Тарих • 23 Қазан, 2017

Қайраткерлер қолтаңбасы «Егеменде» қайта жаңғырады

396 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» – ғасырлық тарихқа ие арда газет. 1919 жылы 17 жел­тоқсанда «Ұшқын» деген атпен ашылған газет «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», кейіннен «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» атауымен жарыққа шықты.

Қайраткерлер қолтаңбасы «Егеменде» қайта жаңғырады

Еліміз егемендік алған тұста «Егеменді Қазақстан» аталып, 1993 жылы «Еге­мен Қазақстан» болып өзгер­ген еді. Халқымыздың өте күр­делі кезеңдерінің куәсі болған бұл газеттің тіз­­гінін әріде Смағұл Сә­дуа­қасов, Жүсіпбек Ай­мауы­тов, Мұхтар Әуе­зов, Бейімбет Майлин, Сә­кен Сей­фуллин, Тұрар Рыс­құлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, беріде Шерхан Мұртаза, Әбіш Ке­кілбаев сын­ды алаштың ай­маңдай асылдары ұстаған еді. Осы уақыттарда газет бе­тінде халқымыздың небір қайраткер тұл­ғаларының қасиетті қалам іздері қалды.
Жүзжылдықтың табал­ды­рығын аттағалы тұрған газетіміздің таңбалы тарихына шолу жасалып, өткен күннің белгілерін қайта бір бедерлеу үшін қазір газет қызметкерлері мен Журналистика мәселелерін зерттеу институты тізе қоса отырып арнайы он томдық даярлау үстінде. Осы орайда оқырманға күрмеуі қи­ын күрделі кезеңдерде ұлт қаймақтарының еліне,  же­ріне, тіл, діні һәм діліне байланыс­ты жазылған жан сырлары, жүрек үні іспетті мақалаларынан үзінділер ұсы­нып отырғанды жөн санадық. 
Айта кетер жайт, кей тұста қазіргі түсінікке ауырлау, тосын сезілетін сөйлем­дер болса да біз мақаланың стиліне, сөз, сөйлемдеріне еш қол тигізбедік. Өйткені сол уақыттың өз жазу мә­не­рі, өз қолтаңбасы бар. Сезе алған адамға оның өзі «Еге­меннің» ескі сандығы­ның түбінде жатып әбден кепкен кержусанның иісіндей бұрқырап тұрған жоқ па?! Ендеше мұны да ұлттық сананың жаң­ғыруына жасалынып жат­қан бір шаруа деп білі­ңіз. Ал мақалалардың көле­мін қысқартуға мәжбүр еке­німізді оқырман қауым айтпасақ та түсінеді деген ойдамыз.
Төменде Смағұл Сәдуа­қасовтың «Еңбек туы» газетінің 1920 жылғы №3 санында жарияланған «Сібір­дегі қазақтар туралы» атты мақаласын ұсындық. 


Сібірдегі қазақтар туралы

Россияның кіндік коми­тетінің һәм Халық Комис­сарлар Советінің биылғы жылғы бірінші сентябрьде шығарған декреті (зако­ны) бойынша Қазақстан Республикасына Ақмола мен Семей облыстары да кіруші еді. Бірақ ол уақыттағы Қа­зақ Республикасының бас мекемелерінің осалдығын еске алып һәм Ақмола мен Семей Сібір ревкомдардың қол астына кіріп, совет жолымен іске кіріскеннен кейін бұл екі облыс уақытша қазақтың кіндік мекемелері дұрыстап жасалғанша Сібір ревкомдардың қарамағында қалдырылып еді.

Күздігүнгі болып өткен жалпы қазақ жиылысы «бұл екі облыс 1-ші январьдан бастап Қазақ Респуб­ликасының қарамағына кірсін» деп қау­лы қылды. Оған дейін әртүрлі жұмыстарды ыңғай­лап, даярлай беруге Сібірге (Омбыға) қазақтың кіндік коми­тетінің атынан уәкілдер жіберілді. Бұл уәкілдердің істейтін жұмысы Ақмола мен Семей облыстарын осы бастан меншіктеніп, онда Қазақ үкіметінің саясатын жүргізіп һәм ондағы Сібір ревкомының істеп жатқан жұмыстарын өз қолынан өткізіп тұрмақ еді.

Қазақ автономиясын жариялаған бірінші сентябрь декреті шықты. Ол дек­ретте «Ақмола мен Семей Қазақстанға кіреді» деп анық айтылды. Октябрьдегі жалпы қазақ жиылысы қаулы шығарды, Қазақстанның кіндік комитеті Сібірге кісілерін жіберді, ол кісі­лерге ашық жобалар берілді.
Ақылға салғанда да, законға келгенде де біздің жіберген кісілерімізді Сібір ревком құп алса керек еді; ол кісілеріміз қолына беріл­ген жоба бойынша іске кіріссе керек еді; 1-ші январь­да Ақмола мен Семей Қазақ­стан­ға кірсе керек еді.

Жоқ, іс жүзінде біздің ой­лаған ойымыз өтірік болып шықты. Сібір Ревком аяқты теріске басты. Сібір Ревкомның ойы бойынша, бұл екі облыс Қазақстанға кіруге әлі даяр болмаса керек. Әлі Сібір ревкомның шаруасы бітпесе керек: мал алу бар, кісі алу бар, тері жию бар, шөп алу һәм бас­қа толып жатқан алатын нәр­селер – соның бәрін 1-ші январьға дейін бітіре алмаймын дейтін секілді. Сібір ревкомның отряды елден малды тартып алып келсе, оны Сібір ревком книгесіне жазғанда «қазақтар өз еркі­мен берді, бұлар көңілді төлейтін көрінеді» деп қо­сым­ша тағы салық салады. Мысалы, Омбы үйезіне сал­ған малының есебі тірі қалған малдың санынан көп. Бұны көрген соң «көңілді» қазақтар Омбыдағы Қазақ­­станның уәкіліне шауып-шауып кел­ген. Бұл іске біз­дің уәкілдеріміз қа­ты­сып, мәсе­ле басқаша болып шешіледі.

