Әдебиет • 18 Қазан, 2017

Таңырқату үшін туған талант

1438 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Сурет өнері батыстық мемлекеттерден өзге елдердің бә­­рінде мәдениеттің кенже да­мыған түрі болып есеп­телгендіктен болар, бұзып-жар­ған мінезі жоқ, бүлікшілдікті біл­мейтін бейнелеу өнерімізге ға­жайып мазмұндағы картина көрсе де, баланың ши­май-шатпағына немкетті көзі түсіп кеткендей селт етпей қа­райтын қарадүрсіндеу қа­лы­бымыз қосылып, осы ен­жар­лығымыздың кесірінен қыл­қалам өнері құлашын кеңге сермей алмай отырғандай көрінетіні бар. Себебін әр қиыр­дан іздейсің. 

Таңырқату үшін туған талант

Ең әуелі ұл­тымыз үшін сурет өнерінің әлі де болса жас өнер екенін еске алуға тура келеді. Өзіне сұқ­тана қарағандардың жана­рындағы сүйіспеншіліктен от алып, ғұмыры ғасырдан ға­сырға жалғанып келе жатқан әйгілі «Джакондалардың» са­лын­ғанына сегіз жүз жыл бол­са,  қазақтың кәсіби сурет өне­рінің пайда болғанына сексен жылдан енді асып барады. Танымға төңкеріс жасайтындай құбылыс болып келген қылқалам иелері қазақ сурет өнерінде көп болмағаны ауыр да болса баршамыз мойындауға тиіс белгілі шындық. Бұл орайда саусақпен санап алуға болатын аздың арасынан еркін ойымен ерекше жанрдағы тың дүниелер тудырып, бейнелеу өнеріндегі өркениетті бағыттың бәрін ұлттық дүниетанымға негізделген дәстүрлі ұғыммен әдемі үйлестіре білген тұлғалық кемел шағына күн-түн демей тер төгіп жеткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, талантты суретші Алпысбай Қа­зы­ғұловтың  атын айрықша атауға болады. 

Адамдарға белгілі дүниені өзгеше қырынан танып, майлы бояудан мазмұн тапқысы келетін суретшіні басқа кәсіп иелерімен салыстырсақ, оның ерекшелігі де, артықшылығы да жасаған дүниесінің жалқы­лығында екенін көреміз. Су­рет­шінің жұмысы бір-ақ рет жазы­­луымен құнды. Ол жоғалса, бүлінсе, шедевр мен шеберлік қайталанбайды. Сонда ол сал­ған картинаны ешкім түсін­бе­се, жазған жалғыз дана дү­ние­сінің амандығы үшін үне­мі алаңдарлық жағдайда өмір сүрсе, суретші несіне бұл кәсіп­ті өзіне серік етеді деген сұрақ туа­ды.

Өзі үшін. Қырық жыл бойы қолынан қылқаламы түспей келе жатқан, біз шығармашылығын сөз еткелі отырған суретші Ал­пыс­бай Қазығұлов кенептің алдына келіп алып «осы ойым­ды бояу тілімен сөйлетсем, халыққа ұнамай қалып, мені сынап тастамай ма, идеям көңілінен шықпай, Мәдениет министрлігі маңайлатпай қойса, қайтем?» деген ойды тіпті де  ойламайтыны анық. Осы уақытқа дейін 7000 картина салған А.Қазығұлов  шабыттың тұлпарына мінген сәтте жұрт­тың көңілінен шығуды ойлап жұмыс істеген болса, бүгінгі шық­қан биігіне табан тірей алмаған болар еді. 7000 картина деген – өзін қанша кішіпейіл, қара­пайым ұстаса да, ұлттың ин­теллектуалды байлығын құ­рас­тыруға қызмет етіп жүр­ген еңбегі үшін  «қазақтың талантты суретшісі» деп атауға толық құқық беретін орасан қазына. Шетелде халықаралық дең­гейдегі ең көп көрме өт­кіз­ген суретшілердің бірі бол­ған­дықтан, бізге қарағанда өнер туралы танымы биік Еуро­падағы бейнелеу өнерінің біл­гірлері А.Қазығұловтың шығар­машылығын жоғары бағалайды. 

Қазығұлов жас күнінен Қазақ­станның ең талантты суретшілерінің таңдаулы туын­­дыларын коллекциялау­ды дағдысына айналдырса, бүгінде Қазығұловтың өзі­нің коллекционерлері қа­лып­­тасқан. Олар ең алдымен, осы еуропалықтар. «Үз­діксіз із­денісімен үнемі ұзар­тып отыр­маса, суретшінің шы­ғар­машылық жолы тым қысқа» деген сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған оның әр көрмесі бейнелеу әлеміндегі елең ет­кізер елеулі оқиға ретінде қа­былданады. Өйткені ол әр көрмесін биік талғаммен тү­зілген салмақты дүниелерінің сал­танатты шеруі іспетті ұйым­дастырып, ұзақ уақыт жасалған ішкі дайындықпен келеді. Реа­лизм, сюрреализм, импрессио­низмнен бастап бүгінгі аван­гард пен абстракционизмге дейінгі бағыттардың біразын зор талантымен бағындырған оны шетелдік меценаттардың өзі елімізге арнайы іздеп келіп, картиналарын қымбат баға­ға сатып алады. Альбомын жа­рыққа шығарып береді. Бұл – Қазығұловқа ғана емес, қа­зақтың бейнелеу өнеріне жа­салған зор құрмет. 

Біз Қазығұловты шеберханасына іздеп барғанда, күллі тілшілер қауымы адаспай тауы­п баратын Есентай өзенінің жағасына таяу Мұратбаев кө­ше­сіндегі еңселі үйде орна­лас­қан Суретшілер шеберханасынан емес, Сейфуллин көшесінің бойындағы оңаша отаудан таптық. Оның айдай әлемнен қашып, «жапандағы жалғыз үй» болып отыруының өзі көп нәрсені аңғартқандай. Адамдар арасындағы аламан­нан, айтыс-тартысы көп дүр­мектен алыста, Өзі мен Өнерді ғана оңаша қалдырып,  өз шы­ғармашылығымен ғана бетпе-бет өмір сүруді жөн көр­гені болар деп түйдік. Алпысбай суретші жылына елу-алпыс картина «шимайласа», соның ішінде ең болмаса үш-төртеуі өз көңілін қанағаттандырса, бар дүниесі түгенденгендей кеудесін алақұйын қуаныштың үнсіз ғана билейтіні бар. Қыл­қалам­нан қолы босай қалғандай болса, кітапқа үңіледі. Шебер­ха­насындағы картинадан кейінгі байлық осы – текшеленіп жи­на­лған кірпіш-кірпіш кітап­тары. Бұл  суретшінің көп оқи­тындығын, көп ізденетінін мең­зейтіндей. Терезесінің арғы жағында қайнап жатқан қар­балас өмір жұмақтың кіш­кентай бір бөлшегіндей болып кеткен мынау екі бөлмелі шеберханасының ішіндегі жан рахатымен салыстырғанда жіп есе алмайтындай, жез құма­нындағы күрең шайды сораптап қойып, қылқаламының қа­ры­мын сынап бақса, содан ма­ңыз­ды қызықты әзірге көрген жоқ. 

Бояу – суретшінің дүние­танымы мен өмір сүру салты­нан ғана емес, жалпы тағ­дырынан ақпарат жеткізетін алғаш­қы құрал. Өйткені Стен­даль айтқандай, «стиль деген – адамның өзі» ғой. Мы­са­лы, суретшінің өз сөзіне сенсек, Пикассоның шығарма­шылы­ғында бір кезеңде қызғылт, бір кезеңде көгілдір түс, ал бір уа­қытта қара түс басым бол­ған екен. Сол секілді Алпыс­бай Қазығұловтың шеберха­на­­сындағы картиналарға жа­ға­лата көз салғанда, жалпы оның соңғы жылдардағы жұ­мысына шымқай қызыл және оттай сары түстің тән екенін байқадық. «Неге?» дедік әуес­тік билеп. «Бір уақыттары мен де сұр түспен жазғанды ұнат­тым, содан кейін әбден жалыққанша қызғылт түспен жұмыс істедім. Өткен жылдан бастап қып-қызыл түстің қызығына түстім. Алғаш осы түспен сала бастағанымда күн аптап ыстық болып тұрған еді. Ауа райының әсері көңіл күйімді шарпыған болар, қызыл мен сары түстің иіріміне солай түскен едім», дейді. 

Суретшінің жеке тұлға ре­тіндегі қуанышын, ренішін, өкінішін, бір сөзбен айтқанда, әртүрлі көңіл күйін бояудың түсі анықтайды. Ертеректе, институт қабырғасында 4-курста оқып жүрген кезінде «Өнер тарихынан» сабақ беретін ұстазы аудиторияға қарап тұрып: «Бей­нелеу өнерінің фотографиядан не айырмашылығы бар? Тап қазір дұрыс жауап бергенің бұдан былай менің сабағыма қатыспасаң да болады» дейді. Бәрі ойланып қалады. Ұзаққа созылған жым-жырт үнсіздікті Раушан деген курстасы бұ­зады: «Фотосурет адамның кө­ңіл күйін жеткізе алмайды, ал живопись көңіл күйді жет­кізеді» дейді. «Бес!» дейді ұстаз. Мұның шындық екенін Балтық бойы елдерінде тұратын танымал суретші достарының тәжірибесінен де байқады. Бұл елдегі суретшілер бір кез­дері жіңішке әрі нәзік етіп бояу шашатын «аэрограф» деген  құралға өте құмар болып алады. Аяқ киімге айналдыра шашқандай, кенептің үстіне тақап тұрып керекті бояуды пышылдатып шашып шығады, рахат. Көрмелерден көріп жүрген сол картиналар кейінгі жылдарда аяқ асты ізім-ғайым жоқ бо­лып кеткен соң бүкілодақтық сим­позиумдардың бірінде жолыққанында: «Соңғы кезде сендер аэрографпен сурет салмай кеттіңдер ғой, неге?» деп сұрайды Алпысбай суретші. «Бас тарттық, – дейді Балтық бо­йының суретшісі,– темір құ­ты живопись жанры үшін же­тілген құрал болса да, бәрібір қылқаламды алмастыра алмайды екен. Адамның миы, жүрегі, білімі, қолының энергия­сы, керек десеңіз, денсаулығы қатыспаған суреттің сезімге әсері де болмайтынын түсіндік». Фотосурет те, темір құтыдағы бояушашқыш та қылқаламның алдында дәрменсіз болатынын осы екі мысалдан аңғарып, су­рет­шіге тек қылқаламның ғана айнымас серік бола алатынын содан білген.

Қазақстанда «қымбат» су­рет­шілердің қатары көп емес. Әрине, бояулар гаммасының үйле­сімімен салынған, қызыл­ды-жасыл бояудың тереңіне жа­сырылған жаңалығы бар, се­зімді қозғайтын туындылар аса қымбат тұрады, бірақ қымбат болғанда, мұндағы әңгіме оның бағасы туралы емес. Тіпті ол жай бір қарағанда түсінікті бола салатын жүректі шым еткізер сұлу сурет те болмауы мүмкін. Алпысбай ағамыз сурет өнеріндегі «арзан-қымбат» деген шкаланы туындататын шеберлікті туындының энергетикасы анықтайтынын баса айтады. Өзі танымымен жеткен осы ақиқатты үнемі қаперінде ұстап, сезімге сыйлайтын жа­ғымды әсерін алдыңғы орынға шығарған Алпысбай Қазы­ғұ­ловтың картиналарында күң­гірт, қою, қанық түсті бояу­ларды бірте-бірте ашық, нәзік түстерге ұластыру себебі тап осында жатқаны оның шығармашылығымен та­ныс адамдардың баршасына аян. Оның полотноларында кәдімгідей драма бар. Көр­генде тіксініп қалу, селт ету, катаклизм, бұрын білмеген, көр­меген тосын жайтпен жолығу – Қазы­ғұлов картиналарына жан бітіріп тұрған қозғаушы қуат осылар. 

Алпысбай ағамыздың ай­туынша, суретші туынды­сын жазып жатқандағы шығар­машылық үдеріске жалғыз өзі ғана қатыспайды. «Кейде картинаны жазып отырғанда, ту сыртымнан біреудің келіп бақылап тұрғанын байқаймын. Артыма қараймын – ешкім жоқ. Барып, есікті тартып кө­ре­мін, жабық тұр. Отыра қа­лып, жұмысымды қайта жал­ғас­тырамын. «Әлгінің» сол мезет қайта пайда болғанын, менің қаламымнан көз алмай қарап тұрғанын бүкіл жұлын-жүйкеммен тағы сеземін. Әр туындыны қолға алған сайын қайталана берген соң мұны өзім­ше зерттей бастадым. За­ман­дас әріптестерімнен, жасы үлкен суретшілерден сұ­раймын. Олар екі иығын қомдап, «білмейміз» дейді де қояды. Бірде кітап оқып отырсам, онда: «Қалай жазғаныңды әл­декім иығыңа асылып қарап тұрады. Ол, бірінші – анаң, екінші – ұстазың, үшінші – Шекспир, төртінші – құдай» деп жазып қойыпты. Картинаны суретшінің жалғыз өзі жазбайтынын, шығармашылық үде­ріске басқа күштің де қаты­са­ты­нын сол кезде түсіндім» дейді ол. 

