Аймақтар • 03 Қазан, 2017

Бас ауырып, балтыр сыздаса...

1042 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өмір болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Мұн­дайда кім-кімнің де ең алдымен баратын әрі бас сұғатын жері – дәріханалар. Айтайын дегеніміз, онсыз да солқылдап тұрған бас мұндағы бағаның аспандап тұрғанын көргенде одан сайын сырқырап қоя бергендей болады. Дегенмен жан мен тәннен қымбат не бар? Қарапайым тұрғындар мен көп балалы отбасы иелерінің қалтасын қағып алатын дәріханаларға амал жоқ. 

 

Бас ауырып, балтыр сыздаса...

Қазір бірқатар өңірлерде дәрі-дәрмек бағасы нақты құнынан әл­деқайда жоғары. Соның бірі Ақтөбе. Осы кереғарлықты қалай рет­теуге болады? Әдетте өнім өнді­ру­шіден тұтынушыға дейін деп жатамыз. Бұл екі аралықтың өзі тұтас бір институт десе болғандай. Сарапшы мамандар осы екі ара­лық­та кеткен шығынның есебін шыға­рып жүргені белгілі. Осы көлем тұты­ну­шы сатып алатын өнімнің әділ бағасы болып шықпай ма? Яғни дәрі­лік заттарды өндірушіден с­атып алушыға дейінгі қадағалау жүйе­сін енгізуге болатыны талас туғызбайды.

Ойды ой қозғайды. Елімізде бұған дейін халыққа тегін медици­налық көмек көрсетудің кепілді көлемі белгіленген. Арнайы заңдар­мен және нормативтік талаптармен бекітілген бұл құжат тәжірибеге берік орныққаны әрі өзін өзі ақтап келе жатқаны аян. Дәл осындай кепілді көлемді тұтынушылар жиі тұтына­тын дәрі-дәрмектер баға­сына қатысты да белгілегеннің артық­­шылығы жоқ секілді. Дәрі-дәр­ме­ктер бағасын мемлекеттік тұр­ғы­дан реттеу қажеттілігін туын­дататын мұндай бастама жоқ емес бар. Оң бастаманы жан-жақ­ты қолдау ғана жағдайды тұтыну­шы­лар пайдасына шешуді оңтай­лан­­дыра түспек. Осы орайда дәрі мен дәрілік заттардың бірінші кезек­те қара­пайым тұрғындар үшін қол­жетім­ді болуын ұдайы назарда ұстаған жөн секілді.

Еліміздің бірқатар аймақ­тарын­да дәрі-дәрмек бағасының негіз­сіз өсуінің басты себеп­тері­нің бірі импорттық үлестің басым­дығы. Бұл әсіресе, шекаралас өңір­лерде жиі бой көрсетіп келеді. Бұл бағытта Ресей мен Қазақ­стан­ның шекаралық тұсында орна­ласқан Орынбор мен Ақтөбе облыс­тары дәріха­на­ларын­дағы баға айыр­машы­лығына са­раптау мен салыстыру жасап көру­ге болады. Айталық, өткен сәуір айы­­ның аяғында Орынборда өткен Ақ­төбе облысының күндері кезінде ақтөбеліктер көршілеріндегі дәрі бағасы өздерінікімен салыс­тыр­ғанда біршама арзан екеніне көз жеткізіп қайтты. Бүгінгі күні қант диабетін ем­деуге қолда­нылатын дәрілер тұ­ты­н­у­шылар тарапынан үлкен сұ­ра­ныс туғызады. Оның бағасы Орын­борда 8500 теңге тұрса, Ақ­төбеде – 17 мың теңге. Өзге дәрі түр­лерінің бағалары да салыстырмалы түрде осындай. Ақтөбеде дәрілік зат­тардың баға айырмашылығы отыз­дан елу пайызға дейін жетуі мүмкін деген болжамдар жасалып отыр. Мұның түрлі себебі бар. Ең бас­­тысы, көршілердегі дәрі өнді­рі­­сі­­нің біршама жетілдірілгені және өн­ді­руші мен сатып алушы ара­сын­­дағы делдалдарға тосқауыл қойылғаны.