Сібір ревкомның бұдан басқа да істеп жатқан «әде­мі» жұмыстары толып жатыр. Ақмола облысын­да бір үйезге «алпыс мың қойдың терісін илеп бер» деп жарлық етеді, бір үйез­ге «жұ­­мыртқа тап» деп бұйы­рады. Бұл бақырдың бір жағы, енді екінші жағын аударып көрейік.

Омбыда һәм Бийскіде мыңдаған қазақ әскерлері жатыр. Қызыл әскер – совет өкіметінің қорғаны. Қызыл әскер – Россияның еркесі. Киім де сонікі, тамағы да соні­кі, кітап, білім де сонікі. Қы­зыл әскерде қалған жан – жан, мал – мал, Сібірде жатқан қызыл әскер олай емес. Қазақ солдаттары киім­­­сіз, тамақсыз ұлып жүр. Нау­­қасқа шал­дықты, алдына өлім кіре бастапты, оларға кітап оқыту, білім тарату үш ұйық­­­таса Сібір ревкомының түсіне кірмейді.
Сібірде толып жатқан жұмыс­керлер бар, кедейлер бар, олар әлі Со­вет өкіметінің не нәрсе екенін біл­мейді. Тыртиған арық атын жұма сайын мінетінін біледі; шұнтиған жалғыз тайын­шасын ертең салыққа алатынын біледі.

Ақмола облысында Спас­ский, Ус­пенский Жезқа­зған­­ский, Сары­суйский де­ген фабрик-зауыттар бар. Семей облысында Екібастұз, Жармақ деген жер­лер бар – осылардың бәрінде мың­даған қазақ жұмыс­керлері нағыз қаратабан пролетариат. Бұлар газет оқи білмейді, бұлар ұйымдасқан жоқ, ком­мунист партиясының не екендігін де бұлар әлі түсінген жоқ. Сібір ревкомы не қылып отыр? Ешнәрсе де қылған жоқ.

Осының бәрін көз ал­дыңа әкеліп байқағанда өзінен өзі бір сауал туады. Сібір ревком түк істей алмаса, қолынан ешнәрсе келмесе, ол сол екі облыс­тан тыр­ты­сып неге айырылмайды? Соншама жабысқандай не іс қылды? Жауап жалғыз, жауап ашық. Оны айтып біз уақыт оздырмаймыз.
Біздің ойымызша автономия болған соң жалпы қазақ бірігу керек. Біз жалпы қазақты біріктіріп, автономия жасағанда ол авто­номияны ешуақытта мақсұт етіп ұстамаймыз. Бізге төрелік керек емес. Біз атақ ізде­ген кісілер емес­піз. Біздің ниетіміз – авто­номияшылдық емес. Біз автономия керек дегенде айтатын дәлеліміз мынау: әр халықтың тілі бөлек, тұрмысы бөлек. Жалпы, адамшылық бақытқа жету үшін әр халық өз тілінде мәде­ниетке қожа болып, өз шаруасына қарай тұр­мысын өзгерту керек (сабасына қарай піс­пегі). Адамшылықтың шам­шы­рағы болған комму­нис­тердің алғашқы басшысы Карл Маркс осыны айтады.

Ал енді біз осы күнгідей қазақ халқының жартысын ана арбаның соңына, жартысын мына арбаның соңына тіркесек, әлгі айтылған негізге дұрыс келеміз бе? Бә­ріне бірдей тілі бар, бә­ріне бірдей шаруасы бар ха­лықты бөлшектеп, быты­ратып жіберген соң, ол қалайша мәдениетке жет­пек­ші, қа­лайша шаруасын өзгерт­пекші, қалай­ша жалпы еңбекшілдер тобына қосылып, адамшылықтың санаулы бір ұлы болмақшы?
Бұл сұрауларға да жауап ашық. Түсіндіріп біз әуре болмаймыз.

Олай болса, қазақ халқы­ның бірі­гуіне бөгет болған адамдар коммунизмді дұрыстап ұғына алмай жүр. Олардың ойынша қазақтың халқына бұрын орыстың жылтырма маңдай төрелері қожа болса, енді шала коммунистері қожа болуы керек.

Олардың ойынша қазақ халқы дүлей, қараңғы, меңі­реу, жуас, түкті біл­мейді. Сондықтан олар ұйпалап, си­палауға көне береді. Жоқ, олай емес! Омбыдан шық­қан «батырлар» ондай ойла­рыңның мезгілі өтің­кіреп кетті. Еңбекшіл қазақ халқы ұйқысынан әлде­қашан оянған. Оның көзі бәрін көріп отыр. Қазақ халқы бұрынғыдай жетім емес, ақжүрек, жауынгер ерлері толып жатыр. Олар коммунист болғанда қазақ халқын құл қылуға болған жоқ, ұл қылуға болды. Қазақ халқын баяғыдай біреудің текпісіне салғалы болған жоқ. бәлки, көгертуге, жалпы еңбекшілдер тобына қосуға болды. Өзімізді өзіміз бауыздау бізге тым-ақ қызық емес. Олай болса, қазақтың еңбекшілдері бірігеді, көгереді, жасайды.

Дайындаған 

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»