Қазақстан • 18 Қазан, 2017

Қазақ-қырғыз бауырластығы саяси амалдардың құрбаны болмауы тиіс

831 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қырғызстанда соңғы кезеңдердегі президенттік сайлаулар жанжалсыз, ұрыс-керіссіз, ереуілсіз өткен емес. Тіпті, сайлау науқандарында орын алған кейбір оқиғаларға «мемлекеттік төңкеріс» деген атау да берілді. Бұл жолғы сайлауда да түрлі келеңсіз жағдаяттар кездесті. 

Қазақ-қырғыз бауырластығы саяси амалдардың құрбаны болмауы тиіс

 

Дауыс беру басталмастан бұ­рын әлеуметтік желілер мен теле­арналар экранында «қара пиар­дың» дәуірі жүрді. Қыр­ғыз­стан президенттігіне үміт­кер болған О.Бабановтың Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуін пайдаланғандар да сайлау алдында «отқа май құйғандай» болды. 

Меніңше, біздің мемле­кеті­міз­дің басшысы А.Атамбаев­тың аталған кездесу жөніндегі әсерін білдірген пікірі жөнсіз болды. Соның салдары адам­дар, жүктер ағылып өтетін ше­ка­радағы жағдайдың ушығуы­на әкеліп соқты. Зардапты қа­рапайым ха­лық тартып отыр. 

Арамтамақтар мен өткеннің сан­дырағын, жалған ақпаратты жаны сүйе­тіндердің шапшаң қи­мылдап, бауыр­лас екі ел­дің көпғасырлық ортақ тари­­хын­­дағы өміршең және мәңгі­лік есте­ліктердің орнына қыр­ғыз-қазақ ара­сындағы кей­бір түкке тұрмайтын кикілжің­дерді жа­һанға жайып, шала бү­лін­ген­дерін көру мен үшін ауыр бол­ды. Мұндай «негатив­тер» олар­­дың құмарын қан­дыр­ған­дай. Мұн­дай ниеті бөтен жан­дар­­дың әрекетіне не айтуға болады?!

Біреулер бізді мәңгілікке біріктірген, жақындастырған, бір мақсатқа жете­леген, тарихи үдерістің мызғымас дос­ты­ғын қалыптастырған заманды еске алған­ды жөн көрсе, келесілері естен шық­қан, өткеннің қажет­сіз тұстарын қазба­лап, өсек-аяңға еруде. Мұндай кере­ғар, сыңаржақ пікірдегі адам­дар­ды тың­дауды, өзара ынты­ма­ғымызға сына қағатын, қос тарапты алшақтатуға тыры­сатын негізсіз пікірталасқа баруды өз-өзін құрметтемеу деп есептеймін. 

Әлбетте, ара-тұра өзара от­басылық, үйішілік келіс­пеу­шіліктер орын алып жата­тыны рас. Әйтсе де, бұлар сан­ды­раққа, әзіл-қалжыңға, өті­рік­ке сүйенген және шы­на­йы ғылымнан алыс, шын­дығы жоқ әңгімелерге иек арт­қан көріністер ғана. Мұн­дай жағдайлар ортақ тари­хы­мыздың жілігін шаға­тындарға, татулық пен жара­сым­ды қатынастарды жақ­тай­тын азаматтарға, бауырлас­тығы­мызға құрметпен қарайтын жандарға өзінің кері ықпалын тигізе алмайтыны анық. 

Негізінде, қырғыз бен қа­зақ­ты мың­даған жылдар бойы мекен болған ортақ гео­гра­фия мен тіл ғана емес, сон­дай-ақ ортақ генетикалық код, тағ­дырдың өзі анықтап берген шынайы қазақ-қырғыз бауырластығы, тамыры терең этномәдени түсіністік байланыс­тырады.

Көптеген жылдар бойы Шың­ғыс Тө­ре­құлұлы Айт­матов­пен жақын әңгіме­лесу­дің мүмкіндігі болды. Ол ұлы жазушы Мұхтар Омар­хан­ұлы Әуезовтің кімнің мық­ты екенін анықтау үшін өт­кен тарихты қазбалап, қазір­г­і уақыттағы жағдайды мы­сал ретінде көлденең тар­та­тындарға зығырданы қай­на­ғанын бірнеше рет айтып берген болатын. Оның көзінше қырғыз-қазақ тақырыбына қатысты кез келген әзілді немесе жағымсыз халық әфсанасын айтуға тыйым салынған еді. 

Тарих талай ғасырлар бойы қалып­тас­қан біздің бауыр­лас­тығымыздың көп­те­ген таң­ғажайып көріністерін, байла­ныстарымыздың озық үлгі­лерін ұмытқан жоқ. «Достық» ұғымы бізге сай келмейді. Өйт­кені «дос» басқа, ал «бауыр», тіпті, бөлек ұғым... Бауыр­дың жөні бөлек.

А.Атамбаев тарихи тұрғыдан алып қа­ра­ғанда қазақтар мен қырғыздардың бір халық екенін дұрыс айтты. Біздің кей­бір әуесқой тарих­шыларымыз бен этно­граф­тарымыз ойына келгенін жазып, мойындамаса да, бір нәрсе анық – біз бір тілде сөйлейтін, мәдениеті біртекті халық­пыз. Ағылшындар ара­ны Атлант мұхиты бөліп жат­қаны­мен, аме­ри­калықтар мен британиялықтардың бір халық екенін айтуды жақсы көреді. Сол секіл­ді, қырғыздар мен қазақ­тар бір-бірі­не өте ұқсас мәде­ниеті мен тілі бар, КСРО құ­ла­ғаннан кейін шекара сыз­ған халықтар. 

Қырғыз бен қазақтың бауыр­­­ласты­ғы­ның негізгі ірге­тасы мен беріктігінің кілті неде, бізді не біріктіреді? Шы­нымды айтсам, бұл сауал төңі­регінде сөз қозғауға баты­лым бара бермейді. Өйт­­кені оның жауабы ауқымды, қа­зақ даласындай кең және «Манас» жы­ры секілді маз­мұны терең. Әлгі сұрақ­қа жауап ретінде көптеген кітап­тар жа­зы­лып, сансыз дис­сер­та­ция­­лар қорға­лып, ән шы­ға­рылып, аңыздар айтылған. Қырғыз халқының бауырлас қазақтармен байланысын ай­ғақ­тайтын жан тебірентерлік, мән-маңызы жоғары, тамыры тереңнен тартылған мысал­дар жеткілікті. Ең бас­т­ысы, бізді ортақ тағдыр мен тарих алдындағы ортақ жауап­кершілік біріктірді. 

Әлбетте, қазақтар мен қыр­ғыздардың алдында үлкен міндеттер тұр. Бұл мін­дет­тер бауырлас екі елдің өздері­нің мем­лекеттіліктерін, тәуел­сіз­діктерін, ұлттық бі­ре­гей­ліктерін сақтап, нығайтуға тіке­лей қатысты. Бұл – пафос емес, шындық. 

«Кімнің байлығы көп, кім­дікі аз, кімнің аумағы үл­кен немесе кімдікі кіші, кім­нің халқы көп», деген тақы­рып­тардың айналасындағы өнімсіз дау-дамай бізге жараспайды. Әркімнің байлығы – Жарату­шы Құдайдың бергені. Өмірдің мән-маңызы, бақыты ақшада не зейнетақы мен жәрдемақы көлемінде емес. Нағыз бақыт – бейбітшілік пен ты­ныш­тық. Бақыт – Бішкекке жақын жерде заманауи мегаполис Алматы қаласының болуында және онда қалаған уақытта аудар­машысыз бара алуымызда. Бақыт – кез келген қазақтың Ыстықкөлге қонақ болып, ортақ ата-бабамыздың мекеніне аунап-қунап қайтуында. 

Біздер мұндай бақытты көздің қара­шы­ғындай сақтап, қорғауымыз керек. Кімнен, неден қорғауымыз керек? Жауап берейін. Қырғыз бен қазаққа нә­сіп болған игіліктерімізді көз тиюден, рухы кедей адамдардан, бауыр­ластық ұғы­мының не екенін түсінбейтін ниеті бөтендерден қызғыштай қорғауымыз қажет. Бұл – өте маңызды мәселе. Мен мұны рухани тазару жолын­дағы ізгілікті қадам деп атар едім. Мұндай шараларды кезінде біздің аталарымыз, бабаларымыз жүзеге асырған. Біз де, яғни қазақтар мен қыр­ғыздардың бүгінгі буыны да осы ата жолын жалғауымыз керек. Бізден кейінгілер де бабаларымыз желбіреткен бауырластық туын өз биігінен түсірмеуі керек. Сол үшін жас ұрпаққа дұрыс бағыт көрсеткеніміз абзал. 

Қорытынды ретінде мы­наны айтқым келеді: қазақ пен қырғыз бауырластығы саяси амалдардың құрбаны бо­лмауы тиіс. Бұл – этномәд­е­ни, генетикалық, тарихи және мәңгілік құндылық. Екі халық­тың туыс­тығы – өзара ынты­мақтастықтың басты ке­пілі. Мұны баршамыз, әсі­ресе сая­саткерлер және осы­­нау алып этно-мәдени және гео­гра­фиялық аймаққа са­парға шық­қандар есте ұстауы тиіс. Соны­мен бірге қырғыздар мен қазақтар бауырластықтың шынайы жолынан адасып қалу қаупін туындатпауы қажет.

Осмонакун ИБРАИМОВ,
Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор, Қырғызстанның 
экс-мемлекеттік хатшысы, Төтенше және өкілетті елші