Қазақстан • 18 Қазан, 2017

Көрші елден келетін өнімдерде зиянкестер көп

361 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінгі күнге дейін Республикалық өсімдіктер карантині орталығы зертханасында көптеген сараптама жасалды. Соның нәтижесі көрсеткендей, Өзбекстаннан келетін өнімдерде 3 түрлі зиянкес жиі кездессе, Қырғызстаннан тасымалданған тауарларда олардың саны 9-ға жетіп отыр. Яғни сараптаманың қорытындысы Қырғызстаннан келетін өнімдердің қаупі жоғары екенін көрсетеді.

Көрші елден келетін өнімдерде зиянкестер көп

 Сондықтан бұл елдің тауарларына санитарлық тексеруді күшейткен жөн. Әйтпесе, көрші елден әкелінген зиянкестер еліміздегі өнімдерге қауіп төндіреді. Өз кезегінде Қазақстанға бұл жағдай экономикалық тұрғыдан зиянын тигізетіні белгілі. 

Күшейтілген фитосанитарлық бақылауда 127 жүк көлігі тексеріліп, 20 көліктік бұзушылық белгілі болды. Қайтарылған жалпы өнімнің көлемі – 202 тонна. Үш рет карантинге қойылған зиянды жәндіктері бар тауарлар тіркелді. Мәселен, 16 қазанда Жамбыл облысындағы Қарасу бақылау бекетінде Volvo 6884 автокөлігіне тиелген 20,6 тонна жүктен (құрма, анар, жүзім) «Комсток» құрттары табылды.

Дәл осы күні Қордайда Mercedes автокөлігі әкетіп бара жатқан 2,9 тонна алмада «Шығыс жеміс жегіші» деп аталатын зиянкес бар екені анықталды. Қордайдағы Барыс бөлімшесінде тексерілген 3 тонна жүзімнен ауру жеміс шыбыны шықты. Тәркіленген тауардың бәрі Қырғызстанға қайтарылды. Қырғызстан тарапынан Қазақстанның фитосанитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайлар бірнеше рет тіркелсе, ол жақтан келетін өнімдерге шектеу қоюға тура келеді. 

 

Бауыржан ҚАЛИЕВ,
Ауыл шаруашылығы министрлігі Республикалық өсімдіктер карантині орталығы басшысының орынбасары