Үкімет • 11 Қазан, 2017

Үкіметте «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды

233 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы, сондай-ақ әлеуметтік көмек және халықты жұмыспен қамту саласын жаңғырту жайы, Астана қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі кешенді жоспар, цифрлы экономикаға мамандарды даярлау және қайта даярлау сияқты бірнеше ауқымды мәселе қаралды. 

 

Үкіметте «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды

Үкіметтің күн тәртібіне шығарылған тақы­рыптың осылайша көптігіне қарамастан бұл отырыста өзге де өзекті мәселелер тал­қы­­ланды. Бақытжан Сағынтаев алдымен қоғам­­да қызу талқыланып жатқан маңызды әңг­і­меге мән берді. Айталық, Қырғызстан пре­зи­­денті Алмазбек Атамбаевтың айт­қан сөз­деріне қатысты жарияланған мәлім­деме­сіне тоқталды. Қырғызстан прези­ден­ті­нің еш негізсіз, цифрларды бұрма­лауға негізделген орынсыз сөздеріне байланыс­ты мәлімдеме жасағанын айтып, Пре­мьер-Министр өз мәлімдемесінде нақты фактілермен бекітілген Үкіметтің рес­ми позициясын жеткізгенін баса айтты. Сон­дай-ақ Қазақстан қырғыз халқымен әрқашан достық қарым-қатынасты сақтап келгенін атап өтті.

Бағаға ие болмағандар жазаланды

Үкімет басшысы отырыста одан әрі елі­міз­­дегі жанар-жағармай нарығындағы жағ­­дайға қатысты мәселені қозғады. Премьер-Министр өңірлерде тапшылықтың бай­қа­латы­нын, бензиннің лимитпен әрі талон­дар­­мен сатыла бастағанын, соның нәти­же­­сін­де баға өсімі орын алғанын айтып, жауап­ты басшылардан мұның себе­бін тү­­сін­­ді­руді сұрады. Осыған орай Энер­ге­ти­ка ми­­нистрі Қанат Бозымбаевтың және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төраға­сы Сауат Мың­баевтың баяндамалары тыңдалды.

Алайда баяндамашылардың жауабы Үкімет басшысын қанағаттандырмады. Қоры­тын­дысында Бақытжан Сағынтаев импорт үлесінің ұлғаюы мен бағаның айыр­ма­шылығына сүйене отырып жасалған түсі­нік­те­мелерді тікелей лауазымдық мін­дет­тер мен жауапкершіліктен жалтару деп есеп­тейтінін айтты. Премьер-Министр Үкімет мүшелеріне қатысты іс-қимыл­дың тәртіптік шараларын ел Президенті қабыл­дайтынына орай, Мемлекет бас­шысына Энергетика министрі Қанат Бозым­баевқа сөгіс беру туралы ұсыныс жібері­летінін мәлімдеді. Ал вице-министрлерге қатысты тәртіптік шешімдер Премьер-Ми­нистрдің құзыретінде екені анық. Сон­дықтан Сағынтаев аталған салаға жауап­ты Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовты сол жерде-ақ лауазымынан босат­ты. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ бас­қарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевке белгі­лен­ген тәртіпте, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевқа өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданып, міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төраға­сының бірінші орынбасары Данияр Берлі­баевтың өкілеттігін тоқтату бойынша шара­лар қабылдау тапсырылды. 

Үкімет басшысы, сонымен қатар Қара­ған­­ды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен Ас­тана қаласының әкімі Әсет Исекешевтен өңір­лер­де­гі көмір нарығындағы жағдайды түсін­ді­ру­­ді талап етті. Премьер-Министр Асқар Ма­­мин­­ге кө­мі­рмен қамтамасыз ету мәсе­ле­­сін ба­қ­ы­­лау­да ұстауды тапсырды. Бақыт­жан Са­ғын­­таев жауапты лауазым иелеріне өз іс­тері­не жауап­кершілікпен қарауды тағы бір ескертті.

Саланың «сырқатын» емдейді

Денсаулық саласының кейбір түйткіл­дерінің түйінін тарқатып, «сырқатын» ем­дейтін «Денсаулық» бағдарламасы бол­мақ. Бұл бағдарлама жөнінде кеше Үкі­­мет отырысында айтылды. Денсаулық сақ­тау саласын дамытудың 2016-2019 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасының жүзеге асырылу барысы, іске асырудың не­гізгі бағыттары жайында Денсаулық сақ­­тау министрі Елжан Біртанов баяндады. Ми­нистрдің мәліметінше, 11 аймақта ден­саулық сақтау басқармалары жанынан қоғам­дық денсаулық сақтау бөлімдері құрылған.

«Алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде алты жасқа дейінгі балаларға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту және жалпы практика дәрігерінің жүктемесін төмендету мақсатында педиатриялық учаскелерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, биыл республика бойынша 23 педиатриялық учаске ашылды, жыл соңына дейін тағы 84 осындай учаске ашу жоспарланып отыр. 2018 жылы оқуды бітіретін интерн педиатрларды есепке алғанда, тағы 230 педиатриялық учаске ашу, 2019 жылдан бастап 2024 жыл аралығында жыл сайын 500-ден астам педиатриялық учаске ашу көзделген. Осылайша, 2024 жылға қарай педиатриялық учаскелерге деген қажеттілікті 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарланып отыр», деді министр.

Министрдің айтуынша, бұдан өзге созылмалы аурулары бар пациенттерді белсенді түрде қадағалап-қарауға негіздел­ген ауруларды басқару бағдарламасын енгізу бойынша жоба жүзеге асырылуда. Биыл жоба барлық 16 өңірде іске асырылды, жобаға қатысатын науқастардың саны екі есеге ұлғайған.

Жедел медициналық жәрдем көрсетуді жетілдіру және ЖМК қызметінің жұмысын­дағы проблемаларды шешу мақсатында жедел және кезек күттірмейтін медициналық жәрдем көрсетуге сараланған тәсілді көз­дей­ді. Жеделдік санатына байланысты кө­мектер оңтайландырылған және симптом­дары бойынша топтастырылған. Сон­дай-ақ ұлттық дәрі-дәрмек саясатын іске асыру аясында бүгінде 53 ұзақ мерзімді шарт жасалғанын, оның ішінде 24-іне биыл қол қойылғанын атап өтті. Бірыңғай дист­ри­бьютордың жалпы сатып алуында отан­дық өндірушілердің үлесі заттай мәнде 75 пайыз­ды, ақшалай мәнде 30 пайызды құра­ған. Сонымен қатар министрлік өңір­лер­мен бірлесіп Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын әзірлеуде екен, онда желіні трансформациялау қажеттілігі, инфрақұрылымды жаңарту және ресурстарды тиімді пайдалануды ескере отырып медициналық кадрларды дайындау қа­рас­тырылады. Инфрақұрылымды дамы­ту­дың бірыңғай перспективалық жос­парын қа­был­дау және іске асыру 2017-2025 жылд­ар ара­лығында 11,2 млрд теңге көле­мін­де қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді деп болжанған. 

 Электронды еңбек биржасы құрылады

Отырыста қаралған келесі мәселе ­– еңбек нарығын жаңғыртуға бағытталған заң жобасы. Құжатты еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Тамара Дүй­сенова таныстырды. Министрдің айтуын­ша, заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес әзірленді. Әзірлеушілер электронды еңбек биржасын құруды көздейді, ол мемлекеттік және жеке жұмыспен қамту орталықтарының ақпаратын, азаматтар мен жұмыс берушілер өздігінен ұсынған резюмелер мен бос жұмыс орындарының басын біріктіретін Бірыңғай электронды алаң болады. Заң жобасы жұмыссыздар мен өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға көмек көрсету бойынша қызмет көрсетуге жұмыспен қамтудың жеке агенттіктерін тартуды ұсынды. Осы мақсатта мемлекет жүзеге асыратын және аутсорсингке бері­летін функциялардың тізбесі айқын­далды. Осылайша, жұмыссыз және өзін өзі жұ­мысп­ен қамтыған азаматтарды кәсіп­тік бағ­дар­лауды, олардың оқуын және жұ­мыс­қа орналасуын ұйымдастыруды аутсор­сингке беру жоспарланып отыр. Екіншіден, жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктеріне жеке қызмет түрлерін немесе мысалы, оқытуды және жұмысқа орна­лас­тыруды не кәсіптік бағдарлауды, оқыту­ды және жұмысқа орналастыруды қамтитын қызметтер пакетін көрсету мүм­кіндігі беріледі. Үшіншіден, жеке сектор, қызмет тарифтері үшін тартымды стандарттарды жаңарту және экономикалық үмітті ақтау көзделіп отыр. Төртінші өзгеріс мем­лекеттік жұмыспен қамту орталық­тарын кезең-кезеңмен трансформациялауды көздейді. Бұл ретте, жұмыспен қамту орталықтары мемлекеттік мекемелерден шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындар нысанына ауыстырылатын болады. Ұйымдастырушылық-құқықтық форманы жергілікті атқарушы органдар өздері айқындайды.

