Медицина • 06 Қазан, 2017

Ем алушылар талабы бірінші кезекте ескеріледі

381 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Ем алушылар талабы бірінші кезекте ескеріледі

Елжан Амантайұлы, Денсаулық сақ­тау министрі болып қызмет ат­қарып келе жатқаныңызға біршама уа­қыт болды. Осы кезең ішінде түйген ой, жасаған байламыңыз қандай?

– Денсаулық сақтау саласы адами ка­питалды дамытуда, адамның әлеуетін арт­тыруда маңызды рөл атқарады. Әр­бір азаматтың денсаулығын сақтау жә­не нығайту Отанымыздың әлемдегі 30 бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарына кіру жөніндегі мақсатын іске асыру болып саналады. Осы мақ­сат­ты және Елбасының биылғы ха­лық­қа Жолдауында денсаулық сақтау са­ла­сының алдына қойған міндеттерді орын­дау үшін біз бес негізгі бағытты анық­таған болатынбыз. Бірінші – ден­саулық сақтау жүйесін емделушінің мүд­десіне қарай интеграциялау. Бұл ал­ғашқы профилактикалық кезеңнен бас­тап, барлық медициналық көмек көр­сетудің біріктірілген жүйесін ен­­гі­зуді қарастырады. Саланы циф­р­лау және ақпараттандыру жөніндегі шаралар өз жалғасын тауып, емханаларға тіркеу ережелері оңтайландырылады. Екіншіден, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсыныстарына сай стандарттарды сәйкестендіру. Бұл шаралар аясында жеке медицинаны дамытудағы кедергілерді жою, мемлекеттік функцияларды тәуелсіз кәсіби ортаға беру, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардың бағасын реттеу қажет. Үшіншіден, денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымдық және кадрлық саясатты қайта қарау. Жеке және шетелдік инвестицияларды тарту, мем­лекет-жекеменшік әріптестігін дамыту, ғылым мен медициналық білімді жетілдіру. Төртіншіден, нәтижеге негіз­делген қаржыландырудың оңтайлы жүйесін қалыптастыру. Бесіншіден, емделушіге есеп беретін және ашықтықты қарастыратын жүйені құру. Осыған байланысты медициналық мекемелерге шаруашылық жүргізу құқын бере отырып, корпоративтік басқару жүйесі енгізілуі тиіс.

Аталған бастамаларды көтерудегі негізгі мақсат медициналық қызметтің ха­лық­қа қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету болып табылады. Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген мін­детті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру жүйесін енгізу бойынша ел ішінде кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыс жүргізілуде. Ақпараттық жүйелерді интеграциялау, бірыңғай деректер базасына кіру нүктесін құру бойынша Дүние­жү­зілік банк жобасының шеңберінде Ин­тер­­операбельдік платформа енгізілуде. Ми­нистрліктің қолданыстағы ақпараттық жүйе­лерімен платформаны интеграциялау, «Электронды үкімет» порталының же­ке кабинетімен және жергілікті медици­на­лық ақпараттық жүйелерімен интегра­ция­лау бойынша жұмыстар шешімін табуда. Сондай-ақ министрлік Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ақпараттық жүйесін құру бойынша да іс-шараларға ұйытқы болуда. 

Дәрілік заттардың бағаларын реттеу үшін Халық денсаулығы және ден­сау­лық сақтау жүйесі туралы кодекске жә­не Кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер ен­гі­зі­луде. Тиімді заң жобаларын әзірлеу бойын­ша жұмыс тобы құрылды. Жол кар­тасы бекітілді, сондай-ақ заң жобасына тұжырымдама дайындалды.

2020 жылға дейін Қазақстан дамуы­ның стратегиялық мақсаттарына қол жет­кізу үшін саланы дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мем­ле­кеттік бағдарламасы жүйелі жұмыс жасау­да. Онда ұсынылатын медициналық қыз­меттердің сапасы мен қолжетімділігін жақ­сарту басты бағыт болып саналады. Сонымен қатар Экономикалық ын­тымақтастық және даму ұйымы елдерінің стан­дарттарын кезең-кезеңмен енгізу, ден­саулық сақтау жүйесін басқару мен қаржыландырудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалану қажет. Мұның бәрі Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген шараларды мүлтіксіз жүзеге асыруға бағытталған.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыруды енгізудің өзекті мәсе­ле­лері, азаматтардың МӘМС жүйесі бой­­ынша емделетін мекемені таңдау құ­қығы жайлы да айта кетсеңіз. Бұған Ел­басы үлкен мән беріп отыр емес пе? 

– Иә, Мемлекет басшысы 2017 жылғы 4 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында еліміздің денсаулық сақтау саласын дамыту үшін медициналық сақтандыру жүйесінің үдемелілігін айта келе, Үкіметке МӘМС жүйесіне барлық санаттағы азаматтардың тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бірінші кезекте Елбасы медициналық көмекке қолжетімділік және «өзін-өзі қамтамасыз ету» санатына жататын 2,7 миллионнан астам қазақстандықтың МӘМС жүйесіне қатысу шарттары туралы мәселелерге ерекше мән берді. Сол тапсырманы дер кезінде орындау мақсатында Парламент депутаттарының, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сая-
си партиялардың, сарапшылардың, жекеменшік медициналық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткіздік. Пікір алмасу алаңында сақтандыру медицинасын енгізу аспектілері туралы, тұрғындардың өзін-өзі қамтамасыз ететін бөлігінің медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу тетіктерін қайта қарап, аталған санаттағы тұлғаларды ел экономикасы дамуына қатыстыру, бизнес жүктемесін жеңілдету, барлық мемлекеттік органдардың деректер қорын біріктіру және өзекті қылу, оның ішінде өнімсіз өзін-өзі қамтамасыз етушілерді толық қатыстыру мәселелері талқыланды.

Бүгінгі күні сол бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп жатырмыз. 

Министрлік жүргізіп жатқан дайындық жұмыстары шеңберінде бірқатар нор­ма­тивтік-құқықтық актілер, соның ішін­де міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету үшін денсаулық сақтау субъек­тілерінен қызметтерді сатып алу қа­ғи­дасы дайындалуда.

Ол әлеуетті медициналық қызметтер ұсынушылардың бірыңғай тіркелімінің (ӘМҚҰБТ) қағи­да­ларына сәйкес, келесі жылдың тамыз айында іске қосу ниетінің барын ай­та кетсем деймін. ӘМҚҰБТ тіркелген медициналық ұйымдарға халықты бекітуді (МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерді тұтынушылар) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, денсаулық сақтау басқармалары ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында таныстыратын болады.

Амбулаторлық-емханалық деңгейде жос­парлы медициналық көмек емделу­ші тіркелген (тұрғылықты жері, жұ­мыс, оқу орны бойынша) емханада көр­се­тіледі. Бұл ретте медициналық-сани­тарлық ал­ғаш­­қы көмек беретін ұйым­дар қыз­ме­ті­нің аумақтық қағидаты аза­мат­тарға тұр­­ғылықты жері немесе тір­кел­ген орны бой­ынша медициналық жәр­демнің қол­жетімділігін қамтамасыз ету мақ­сатында оның тіркелген орны сақ­та­латын болады.

Егер емделуші бас­қа ел­ді мекенге кеткен жағдайда (іссапар­ға, қонаққа және т.б.), болмаса ауырып қал­ғанда келген жеріндегі меди­ци­налық ұйым­ға жүгінуіне немесе жедел ме­ди­циналық жәрдем бригадасын ша­қыр­та алады.

Стационарлық көмекке қатысты ай­та­рым: жоспарлы ем алуға жатқызу ме­ди­ци­налық мекеме ем алуға тілек біл­­дірген азаматтың құқығы ескеріле отырып жоспарланады. Жатып ем алатын күнді анықтап порталға жолдаманы тіркеу арқылы медициналық-са­нитарлық алғашқы көмек немесе ем­хананың клиникалық-диагностикалық бө­лімшесінің бейінді мамандарының бел­гілеп берген жолдамасы бойынша іске асы­рылады. Шұғыл жағдайларда емделуші ста­ционарға жедел медициналық жәр­дем стансасының бригадасы, өте қажет бол­ған жағдайда санитарлық авиацияның дә­рігерлері жұмылдырылады.

Өткен жылы шешімін тапқан педиатрия мамандығының жайы қалай болып жатыр? 

– Жыл сайын елімізде интернатурадан кейінгі шамамен 280 педиатр және резидентурадан кейін арнайы педиатриялық бейіндегі 530 маман (неонатолог, балалар хирургі, балалар эндокринологы, гастроэнтеролог және т.б.) оқуды тәмамдап шы­ғады. Медициналық-санитарлық ал­ғашқы көмек деңгейінде педиатрдың қажеттілігін толықтыру үшін ағымдағы жыл­дан бастап педиатрия бойынша интер­на­тураны бітірген түлектерді жұмысқа орналастыруға рұқсат берілді.

Осы жылдың қыркүйегінен бастап С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде жаңа үлгідегі оқу жоспары бойынша педиатрия мамандығын оқыту жүргізіле бастайды. Болашақ педиатрлар 5 жыл бакалавриатта, 2 жыл интернатурада оқиды. Педиатриялық бағыттағы кафедралар қайта қалпына келтіріледі. Педагогтар жеткілікті, себебі профессор-оқытушылар құрамы сақталған, олар кезінде жалпы медицина мамандарын даярлауға ауыстырылған болатын.

Ағза алмастыруда жетістіктер аз емес. Түсіндіру жұмыстары арқылы адам өмірін сақтап қалуды жұрт болып ойластырсақ деген ниетке қалай қарайсыз?

– Бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Адам өмірі, оның ішінде жас ұрпақтың дені сау болудан артық не бар. Жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетуде сұранысқа ие түрлерінің бірі – трансплантология (ағза алмастыру) болып табылады. Қазақстанда трансплантация 1979 жылы бас-
талды. 2012 жылы ағзаларды және тіндерді транспланттауды жетілдіру мақсатында бұл салада еліміз бойынша үйлестіру жүйесі енгізілді. 2012-2015 жылдар аралығында 9 трансплантация орталығы құрылды. Қазіргі таңда Қазақстанда жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безі, тіндердің трансплантациясы жасалып келеді. Мысалы, 2012 жылы – 65, 2013 жылы – 164, 2014 жылы – 224, 2015 жылы – 298, 2016 жылы – 306, 2017 жылғы 1-ші жартыжылдығында 98 трансплантация жасалған.

Министрлік Отанымызда трансплантология қызметін регламенттейтін заңға қажет актілерді жетілдіру ісін қолға алып, нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстарын ілгері жылжытуда. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарын, еріктілер қозғалысын, қоғам және мемлекет қайраткерлерін тарта отырып, ағзалық донорлықтың рөлі, ерікті өтеусіз донор болудың қажеттілігі туралы да халыққа түсіндіру жұмыстары кең түрде жүргізуде. 

Дәл қазір Қазақстанда сырқатқа шалдығу жөнінен қандай аурулар алда тұр? Әлеуметтік сипаты бар аурулар азайып келе ме?

– Сұраққа жауапты нақты дәлелдермен берейін. 2017 жылдың басындағы статис­ти­калық мәліметтерге сүйенсек, алғаш тіркелген аурулардың ішінде тыныс жолдарының, зәр шығару, асқазан-ішек аурулары мен жарақат пен улану алдыңғы қатарда тұр. Соңғы 10 жылда ресми статистика бойынша туберкулез сырқатына қатысты көрсеткіш – 2,4 есеге, өлім мәселесі 5,3 есеге төмендеді. Елімізде 6 айдың қорытындысы бойынша 15-49 жас арасында АИТВ-инфекциясының та­ра­луының көрсеткіші 0,204 пайызды құ­рады, яғни денсаулық сақтау саласын да­мытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының 0,2-0,6 пайыз белгіленген индикаторларының шегін сақтап тұр деуге болады. 

Қатерлі ісік аурулары көрсеткіші ағымдағы жылғы 6 айында республика бойынша 100 мың халыққа шаққанда 191,0 пайызды (17 151 науқас) құрады (2016 жылы – 205,2 пайызды, яғни 18 171 нау­қас болған еді). 2017 жылғы 6 айда өлім көр­сеткіші 100 мың адамға шаққанда 79,6 пай­ызға төмендеді.

Ал бұл 2016 жылы 84,6 пайыз еді. 
Сіз бір сұхбатыңызда дәрігер алдына келген адамдармен мәдениетті сөйлесуі керектігін, бірақ олар көбіне аппаратпен тексеруге жіберіп, көп уа­қытын карточка толтырумен өткі­зе­ті­нін айтып қалған едіңіз. Жалпы, дәрі­гер­дің жауапкершілігін арттырудың бас­ты қағидасы қандай?

– Медицина қызметкерлерінің жүкте­ме­сін төмендету және уақытын үнемдеу мақ­сатында біз есептік құжаттамаларды 22 пай­ызға, денсаулық сақтау ұйымдарының ме­дициналық құжаттамасын 30 пайызға қыс­қарттық. Құжаттар электронды жүйеге ауыстырылуда. Медицина қызметкері әлемдегі ең күрделі мамандық иесі екені белгілі. Сондықтан адамдарға деген қамқорлық, мейірбандық, мықты білім, жауапкершілік және шеберлік – медицина қызметкерінің бойында осы қасиеттің барлығы болу керек. Осы мамандыққа жүрек қалауымен келу керек. Мен осы жайларға баса назар аударып, ем алуға келген адамның ең алдымен жан дүниесіне үңілу керек дегенді әр кез айтып жүремін. Дидарыңдағы мейірім, жылы сөз емнің үлкені емес пе?

Елбасының сананы жаңғырту жө­нін­дегі идеясын денсаулық сақтау са­­ла­­сында да насихаттай отырып, са­ла­­мат­­ты өмір салтын қа­лы­п­­­тастыруды ха­лықтық іске ай­нал­­­дыр­сақ деген тұжы­рым­ға айтар пікі­рі­ңіз қандай?

– Елбасы өзінің мақаласында ке­мел­дікті қозғады. Төл тарихымызға, ба­баларымыздың өмір салтына бір сәт үңі­ліп көрсек, шынайы прагматизмнің та­лай жарқын үлгілерін табуға болады. Нақ­ты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі дегеніңіз де осы. Саламатты өмір салтын қалыптастыру – қазіргі қоғамда өмір тіршілігі қызметінің басты бағыты екені анық. Бүгін әрбір қазақстандық саламатты өмір салтын ұстануы, ол өз денсаулығын сақтау, еңбекке қабілеттілік пен кәсіби өміршеңдікке жету жолы болып табылады. 

Әңгімелескен 
Сүлеймен МӘМЕТ, 
«Егемен Қазақстан»