Осы орайда тағы бір өзекті жайт­­­ты атап өтсек. Бұл жергі­лікті атқарушы билік өкілдері­нің сол аумақтағы дәріхана басшы­лары­­на қандай да бір ықпал ету теті­гінің жоқтығынан туындайды. Осы­ған қарамастан соңғы кезде өңір­де дәрі-дәрмек бағаларын рет­теу жөнінде бірқатар іс-шаралар белгіленді. Соның ең бастысы Ақ­төбе облыстық әкімдігі мен өңір­дегі фармацевтикалық қызмет­ті қолдау қауымдастығы, соны­мен бірге медициналық және фарма­цев­тикалық қызметті бақылау департаменті арасында жасалған үшжақты меморандум. Бұл – дәрі бағасын қалыпты түрде ұстау мақсатын көздеген іргелі қадам. Келісім негізінде 106 дәрілік зат пен медициналық мақсаттағы бұ­йымдарға бағаның өсуіне жол бермеу мақсаты тұр. Оның 52 па­йы­зы елімізде өндірілсе, 14 пайы­зы шетелдік өндірісшілердің үлесіне тиеді. Ал Кеден одағы аума­ғында шығарылған дәрілердің мөлшері 34 пайызды құрайды. Үш жақты меморандумда көрсетілген баға­ның өспеуін бақылауға қала мен облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері қатысады. Осы орайда арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар меморандум шегіндегі 172 дәрі­ха­наға рейд жүргізіп, оның нә­ти­жесін облыстық мәлихатқа ұсы­на­тыны да ықпал ету тетігі­нің іске қосыла бастағанын көр­сетеді. Осы іс-шаралардың қорытын­ды­сына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Ақтөбе облысы бойынша депар­та­менті тиісті сараптама жүргізеді.

Дәрілік заттар бағасына дәріха­на­лардың ақпараты бойынша айы­на екі рет мониторинг жүргізу тәр­тібі енгізілген. Бұл жөнінде атал­ған департаменттің директоры Ринат Құбатаев айтты. Оның мәлім­деуінше, қазір дәріханаларда дәрі мен дәрілік заттардың жеткілікті болуы 90-96 пайызды құрайды. Бәрі­нің бағалары меморандумда көр­сетілген мөлшерден жоғары емес. Міне, Ақтөбе аймағында дәрі-дәрмектің бағасын қалыпты ұс­тау­­ға қатысты қолға алынған іс-шара­лардың бірі осындай.

Дегенмен, дәрі бағасына қатыс­ты бұған дейін орын алған түйт­кіл­­дер түгелдей тарқатылды деп ай­ту әлі ертерек секілді. Айта­лық, дәрі-дәрмектерге баға белгі­леу кезінде маңызды рөл атқа­ра­тын тағы бір мәселе бар. Бұл «Дәрі­лік зат­тарға сараптама жүргізу ұлт­тық ор­та­лығы» РМК осы істі күрделен­ді­ріп, қымбаттатып келгенінен туын­дайды. Қолда бар деректерге қара­ған­да, өткен жылы өңірде «Ан­ти­грип­пинге» сараптама жүр­гізу 6 мың теңге тұрса, биыл­ғы көктемде оның бағасы 70 мың теңгеге дейін ас­пан­дап кеткен. Қысқасы, қызмет құны таба­ны күрек­тей он бес есеге ар­тып­ты. «Аспирин» жөнінде де дәл осын­дай биік шарықтау тіркелген. Мұ­ның себебі неде? Бұл сауалдың жауа­бы әзірге жұмбақ күйінде қалып отыр. Тағы бір гәп төмендегіше. Дәрі өнімдерін өндірушілер мен оны са­тып алушыға дейінгі арада өнім қан­ша делдалдан өтті екен? Оны анықтау мүмкін бе? Осы мә­се­ле анық­талған жағдайда дәріні қол­­дан қым­баттату көріністеріне қар­­сы тиім­ді шаралар белгілеуге жол ашылмақ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай тү­­йі­­­ніне келсек, қазіргі кезде тұр­­ғын­­­­дар­ды дәрі-дәрмекпен қамту ісі та­­быс­­тың көзі екеніне көз жет­кізе тү­­се­­міз. Бірақ ел тұрғын­дары­­ның ден­сау­­лығын түзеуге тіке­лей қатыс­ты бол­ған­дықтан, оның әлеуметтік жауап­кер­шілігі де жоғары болуы тиіс. Ен­деше елі­міз­дегі дәрі-дәрмек биз­несі­нің мей­­лінше байыпты, ашық, адал әрі заңды өркендегенін қалар едік.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы