Үкімет • 17 Қазан, 2017

Үкіметте мемлекеттік білім бағдарламасы қаралды

351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады.

Үкіметте мемлекеттік білім бағдарламасы қаралды

Министрдің айтуынша, 2017 жылы білім беру мен ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының 8 индикаторын, 51 көрсеткішін, 168 шарасын орындау жоспарланғанын айтып берді.  

2017 жылы барлығы іске асыруға 418 562,9 млн теңге бөлінген. БҒДМБ іске асырып бастаған уақыттан бері 1 309 мектепке дейінгі мекеме ашылып, 155 мектеп салынды.

Мектепке дейінгі ұйымдардың арнайы білімі бар педқызметкерлерінің сапалы құрамы 1 500 педагогқа артты. Жоғары және бірінші санатты педқызметкерлердің саны 145 мың адамды құрайды.

Мектепке дейінгі және мектепте білі беру мазмұны ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес жаңартылды, колледждер мен ЖОО-ларда халықаралық сарапшылар мен жұмыс берушілердің қатысуымен әзірленген 92 жаңа бағдарлама енгізілуде.

Балаларды балабақшаға бөлу процесі пилоттық режимде автоматтандырылып жатыр. 2018 жылы жүйені тұтастай енгізу көзделіп отыр. Балабақша ашу рәсім жеңілдету мақсатында жаңа санитарлық нормалар мен ережелер қабылданды.

Жыл соңына дейін үш ауысымды және апатты мектептердің орнына 76 мектепті пайдалануға беру жоспарда бар. 1 қыркүйекте 52 мектеп пайдалануға берілді.  

318 колледжде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырылып жатыр. 421 колледжде 80 мамандықтың 160 біліктілігі бойынша 27 193 студент қамту арқылы, 2 433 кәсіпорынның қатысуымен қосарлы білім беру жүйесі енгізілуде.

ЖОО-ларда бақылау кеңестері арқылы ректорды таңдау тетігі енгізілген, корпоративтік хатшылар мен ішкі аудит қызметтері құрылуда. Қазақстанның сегіз ЖОО-сы 2017 жылы QS WUR әлемнің үздік университеттерінің рейтингісінде аталып өткен.

«Биыл қыркүйек айында Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті аясында ғылым, технологиялар және инновациялар бойынша ИЫҰ 2026 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленіп, қабылданды», — деді Е. Сағадиев.