Аймақтар • 03 Қазан, 2017

Салиқалы ойларын ортаға салды

496 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде латын әліпбиіне оралуға дайын­дық жүріп жатыр. Бұл мәселеде аталарымыз айтқандай, «жеті рет өлшеп, бір рет кес» ұста­нымы бағытқа алынған. 

Салиқалы ойларын ортаға салды

«Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы өңірдегі тіл мамандары мен этномәдени орталықтар өкілдерінің басын қосып, «Мемлекеттік тілді латын қар­­піне кө­шірудің артықшылықтары мен тиімділігі» деген тақырыпта дөңгелек үстел мәжілісін өткізді. Латын қарпі қазір ешкім үшін де таңсық, тосын жа­ңалық емес. Өйткені ағылшын, неміс, француз тілдері жаппай білім беретін мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында өтеді, бү­гін интернет арқылы да көріп-біліп отырмыз. Деген­мен, әр уақыттың өз жауапкершілігі бар. Біздің халқымыз тарихында қолданыста болған латын әліпбиіне оралғанда оның қолайлылығын, тіліміздің әуезділігіне, ішкі иіріміне, сапасына кері әсер етпеу жағын ғалымдар мен тіл мамандары жан-жақты ойластырып жатыр.

Дөңгелек үстел басындағы мәжілісте об­­лыс­­тық тілдерді дамыту басқармасының бөлім бас­шысы Кенжеғали Бимағанбетов латын қарпіне қайта оралу уақыт талабы екенін тіл­ге тиек етті. Мұнан кейін А.Байтұрсынов атын­дағы Қостанай мемлекеттік университеті прак­тикалық лингвистика кафедрасының мең­герушісі, филология ғылымдарының кандидаты Гүлжанат Жүрсінәлина қазақ тілінің жазу тарихына шолу жасай отырып, қазір ғалымдар мен тіл мамандары арасында талданып, әзірленіп жатқан латын әліпбиіне байланысты өзінің пікірін білдірді. Ғалым жас ұрпақтың тілді меңгеруіне латын әліпбиі ешқандай қиын­дық, кедергі келтірмейтінін ашып айтты. Сонымен қатар «Тілдарын» облыстық тіл­дерді оқыту орталығының оқытушысы Ай­нұр Нұрбекова өзі тіл үйретіп жүрген өзге ұлт өкілдерінің жаңадан ұсынылған латын әліп­биіне айтқан пікірлерінен қызықты мысалдар келтірді. «Дуслық» татар-башқұрт этно-мә­дени орталығының төрағасы, «Тілдарын» облыстық тілдерді үйрету орталығының татар тілі бойынша оқытушысы Ринад Бектеміров, түрік тілінің оқытушысы Зүлфия Шимишилова түркітілдес қазақ пен татар, түрік тілдерінің фонетикасындағы және жалпы тарихындағы ұқсас, тағдырлас сәттерді әңгімеледі.

– «Тілдарын» тілдерді үйрету орталығына мем­лекеттік тілді үйрену үшін келетін өзге ұлт өкілдерінің барлығы да жаңа ұсынылып жатқан латын әліпбиі туралы сұрайды, оны қадағалап отыратындарын білеміз. Олардың пікірінше, латын әліпбиі қазақ тілін үйренуге ешқандай қиындық келтірмейді, өйткені қаріптерге жұрттың барлығының да көзі қанық. Латын қарпі мемлекеттік тілдің адымын алға бастырмаса, кері кетірмейді, – деді отырысты қорытындылаған «Тілдарын» тілдерді үйрету орталығы басшысының мін­де­тін атқарушы Гүлнар Талапова.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