Үкімет • 03 Қазан, 2017

Электронды журналдарды енгізген мектептерде қағаз түріндегісін қолдануға тыйым салынады ­- БҒМ

392 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін  Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанда электронды білім беруді дамыту мәселелері қаралды. 

Электронды журналдарды енгізген мектептерде қағаз түріндегісін қолдануға тыйым салынады ­- БҒМ

Мәселеге орай баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бүгінгі таңда тұжырымдамалық түрде білім беру жүйесі негізгі үш бағыт бойынша жүргізіліп жатқанын атап өтті. Олар: білім беру үдерісін цифрландыру, цифрлық білім беру контенті, білім беруді басқаруды цифрландыру.

Орта білім берудегі оқу үдерісін автоматтандыру үшін электронды журналдар жүйесі пайдаланылуда. Электронды журналдарды енгізген мектептерде қағаз түріндегісін қолдануға тыйым салынады. Әзірлеушілердің пікірінше, бұл қосарланушылықты тоқтатады және есептілікті айтарлықтай қысқартады.

Жоғары білім беруде «Жоғары білімді басқарудың бірыңғай жүйесі» жұмыс жасайды, ол ақпараттық жүйелерді ықпалдастырудың  көмегімен толығады, осылайша әрбір оқушының мәртебесі бойынша өзекті мәліметтерді әрдайым көруге мүмкіндік береді. Ғылым саласында барлық ғылыми гранттарға өтінім беру, есептер қабылдау, мақалаларды есепке алу, электронды мекен-жайлар базасы цифрландырылды.  

Екінші бағыт – цифрлық білім беру контенті бойынша мектептер үшін үш тілде 80 мың бейнефильм мен интерактивті сабақтар енгізілді, олар мұғалімге сабақты әлдеқайда жоғары деңгейде жүргізуге көмектеседі. Биыл 7 082 мектеп аталған цифрлық ресурстарға қолжетімді болды.  

Аталған цифрлы ресурстар онлайн және оффлайн режимдерде қолжетімді, яғни мұғалім – пәнді жүргізуші дайын бейнематериалды алып, оны сабақ барысында оқу материалын түсіндіру немесе бекіту үшін пайдаланады. Мұғалімге енді сабақтарға қосымша материал іздеудің қажеті жоқ.

Үшінші бағыт – білім беруді басқаруды цифрландыру – басқарудың бірыңғай жүйесін құруды қарастырады, оған барлық білім берудің мәліметтер базалары негізінде Big Data құру енгізіледі.

«Осыған байланысты 2017 жылдың соңына дейін министрлік ведомствоішілік білім берудің мәліметтер базаларын ықпалдастыруды жоспарлайды, ал 2018 жылы біздің мәліметтерді мемлекеттік органдардың мәліметтер базаларымен ықпалдастыру жоспарланған»,  деді Е. Сағадиев.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»