Аймақтар • 19 Қазан, 2017

Қобда ауданында жаңа мектеп есігін ашты

641 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қобда ауданының Қобда ауылында 320 орындық жаңа мектеп-гимназия ашылды. Салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Қобда ауданында жаңа мектеп есігін ашты

«Тәуелсіздік алған күннен бастап президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстаннның болашағы үшін білім саласына баса назар аударып келеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде мыңнан аса мектеп салынды. Мұның бәрі де өскелең ұрпақтың халықаралық стандарттарға сай білім алып, Қазақстанның әлемнің 30 дамыған елдер қатарына тезірек енуіне өз үлестерін қосуы үшін жасалуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы жылы Ақтөбе облысында 25 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның 11-і ендігі пайдалануға беріліп те қойған. Жыл соңына дейін тағы төрт мектеп ашылады,» деп атап өтті облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде.

Жаңа мектеп заманауи компьютерлерлік және кеңсе техникасымен жабдықталған, оқушылардың білім алып, физикалық дамуы үшін барлық тиісті қолайлы жағдай бар. Үш қабатты ғимаратта спорттық және акт залдары, кітапхана, жаңа модификациялы оқу кабинеттері, медиатека, қысқы бақ, демалыс орындары мен тағы басқалар бар. Құрылыстың жалпы құны - 760 млн. теңгеден асады.

«Бүгін қобдалықтардың жүректері қуанышқа толы. Өйткені, біздің балаларымыз енді осындай әдемі, заманауи мектепте оқитын болады. Мен мұнда олардың лайықты білім мен рухани тәрбие алатынына сенімдімін. Бұл оқиға оқушылар мен олардың ата-аналарының жүректерінде мәңгіге қалады. Бұл қуаныш, ең алдымен, біздің еліміздің Тәуелсіздігінің, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының арқасында мүмкін болды. Мен де қобдалықтардың атынан Бердібек Мәшбекұлына Президент тапсырмасын өңірімізде мінсіз орындағаны үшін алғысымды білдіргім келеді,» деді ата-аналар мен оқушылардың және жұртшылық атынан сөз сөйлеген Зардахан Әбігей.

Жаңа оқу орнының ашылуымен үш ауысыммен оқу мәселесі шешілді.

«Осы күнге дейін Қобда ауылының барлық 314 оқушысы үш ауысымда оқып келді. Енді ондай мәселе болмайды. Ғимарат – заманауи, әдемі. Мұнда балаларға жағымды әрі қызықты болып, білім беру сапасы жақсарады деп сенемін,» деді мектеп директорының орынбасары Әсия Нұрбаева.

Қобда ауданына жұмыс сапары барысында өңір басшысы жаңа «Отан Ана» және «Мәңгілік ел» бақтарында болды. «Отан ана» бағының бірнеше тақырыптық аймақтары бар, олардың бірі Кеңес Одағының батыры, Қобда ауданының тумасы Әлия Молдағұловаға арналған. Осы жылғы күзде атақты мерген қызға биіктігі төрт метр болатын ескерткіш орнатылмақ.

«Мәңгілік ел» бағы да тақырыптық аймақтарға бөлінген. Мұндағы таста Ұлы Отан соғысынан оралмаған 3,5 мың қобдалықтың және осы өлкенің саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған 300 тумасының есімі жазылған. Бақтың аумағы 13,8 мың шаршы метр, ал оның маңызды ерекшелігі – алаңда орнатылған 21 метрлік ту тұғыры болып табылады.  

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