Заң жобасында 4 кодекске және 5 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылған. 

Астананы «асырайтын» белдеу бекіді

Үкімет отырысында сонымен қатар Астананың азық-түлік белдеуін дамытудың жол картасы бекітілді. Елорданың азық-түлік белдеуін жетілдірудің жол картасы Мемлекет басшысының 2017 жылғы сәуірде берген тапсырмаларына сәйкес әзірленді. Жол картасы жөнінде Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндады. Қ.Айтуғановтың айтуынша, қаланың жеке өндірісі Астана халқының ұнға, макарон өнімдеріне, нан мен жармаға деген қажеттілігін жабады. Елорда тұрғын­дарын отандық азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында азық-түлік белдеуі аймағында қажетті өндірісті құру, республиканың өзге өңірлерінен өнімдерді тұрақты түрде жеткізіп тұруға жағдай жасау және Астананың сауда инфрақұрылымын дамыту бойынша міндеттер қойылды. 

Үш аймаққа бөлу арқылы Қарағанды об­лы­сының жақын орналасқан төрт ауда­ны­ және Ақмола облысының барлық аудан­дары өндірісінің әлеуетіне талдау жүр­гі­зілген. Екі облыстың әкімдік­теріне ар­нал­ған жол картасында әртарап­тан­дыру­ды есепке алғанда 2018 жылға арналған егіс алқап­тарының қажетті құры­лымы анық­талған. 300 шақырым радиус­тағы аудандардың қой еті өндірісінің көле­мін қажеттіліктің 60 пайызына дейін ұлғайт­у әлеуеті болса, шұжық өнімдерін, өңдел­ген сүт, сары май, ірімшік және сүзбе көле­мін қажеттіліктің 50 пайызына дейін ұлғай­ту әлеуеті бар. Ет өңдеу бойынша жал­пы қуаттылығы 28 мың тонна және жүк­те­месі 72 пайыз болатын 24 кәсіпорын қызм­ет көрсетеді. Жылына 90 мың тонна сүт өндіру қуаттылығын ескергенде, азық-түлік белдеуінің 20 сүт зауыты бойынша жүк­те­ме 55 пайызды құрайды. Сондай-ақ мұнда өндіріс көлемін ұлғайту бойынша нақты индикаторлар қойылған.

АТ арнасы кеңіді

Үкімет отырысында цифрлы экономи­каға мамандар даярлау шаралары да тал­қы­ланды. Бұл ретте Білім және ғылым ми­нистрі Ерлан Сағадиев орта білім берудегі АТ-құзыреттілікті арттыру аясында мектептерде «Роботты техника» таңдамалы курсы енгізілетінін баяндады. 2016-2017 оқу жылында роботты техника бойынша 372 үйірме, сондай-ақ 397 мектепте 397 роботты техника кабинеті ашылған. 2 500 информатика мұғалімі роботты техника, роботты техниканы жүзеге асыру жағдайында АТ бойынша теориялық және сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырудың ерекшеліктері бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Техникалық және кәсіптік білім берудегі АТ-құзыреттілікті арттыру аясында ағымдағы жылы жұмыс берушілердің ұсыныстары бойынша «Ақпараттық қауіпсіздік» жаңа мамандығы қосылды. Бұл мамандық бойынша қабылдау 2018 жылдың 1 қыркүйегінен басталады.

«Барлық 16 өңірде интерактивті білім беру жабдығын қолдану бойынша оқу орталықтары құрылды, онда 3 564-тен астам инженер-педагог қызметкер біліктілікті арттырудан өтті. 2017-2018 оқу жылының басынан бері барлық ЖОО-лар АТ саласында бекітілген 10 кәсіптік стандартты ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жаңартты. Сондай-ақ онлайн режімде оқыту кеңінен таралып келеді», деді министр. 

Динара БІТІК, 
«Егемен Қазақстан»