Қазақстан • 06 Қазан, 2017

Сыр бойындағы сындарлы істер

736 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше түс әлетінде еліміздің нөмірі бірінші әуе кемесі Байқоңыр қаласына қонды. Ақтөбе облысының тыныс-тіршілігімен танысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысының Қызылорда облысына сапары Жұлдызды қалашықтың бүгінгі жай-күйімен танысудан басталды. Адамзатты ғарышқа тікелей аттандырып отырған Байқоңырда соңғы жылдары көптеген жұмыстар атқарылуда. 

Сыр бойындағы сындарлы істер

Мемлекет басшысы жұмыс сапары кезінде Қазақстан мен Ресей арасында қабылданған «Байқоңыр» кешеніндегі одан әрі ынтымақтастық тұжырымдамасының іске асырылу барысымен, сондай-ақ «Бәйтерек» бірлескен жобасына қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

– Ресеймен жасалған уағдаластықтар аясында кешенді дамытудың стратегия­лық­ бағыттары айқындалды. Арнайы құрылған үкіметаралық комиссия мен үкіметтеріміз тиісті жұмысты үйлес­тіру­де. Нақты шаралар қабылданып жатыр, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. 

Осы орайда Қазақстан Президенті өңірдің экологиялық қауіпсіздігін артты­ру­дың маңыздылығын атап өтті. Бұдан бө­лек, Мемлекет басшысына Байқоңыр қаласын дамыту перспективалары мен тұр­ғындардың әл-ауқатын арттыруға бағыт­талған іс-шаралар жөнінде баяндалды.

– Қаланың болашағы зор. Қажетті ин­фрақұрылым дамып келеді. Қала газ­бен қамтамасыз етіліп, тұрғын-үй ке­шендері мен әлеуметтік нысандар салынатын болады. Сондай-ақ жергілікті ха­лық­ты жұмыспен қамту үшін бірлескен кә­сіпорындар құру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Мұнан кейін Елбасы түбі бір түркі жұрт­ына ортақ тұлға, әйгілі ойшыл, ұлы­ қо­бызшы Қорқыт атаға арналған сәу­лет ке­шенін аралап көрді. Мемлекет бас­шысы­на мемориалды кешенде жүргізіл­ген жөндеу жұмыстарының нәтиже­сі жөнінде баяндалды. Түркі әлемі­нің рухани тәлімгері Қорқыт ата­ның құрметіне арналған бұл кешен 1980-жылдары салынған болатын. Ал 2014 жылы Елбасының тапсырмасы бойынша қайта жаңғыртылып, оған қосымша тәу ету орталығы ашылды. Кешен халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодә­лізі­нің бойында орналасқан. Бұл әсі­ре­се ЭКСПО-2017 кезінде туристер ағымы­ның артуына ықпал жасады. Жыл басынан бері Қорқыт ата кешеніне 10 мың­нан астам шетелдік турист келді. Мұн­да салтанатты іс-шаралар өткізетін алаң жасалып, орталық аллеяда жаяу жүр­гіншілерге арналған қосымша жол салынған, сондай-ақ монумент маңы абаттандырылған. 

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әкімшілік ғимаратты және «Қасиетті арқар» атты мүсінді көрді. Бұдан бөлек, Елбасы кешендегі музейде Қорқыт атаның өмірі мен мұрасына арналған сирек экспонаттармен танысты. 

Елбасының Сыр өңіріне сапары одан әрі Қызылорда қаласында жалғасты. Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда қала­сы­­ның бас жоспарымен және оны то­лық жоспарлау жобасымен танысты. Қа­зақстан Президентіне сол жағалау­да­ғы құрылыс алаңы 1532 гектар жерді құ­райтыны, соның ішінде аумағы 500 гектар жерге бірінші кезекте құрылыс жүр­гізілетіні жөнінде баяндалды. Сон­дай-ақ Мемлекет басшысы сол жаға­лау­дағы құрылыстың эскиздері мен инвестициялық жер телімдерінің сызбасын көрді.

Сырдарияның екі бетін байланыстыратын жаңа көпірге келген Елбасы онда құрылысшылармен жүздесті. Кездесу барысында «Урбостиль» ЖШС-нің директоры Любовь Нысанбаева Мемлекет басшысын жаңа қаланың сызбалық нұс­қасымен таныстырды. Облыс әкімі Қы­рымбек Көшербаев Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтеретін қала жайлы айтып, жүргізіліп жатқан құрылыстың маңызына тоқталды. Сонымен қатар бұл жерге салынатын ғимараттардың макеті арқылы жаңа қаланың болашақ келбеті көрсетілді. Қырымбек Елеуұлы қаланың бас жоспарына сәйкес сол жағалауда жаңа қала салынатынын, оның елордаға қарап бой түзеп келе жатқанын жеткізді. 

