырайын ашты.

Мерей Қартов,

Абай атындағы мемлекеттік  қазақ музыкалық драма театры

Әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

Семей