Қазақстан • 18 Қазан, 2017

Көп тілегі – көл

640 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық сана-сезім, рухани жаңғыру қазақ әліпбиін өзгертуден басталады десек, артық айтқандық емес. Жазу реформасы – гуманитарлық, рухани, әлеуметтік мазмұнға ие мемлекеттік шара. Уақыт сынағынан өткен латын жазуына көшу болашақ үшін өте маңызды екенін жұртшылық та түсініп отыр. Себебі бүгінде кириллицаның аясы тарылып келеді. Оның орнын басқан ағылшын тілінің қажеттілігін өркениетті әлем баяғыда мойындаған.

Көп тілегі – көл

 Келтірілген деректер бойынша ұзын-ырғасы 300-ге тарта жоба қарастырылған. Латын әліпбиін талдап, құрастыратын жұмыс тобы Елбасымызға төл әліпбиіміздің екінші нұсқасын таныстырды. Бұл жолғы нұсқада төл дыбыстарымыз дәйекше белгілері арқылы таңбаланған. «Бір дыбыс – бір әріп» қағидатын ұстанған ғалымдарымыз көпшіліктің пікірі мен ұсыныстарын ескере отыра ғылыми талдауға негізделген қазақ әліпбиін жасауға талпынғаны байқалады. Көптеген халықаралық терминдерді жазуға керек болатын В, Ф, Х, һ әріптері де ескерілген. Қазақ тілі ең бай, ең әуезді көркем тіл саналатындықтан, төл дыбыстарымыздан айырылып қалмай, артикуляциялық ерекшелігімізді толық көрсетіп бере алатын, сингармонизм заңдылығын сақтайтын әліпбидің болуын тілейміз.

Ең бастысы жазуымыз ұлттық сипат алып, қазақы келбетімізді танытатын, айтуға жеңіл, жазуға қолайлы болғаны жөн. Бұл жазу – елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын, халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш. Әрине басқа түркі тілдес елдерде төл дыбыстарын жеке лигатуралар арқылы білдіреді және олар да «бір дыбыс – бір әріп» қағидатын ұстанған. Бір сөзбен айтқанда, дыбыстарды беруде жалпыға кеңінен таралған тәсілдерді пайдалану көзделген.

Компьютердің шрифтін, пернетақ­та­дағы белгілерді ауыстырмай-ақ қазақ­ша мәтін басу жеңілдігі берілген әліпбидің ұтымдылығын көрсетсе керек. Жаңа әліпби қосымша ешқандай драйверлерсіз-ақ қазақ сөздерін тере беруге, ақпараттық технологияларда қазақ тілін кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. Кез келген алфавитте терілген мәтінді ұялы телефонда болмаса компьютерде болсын санаулы уақытта аударып шығуға мүмкіндік туғызып отырған IT-бағдарламасы мамандарының ұлттық руханияттың дамуына қосып жатқан еңбектері өлшеусіз. Латын әліпбиіне көшетін болсақ, кешегі, бүгінгі рухани дүниелеріміздің бәрін сауатты қалпында аударып алу міндетін де ұмытпауымыз қажет. Латын әліпбиіне көшу барысында түрлі топонимикалық, антропонимикалық (есімтану) және терминологиялық мәселелерді де шешіп алу мүмкіндіктерін ескермей болмайды.

Бір сөзбен айтқанда  латын графикасына көшу – 42 әріпті латын әріптерімен алмастыра салу емес, тілімізді жат ережелер мен белгілерден тазарту, емлені қазақ тіліне бейімдеу болып табылады. Бір әліпбиден екінші әліпбиге көшу қысқа мерзімді науқан түрінде емес, жоспарлы, жүйелі түрде әрі кезең-кезеңімен іске асырудың қарастырылып отырғаны сондықтан. Кириллицаны үйрену әрі оны жазуда қолдану шетелде тұратын отандастарымыз үшін қиын. Сондықтан латын әліпбиінің түбі бір түркі халықтар байланысын күшейтіп, ұлттық бірегейлікті сақтауға тигізетін әсері мол. 

ҚР мемлекеттік тілінің жаңа әліп­биі­нің бірыңғай стандартын бекіту алдағы уақытта жүргізілетін жауапкершілігі мол, аса ауқымды шаралардың басы болып табылады. Атап айтсақ, жаңа әліпби бойынша ғылыми-әдістемелік, құқықтық базаны даярлау, білім ошақ­тары үшін мұғалімдер мен тіл мамандары қауымын оқыту, оқулықтар мен орфографиялық сөздіктер жазу деген сияқты маңызды жұмыстар өз­ кезегін күтіп тұр. Ең бастысы, қа­зақ­тың сөзінің әрбір үндес әуезін сақ­тайтын және морфема құрамын, буын тү­рін, тасымал ережесін бұзбайтын ор­фографиялық емле ережелерін жасау қажет. Бұл бір жағынан бұрынғы сөздіктерде кеткен «әттеген-ай» дейтін тұстарымызды қайта қарап, жаңа жазуға негіздеп қайта құрастыруға мүмкіндік береді.

Латын әліпбиінің жалпыға бірдей стандарты қабылданғаннан кейін бірден көшедегі көрнекіліктерді, жарнамалар мен маңдайшаларды, баспасөз бетеріндегі айдарларды латынша жаза берген дұрыс деген пікірді қолдаймын. Ол жаңа әліпбиге халықтың көзі үйреніп, оны тезірек қабылдауларына оң ықпалын тигізері сөзсіз. «Берілген жаңа латын әліпбиінің нұсқасы қоғамда әлі талқыланады, артық, кемшіліктері көрсетілген соң барып қана бекітіледі» деген Президент жанындағы рухани жаңғыру жөніндегі Ұлттық комиссияның пікірі көңілімізге қонады.

Ендігі кезекте жарқын болашаққа бастайтын маңызды мемлекеттік шараны жүзеге асыру үшін жұртшылықтың бір арнаға тоғысқан ортақ ой-пікірлері керек. Ол үшін бұл нұсқа одан әрі жетілдірілсе деген тілегіміз бар. «Көп тілегі – көл» деп дана халқымыз текке айтпаған.

 

 

Жанар ТАЛАСПАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты

Солтүстік Қазақстан облысы