Үкімет • 10 Қазан, 2017

Қазақстанда электронды еңбек биржасы құрылады

379 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еңбек нарығын жаңғыртуға бағытталған заң жобасы қаралды. Құжатты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова таныстырды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

Қазақстанда электронды еңбек биржасы құрылады

Спикердің айтуынша, заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес әзірленді. Әзірлеушілер электронды еңбек биржасын құруды көздейді, ол мемлекеттік және жеке жұмыспен қамту орталықтарының ақпаратын, азаматтар мен жұмыс берушілер өздігінен ұсынған резюмелер мен бос жұмыс орындарының басын біріктіретін Бірыңғай электрондық алаң болады. Жаңа электрондық база азаматтарға, сондай-ақ жұмыс берушілерге, жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктеріне және интернет алаңшаларға тегін ақпараттық қызмет алуға мүмкіндік береді.

Заң жобасы жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға көмек көрсету бойынша қызмет көрсетуге жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерін тартуды ұсынды. Осы мақсатта мемлекет жүзеге асыратын және аутсорсингке берілетін функциялардың тізбесі айқындалды. Осылайша, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды кәсіптік бағдарлауды, олардың оқуын және жұмысқа орналасуын ұйымдастыруды аутсорсингке беру жоспарланып отыр.

Екіншіден, жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктеріне жеке қызмет түрлерін немесе мысалы, оқытуды және жұмысқа орналастыруды не кәсіптік бағдарлауды, оқытуды және жұмысқа орналастыруды қамтитын қызметтер пакетін көрсету мүмкіндігі беріледі.

Үшіншіден, жеке сектор, қызмет тарифтері үшін тартымды стандарттарды жаңарту және экономикалық үмітті ақтау көзделіп отыр.

Төртінші өзгеріс мемлекеттік Жұмыспен қамту орталықтарын кезең-кезеңмен трансформациялауды көздейді. Бұл ретте, жұмыспен қамту орталықтары мемлекеттік мекемелерден шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындар нысанына ауыстырылатын болады. Ұйымдастырушылық-құқықтық форманы жергілікті атқарушы органдар өздері айқындайды.

Әзірлеушілердің пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістер жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша қызмет көрсететін еңбек нарығы институттарын кеңейтуге, олардың азаматтарға қолжетімділігін қамтамасыз етуге және бәсекелестік есебінен сапаны арттыруға мүмкіндік береді.

Заң жобасында 4 Кодекске және 5 Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылған.