Аймақтар • 03 Қазан, 2017

Туған жері тұлғаларына құрмет көрсетті

649 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жүрек түкпірінде жасырынған мұң мен көңіл төрінде сақталған сырды өзгеше өрнектеп, өмірдің нақ өзіндей шынайы бейнелеу қаламгер қауымның еншісіне бұйырған дүние. Сөз құдыретін сүйегіне сіңіріп, қанына дарытқан жазушы нені болса да ұлттық тұрғыда байыптап, сөз сарасын, ой байлығын оқырманның алдына тартады. Адам, заман, қоғам дейтін күрделі құбылыстарды қаламгерлік тағдыр арқылы зерделеп, жазушылық көзқарас арқылы шығарма шырайын ашады. Өмір мен өлім арпалысы, ақ пен қараның айқасы сияқты бір-біріне кереғар ұғымдарды көркемдік көкжиегі арқылы келістіріп, көркемдеп кестелеу де шын жазушыға ғана тән. 

 

Туған жері тұлғаларына құрмет көрсетті

Талайына тағдыр жазған жазушы­лық­тың азабы мен шерін қатар өріп, өзін ортадан оқшаулау арқылы ақиқаттың ауыр жүгін арқалаған қаламгер Несіпбек Дәу­тайұлы оқырманға «Құдырет пен қа­сірет» романы және «Көгілдір көйлекті ке­ліншек», «Ақкүшік», «Батыр», «Құмға қашқан құйын» атты повесть-әңгімелері арқылы танымал. Нені жазса да ақиқаттан аспай, шындықтан шығандамай жазатын қаламгер образ даралауда, шығарма тү­зуде бүгінгі қазақ прозасын жаңа дең­­гейге көтерді. Адамның болмысы, тағ­дырдың қиян-кескі шайқасы іспетті дү­ниелер шы­ғар­маларынан көрініс тапты.

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әде­­би сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәу­­­тайұлының жетпіс жасқа толған ме­рей­тойы Әулиеата жерінде дүркіреп өт­­ті. Бұл күні облыстық қазақ драма­ теа­трына халық көптеп жиналып, қа­лам­герге лайықты деңгейде құрмет көр­сетті. Жазушы мерейтойына Жамбыл жұрт­шылығымен қатар, Алматы қала­сынан және Атырау облысынан да ар­найы де­ле­гация келіп қатысты. Сал­танатты кешті жазушы-драматург, Ш.Айтматов атындағы ха­лық­аралық сый­лықтың лау-реаты Рахымжан Отарбаев жүргізіп, Несіпбек Дәутайұлының шығар­машылық жолын кеңінен зерделеді.

Әуелі сахнаға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков шығып, жазушының шығар­машылығына тоқталды. Сонымен қатар, мерейлі кеште Қазақстан Рес­пуб­ликасының Премьер-Министрі Ба­қыт­жан Сағынтаев, Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік хатшысы­ Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Рес­публикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мә­жілісінің депутаты Серік Үмбетов сын­ды азаматтардың құттықтау хаттары­ оқылды. Ал белгілі жазушы Марал Сқақ­­баев Несіпбек Дәутайұлы туралы­ те­бі­рене сөйлесе, мерейтой ие­сіне Қа­зақ­стан Жазушылар одағының тө­рағасы Нұр­лан Оразалиннің құттықтау ха­тын «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан табыс­ етті. Сон­дай-ақ Мархабат Байғұт, Ме­реке Құл­кенов, Есенғали Раушанов сынды ақын-жазушылар Несіпбек Дәу­тай­ұлының дара қолтаңбасын атап көрсетсе, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек қаламгер шығармашылығы жөнінде баян­дама жасады.

Жазушы мерейтойына арнайы келген жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» га­зетінің Басқарма төрағасы Дархан Қы­дырәлі Несіпбек Дәутайұлының шы­ғар­машылығы мен кісілік келбеті жөнінде сөз сөйлеп, оның Бауыржан Мо­мышұлы, Шерхан Мұртаза сияқты алып­тардан басталған құтты керуеннің жал­ғасы іспетті екендігін атап өтті. «Ол оқырман қауымды өрнегі өзгеше жаңа стильдегі көркемдік-дүниетанымдық ізденістерімен, Қаратау шертпелеріндей бейнелі дәстүрлі эпи­калық баяндауларымен, ұлттық бедерлі танымымен өзіне баурап, қаймана хал­қымыздың әлеуметтік-қоғамдық күрделі өмірін адамзатқа тән ақиқатпен шебер жым­дас­тыра жеткізетін жазушы. Не­с­­- а­ғаңның про­засындағы кейіпкерлер әле­мі өмір­дің буырқанып қайнаған өз ішінен, өзе­гінен ойып алынғандықтан шыншыл да сыршыл келеді. Оларды автор ойдан­ шығармайды, қиялдан туғызбайды, мұ­ны сауатты оқырман да бірден айырады. Сондықтан Несағаң шытырман өмірден шындықты іздеген қаламгер», деді Дархан Қыдырәлі. Сондай-ақ ел газетінің атынан иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Жалпы мерейлі кеште Несіпбек Дәу­тайұлының шығармашылық тағдыры әңгіме өзегіне айналды. Алматыдан ар­найы келген Жұмабай Шаштайұлы, Аман­хан Әлім, Бекен Ыбырайымұлы, Те­мірғали Көпбаев та қаламдастары туралы лебіздерін білдірді. Ал «Тараз» триосы Кенен Әзірбаевтың әндерін шырқап кеш көрігін қыздырса, Анна Вундер, Мәдина Сағынбекова сияқты өнерпаздар көрермен көзайымына айналды.

* * *

Дәл осы күні Шу ауданында атақ­ты­ күйші-композитор Әбдімомын Жел­ді­баевтың сексен жасқа толған мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. Өмірі өне­рімен өріліп, алты Алаштың қадір тұ­тар тұлғасына айналған дарын иесінің ке­шіне Жамбыл облысының әкімі Кәрім Кө­кірекбаев арнайы қатысып, ақ тілегін жеткізді. Күйшінің шығармашылық жолына тоқталып, өнер иесінің жастар үшін әрдайым үлгі екенін айтып өтті. Сондай-ақ  Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында облыс басшысы мерейтой иесіне үй салып беруге уәде берді.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы