Футбол • 09 Қазан, 2017

Румыния-Қазақстан: жеңілістер сабақ болса...

462 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан Футбол феде­ра­­ц­ия­сының қолдауымен Ру­мынияға сапар шегіп, 2018 жылғы әлем чем­пио­­­на­тының іріктеу кезеңі ая­сын­да өткен Румы­ния-Қа­зақ­­стан құрама коман­да­лары­­ның ойы­нынан репор­­таж жазудың сәті түскен еді.

 

Румыния-Қазақстан: жеңілістер сабақ болса...

Ойын туралы бұдан бұрын айтып кеткендіктен, шет мемлекетте өзіміз көзбен көрген кейбір жайттарды оқырман қауыммен бөлісе кеткенді жөн санадық.

Қолдау деп осыны айт!

Қазанның екісі күні Қазақ­стан Ұлт­тық құ­ра­масының футбол­­шы­лары мен жаттық­тыру­шылар штабы Бухарест қаласына келіп жетті. Құрама футболшылары әуежайдан түсе салып, 2018 жылғы әлем чем­пионатының іріктеу кезеңі аясындағы Румыния-Қазақ­стан матчы өтетін Плоешти қаласына жол тарт­ты. Біздің елде ұлттық құрама ойындарының Астанада өтетініне үйре­ніп қалғандықтан, Румы­ния-Қазақстан матчы ел астанасында өтетін шығар деп ойлағанбыз. Бірақ, олай болмай шықты. Ру­мын әріптестерімізден «Халықаралық кездесу Бухаресте емес, неге ша­­ғын қалашықта өтіп жатыр?», деп сұрағанымызда «Плоеш­­тиде футбол­дан Ру­­­мынияның үш дүр­кін чемпионы және ел кубо­гының иегері болған жер­гілікті «Петролул» (Мұ­­най­шы) командасы бар. Қар­жылық дағдарысқа бай­ланысты клуб екі жыл бұрын Румынияның төр­тінші лигасына түсіп қалған болатын. Биыл үшінші лигада ойнап жүр. 2019 жылы «мұнайшылар» жо­ғары лигада ойнауды ал­дарына мақсат етіп қой­ған. Румыния футбол фе­де­рациясы бұл клубқа мораль­дық қолдау көрсетіп, жер­гілікті жан­күйер­лерге фут­бол мерекесін қайта сезін­­діру мақсатында ұлт­тық құрама матчын «Пет­ролул» командасының ста­дионында өткізуді ұй­ғар­ған», деген жауап алдық. 

Плоешти – мұнайлы қала

Іргетасы 1596 жылы қалан­ған Плоешти қала­сы Румынияның оң­түс­тігін­де орналасқан, 190 мы­ң­нан аса халқы бар шағын шаһар. Ел ас­танасы Бухарестпен ара­сы 60 ша­қы­рым қа­шық­ты­қты құрайды. Хал­қы­ның басым бөлігі – румындар, сығандар және мажарлар. Сондай-ақ аз мөлшерде украиндар, еврейлер, түріктер де бар екен. XIX ғасырдың орта тұсында қара алтынның ірі қоры табылған Плоешти қала­сы Румы­нияның не­гізгі мұнай орталы­ғы са­на­лады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығымен, оның ішінде жүзім өсіру­мен айналысады екен. Жоғарыда айтып өткені­міздей, жергілікті «Пет­ролул» футбол коман­дасы 1952 жылы құрыл­ған. «Пет­ролул» футбол­шылары өз алаңын­дағы кездесулерін команда құрыл­­ғандағы ең алғаш­қы жаттық­тыру­шысы Илие Оаненің есімі б­е­ріл­­­ген стадионда өткіз­еді. Арена­ның сыйым­ды­лығы – 15 000 адам.

Шағын қаланың халқ­ы аз, тро­туар­лары кең және арнайы вело­жол­­дары бар. Сондай-ақ қалада төрт радио торабы жұмыс істейді. Плоештиде тарихи ғи­мараттар өте көп екен. Жаңа ғимараттар да қа­ла­­ның архитектуралық кел­­бетін бұзбай, көне ғасыр сти­лінде салынған. Мұнайлы қала­да қымбат қонақүйлер көп. Көше­лерде мемлекеттік бағ­дар­лама билборд­тары кездеспейді. Тіпті Румы­ния-Қазақстан матчына байланысты ешқандай баннерлерді де ілмеген. Тек жарнама ғана бар.