Ия, суретшілік өнердің тылсыммен байланыстылығын оны­мен таныстығы жоқ адам­ның өзі әлсіз түйсігімен там-тұмдап болса да, сезеді. Жо­ға­­рыда айтылған «энергети­ка» дегеннің картинаның «ағ­засына» тылсым күштің кө­мегімен кіруі әбден мүмкін еке­­нін суретшінің өзі де теріске шы­­ға­ра алмайды. 

А.Қазығұлов 1976 жылдан бері қырық жылдан аса уақыт сурет салып келеді. Осы жарты ғасырға жуықтаған уақытта бояудың жай ғана бояу емес, оның құпиясы болатынын, бояу­дың «ойлай» алатынын, ал ол құпияның кілтін ұлы Жа­ратушы таңдаған адамының қолына ғана беретінін түсінді және әлемдік сурет өнерін ойша бір шолып шыққанда, ол кілттің кімдердің қолына табыс­талғанын да көзі көрді. Бес ғасыр ілгері кеткен ба­тыстық сурет мәдениеті қиял­дың түпсіз терең болатынын дәлелдеп, әзірге құрық салдырмай келе жатқанымен, бояу құдыретін тануға, танытуға қыз­мет етіп жүрген ізденгіш қазақ суретшілерінің алдыңғы толқынындағы Алпысбай Қазығұловтың таңырқаған сайын таныла түсетін әлеміне сурет өнеріне табынатындар осынша ынтызар болмас еді. 

Тарихта тоқырап қалған, қолына мүлдем қалам ұстай алмай өмірінің соңында сар­қылып, не жазарын, қалай жазарын білмей қаңтарылып қалған суретшілер өте көп. Суретшіден себебін сұрадық. Тұнжырап ойланып отырды да: «Бұл туралы мен де көп ойландым. Ұзақ жылдардағы ойымның түйіні мынау болды. Суреткердің ниеті бұзылған кезде шығар­машылық та сарқылады. Басқа адамдарға риясыз көмек­тесу, жамандық ойламау, жақсы­лық жасауға асығып тұру, ақыл мен білімді тек қана ізгі­лік­тің жолына бағыттау – мі­не, шығармашылық адамын өсі­ретін қасиеттер». Сурет­шілер арасында тарту-таралғы жасау жағынан тартынбай, туын­дыларын музейлерге те­гін таратып, суретін сатып, ауру­ханаларға аппарат алып беріп, қайырымдылық ісімен ең көп айналысатын да мырза мінезді Алпысбай Қазығұлов екенін бұрыннан білетінбіз. Сырын енді аңдағандай бол­дық. Қоғамның бір қажетіне жарамасаң, жеке тұлға ретінде құның төмен.

Оның  дәл қазір бөгде тірлікке бас қатырмай алаңсыз жұмыс істеп жүрген шағы. «Қо­лының» жүріп тұрған кезінде жанына тыныштық бермей мазалаған ойын төкпей-шашпай қағаз бетіне түсіріп алуды ғана ойлайды. Сурет өнері, расымен, өнердің ішіндегі ең қиын өнер. Кейде шеберханасына барып, қолына қылқаламын ұс­тап шынтақтап ойланған күйі жазылып жатқан кенепке жалғыз сызық та тарта алмай жабығып, шаршап үйіне қай­татыны бар. Жайшылықта қауыр­сын құрлы салмағы болмай, саусақ арасында сусылдап,  жорғалай жөнелетін қылқаламы ондайда қырық пұттық кір та­сындай ауыр тартып, әл-дәр­менін құртады. Бұл барлық шығар­машылық адамының ба­сында бар өткінші ахуал болған­дық­тан, табиғатынан берілген сал­мақты мінезі тұтқиылдан бұрқ етіп келетін импульс пайда болғанша сол сәтті амалсыз күтеді. Ал сонша уақыт сандалған, сарсылтқан күндерді шабыт келіп тықсырып, сурет салу сағынышымен табыс­қандағы рахаттың не екенін суретші ғана түсінеді. Ондай сәтте оңаша бөлмесінде ол бала сияқты билеп те кетеді. Өз өнерімен тұтасып, балталасаң да ажырамайтын бүтін бір әлемге айналып кеткен тұлға әлі күнге дейін бояу сиқырына ар­балып, беймәлім жұмбақ дү­ниені ұғынуға талпынумен келеді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