Негізінен сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады. Атап айтқанда, тұр­ғын­дарға арналған 11 аудан, 1 индус­триялық аймақ және 3 ірі парк пен буль­вар қарастырылып отыр. Биылдың өзінде 5 қабатты 18 тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның іргетасы қалан­ды. Ең бастысы, бұл нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынады. Бүгінде бұрынғы Қазақ Орта­лық Атқару комитеті ғимаратының нұс­қасы бойынша облыстық музейдің құры­лысы да басталды. Оның ішінде «Рухани жаңғыру» орталығы да орналасады. 

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қы­зыл­­ор­дадағы басқа да құрылыс жұ­мыс­­­­тарына тоқталды. Мемлекет және қо­ғам қайраткері Бақберген Досман­бе­тов сол жағалаудан «Болашақ» универ­си­те­ті­нің қалашығы салынатынын айтты. 

Президент Қызылорданың Аста­надан үлгі алып жаңа қаланың құры­лы­сын бастағанына ризашылығын білді­ріп, сол жұмысты іске асырып жатқан құрылысшыларға алғысын жеткізді. 

Бұдан соң Мемлекет басшысы Қа­зақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы арқылы салынып жатқан зауыттың құрылысын көрді. Сондай-ақ Елбасы облыста іске асырылған инновациялық жобалар көрмесіне барды. Нұрсұлтан Назарбаев зауыт жұмысшыларымен, жергілікті тауар өндірушілермен және өңірде жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялардың өкілдерімен кездесті.

– Елімізде инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдай жасалды. Бұл жұмыс­ты жалғастыратын боламыз, – деді Қазақстан Президенті. 
Аталған зауыттың өндірістік қуаты жы­лына 197 мың тонна жалпақ шы­ны өндіруге жетеді. Бұл өнім ішкі на­рық­қа, сондай-ақ, Ресей, Өзбекстан және Түр­кияға жеткізілетін болады. Зауыт 2018 жылы іске қосылады деп жос­пар­ланған. 

– Қызылордада бұрын-соңды мұндай жоба болған емес. Шыны шығару – ин­дустрияның алдыңғы қатарлы өнді­рісі. Зауыт іске қосылған жағдайда бұл жер­де бір ғана облыстың емес, бүкіл Қа­зақ­станның сұранысына жауап беретін өнім өндіріледі, – деді Мемлекет басшысы.

«Orda Glass LTD» ЖШС-нің құрылыс жөніндегі директоры Бегалы Тоқаевтың айтуынша, қазіргі кезде зауытта АҚШ, Финляндия, Қытайдан қажетті жаб­дықтың 96 пайызы жеткізілді. Мамандар металл құрылғыларын құрастырып жатыр. Отандық мамандар қытайлық әріптестерімен бірге күн батареялары, смартфондар мен планшеттерге арнап өте нәзік шыны шығаратын зауыттың екінші кезеңін жалғастырмақ.

Құрылыс басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті бизнес қауымдастығының, ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен пікір алмасты. «Таң LTD» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев күріш өсіру ісіндегі жаңа­лық­тармен бөлісті. Кездесуде өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлерді қолдау шараларына тоқталды. «Нәти­желі жұмыспен қамту және жаппай кә­сіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша облыста бүгінде қанатқақты режімде Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңа­қорған аудандарының тұрғындары оқы­тылуда. 

Қазіргі күні Қызылордада кәсіп­керлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлер орта­лықтан әртүрлі бағыттар бойынша кон­салтингтік және ақпараттық қызметтер ала алады. Ал ісін енді ғана бастаған кә­сіп­керлер бизнестің негізін оқып-үйре­неді. Сонымен қатар мұнда менеджмент тех­нологиялары, бухгалтерлік есеп жүр­гізу, қаржы және салықтық есептілік, кедендік рәсімдер туралы кеңестер алуға мүмкіндік бар.

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапары барысында «Арай» спорттық-сауықтыру кешенін аралап көрді. Кешенде аквапарк, SPA орталығы, балаларға арналған ойын павильоны, коттедж қалашығы, аттракциондарды қамтитын ашық бассейндер, фитнес орталығы, сондай-ақ 500 адамға арналған балалар орталығы бар.