Жанкүйер мәдениеті

Румыния мен Қазақ­станның уақыт айырма­шылығы үш сағат екен. Матч өтетін күні Илие Оане атындағы стадионға екі сағат бұрын жетіп ал­дық. Біз келгенде арена­да жанкүйер атымен жоқ екен. Матч болардан бір күн бұрын румын әріп­тес­теріміз билеттердің тү­гел сатылып кеткенін айтып еді... 
Содан ойын бастал­ғанға дейін жүрек жал­ғап алайық деп ста­дионға жақын жерден тамақ­танатын дәмхана іздедік. Сөйтсек, жанкүйерлердің барлығы жазғы мейрам­хана, кафелерде отыр. Жан­күйерлердің осындай дәстүрі бар екен. Ал фа­нат жанкүйерлер бол­са, көшеде Румыния туын ұстап «Румыния алға, бәріміз құрамаға жан­күйер боламыз!» деп ұран­датып жүрді. Тағы бір қызығы, жанкүйерлердің бәрі стадионға жаяу келді. Ойынға дейін де, одан кейін де көшеде көлік кеп­телісін көрмедік. Есе­сіне тәртіп сақшылары қаптап жүрді. Мұның себебі, ішкі біріншілік ойындары кезінде жанкүйерлер ара­сында кикілжіңдер көп туын­дап тұратын көрінеді. Абы­рой болғанда, бұл жолы жанкүйерлер қақты­ғысының куәсі болған жоқпыз және өзіміз де елге дін аман жеттік.

Жаңа бапкермен – жаңа жетістікке

Румыния-Қазақстан мат­чы Космин Контра үшін бас жаттықтырушы ре­тіндегі алғашқы ойын болды. Румыния құра­ма­сының тізгінін ол осы­дан екі апта бұрын ал­ған екен. Федерация жа­ңа жаттықтырушымен 2020 жылға дейін келі­сім шартқа отырыпты. Бас бапкердің алдына ел құрамасын 2020 жыл­ғы Еуропа чемпионаты­на шығару міндеті қойы­лыпты. Плоешти қа­ла­сы­ның жергілікті жанкүйер­лері Контрадан үлкен нәти­же күтетіндерін жа­сыр­майды. Себебі ол 2012-2014 жылдары «Пет­ро­лул» командасын жат­тық­тырып, клубпен бірге Ру­мы­ния кубогын жеңіп алған. 

Журналистермен бол­ған баспасөз мәсли­ха­тын­да Контраның өзі де Ру­мыния құрамасымен бірге жоғары нәтижеге жеткісі келетінін айтты. «Құрама бапкері ретінде тұңғыш матчымды Қазақстан құ­ра­масы­на қарсы өткі­зе­мін. Бұл мен үшін ма­ңыз­ды ойын болмақ. Сон­дай-ақ матч Плоешти қаласында өтетіні жақсы болды. Өйткені жергілікті командамен Румыния кубогын жеңіп алғанмын. Ертең де аталған қала­да­ғы жеңісімді жалғас­тыр­ғым келеді. Румыния құрамасымен алдағы уа­қытта әлем және Еуропа чемпионы атанғым келе­ді», деп ағынан жарылған еді. 

Кездесуден кейінгі бас­­пасөз мәслихатын­да Контра қарлыққан дауыс­пен сөйлеп, жур­на­лис­­терді бір күл­дір­тіп ал­ды. «Сіздерден ке­ші­­­рім сұраймын. Фут­бол­­­шы­ларға алаң жие­гі­­нен айғайлаймын деп, ойын­­­­ның алғашқы 20 ми­ну­т­ы­­нан кейін даусым қар­­­лы­ғып қалды», деп ақталды ол.

Болжам және жұбату

Плоешти қала­сын­­дағы қона­қүй­ден Илие Оане атын­дағы стадионға қа­рай бет алғанымызда, Румы­ния футбол фе­де­­­ра­циясының өкілі ке­ліп: «Румыния-Қазақ­­стан ойы­ны 1:1 есебі­­мен аяқ­талсын. Дос­тық же­ңіс­пен тең тар­қаса­йық», деп жы­миды. «Жеңі­ліп қал­май, тең тар­қас­­қаны­мыз дұрыс шы­ғар», деп қол алы­сып, тең ойынға келістік. Стадионға кел­генімізде румы­ния­лық әріптестің бірімен аз-кем тілдескен едік. Бір қызығы, ол да әлгі феде­р­а­ция өкілі айтқан­дай, «Ойын 1:1 есебімен аяқ­тал­сын, иә», деп қолын ұсынды. 

Екеуінің тең есепке риза болайық деп айтқа­нына қарағанда, бүгін жеңіске жететін шығармыз деген ой ұшығының жылт ете қалғаны рас еді. Бірақ матч біткенде таблода мүлде басқа нәтиже тұр­ды. Румын әріптесім матч­тан кейін «Көңіл күйің­ді түсірме, сендер де жеңіс­ке лайық болдыңдар. Ойын­шы­лары­ңа дән риза бол­дым», деп арқамнан қақты... 

Румынияның Плоешти қаласындағы Илие Оане атындағы стадионда өткен кездесуде жерлестеріміз қарсыластарына 1:3 есебі­мен есе жіберді. Конс­тантин Будескудің – екі Клаудиу Кешерюдің бір голына Бауыржан Тұрыс­бек жалғыз ғана доппен жауап берді. 

Сонымен Қазақстан құрамасының турнирдің бітуіне үш тур қалғанда өз тобындағы соңғы орын­нан жоғары көтеріле ал­майтыны белгілі болды. Футболшыларымызға же­ңі­лістер сабақ болса екен дейсің...

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан» – 
Бухарестен