Елбасы осы кешенде облыс жастарымен және балалармен кездесіп, бейресми әңгіме өткізді. Кездесуге бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, ауыр атлетикадан Азия ойындарының чемпионы Әсем Садықова, каратэ-додан әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай, тағы басқа спортшылар жиналды. Сонымен бірге  «Нұрсұлтан» есімін иеленген үздік оқушылар да Елбасымен жүздесуге облыс аудандарынан арнайы келді.

Аралдық Нұрсұлтан Жақсыкелдиев 2-сыныпта оқиды. Ол Мемлекет басшысына:
– Мен болашақта ұшқыш болғым келеді. Сосын ұшаққа әжемді, бірге оқи­тын достарымды отырғызып, Астананы ара­латсам деп армандаймын, – деп бала­лық тілегін айтты. Тәуелсіз елдің азат ойлы өренінің асқақ арманын тыңдаған Елбасы кішкентай аттасының басынан сипап, ата-анасымен бірге Астанаға қыдырып қайтуға шақырды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алдағы уақытта Нұрсұлтан мен оның жақындарының еліміздің бас қаласына барып-келуіне жағдай жасалатынын жеткізді. 

Елбасымен кездесуге Мәскеуден К.Тимирязев атындағы Ресей мемле­кет­тік аграрлық университетінің 3-курс студенті Наргиз Кашапова да келді. Талапты жас болашақта жерге орналас­тыру және кадастр маманы болмақ. Ол 12 жасынан бастап балалар үйінде тәрбиеленген. Қызылордада 2015 жылы балалар үйі жабылып, «Атамекен» балалар ауылына айналғанда ол 11-сыныпты аяқтап қалған еді. Сол жылы Қызылордаға келіп емтихан қабылдаған Ресей университеттерінің сынағына қатысып, бағын сынап көрді. Барлық емтиханнан жақсы нәтиже көрсетіп, Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазандағы жоғары оқу орындарының грантына ие болды. Әйткенмен талапкердің өз таңдауы Мәскеуге түсіпті. 

– Менің Мәскеуден келгеніме бірнеше күн ғана болды. Ондағы өзім құр­алыптас жастардың Сізге деген сәлемін ала кел­дім. Мәскеудегі дос-құрбыларым Сіздің жас ұрпаққа артқан сеніміңізді ақтап, елі­міздің өсіп-өркендеуіне үлес қосуға дайын, – деді Н.Кашапова. Елбасы Тәуелсіз елдің болашағы – жастардың, жас мамандардың талабына, армандары­на жету жолындағы ынта-жігерлеріне риза­шылығын білдірді. 

Соңғы 4 жылда қызылордалық түлек­тер өнер мен мәдениет, білім мен ғы­­лымның орталығы – Мәскеу мен Санкт-Петербургте Ресей үкіметінің гран­­ты негізінде оқи бастады. Бүгінде аймақ экономикасының сұранысына сай мамандықтар бойынша Ресейдің Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу уни­верситетінде, Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінде, Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технология және дизайн университетінде 500-ден астам студент оқып жатыр. Бұл түлектер аймақтың ІТ, тау-кен, металлургия, мұнай, күрделі қосылымдар, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, тағы басқа салаларда еңбек етеді. Алдағы уақытта М.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік универ­ситетінің физика-математика маман­дығына 20 грант бөлінбек. Оған қоса, ресейлік университеттерді бітіретін сыр­бойылық студенттердің ең үздіктеріне Сколково ғылым және технология инс­титутының магистратурасына 20 грант тағайындалды. 

Жоғары оқу орнын бітіргеннен ке­йін кәсіби мамандық алған жастарды жұ­мысқа орналастыру ісі қазірден бастап жүйеленуде. Оларға өндірісте, мем­ле­кеттік органдарда жұмыс істеуге жол ашып, өз бизнесін өркендетуге ниетті жас­­тар­дың талабына қолдау көрсеті­летін болады.

Елбасы Аралдың Қосжар ауылынан келген Ерсұлтан Бақтыбаевты да тың­дады. 

– 2005 жылы біздің ауылға кел­геніңізде «Балама Сіздің аты­ңызды қояйын» деп қолқа салған атама «Нұрсұлтан бар ғой, балаңыз Ерсұлтан бол­сын» деп менің атымды өзіңіз қойған екен­сіз. Мен Сіз берген есімге лайықты болып, елімнің ержүрек Ерсұлтаны бол­ғым келеді. Сізге мың да бір рахмет! – деді ол. 

Елбасы мен жастар арасында жүрек тебірентерлік әдемі әңгіме өрбіді. Мем­лекет басшысының Қызылорда облысына сапары осылайша жылы да шуақты рәуіште аяқталды.

 

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы
Суреттер Президенттің баспасөз 
қызметінен алынды