Аймақтар • 27 Қазан, 2017

Павлодарда Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды

374 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Саяжай деп аталатын шағын ауданда «Greenwich» гипермаркеті сауда орны өз жұмысын бастады. 

Павлодарда Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды

Бұл жерде бұрын  құрылысы аяқталмай ұзақ жылдар тұрған ғимарат болған-ды. Енді міне, жаңа заман сауда үйі жаңарып, жарқырап тұр.

Гипермаркеттің бой көтеріп, іске қосылуына 130 миллион теңге жұмсалып, қазір 60  адам жұмысқа алынды. Сауда үйінің сөрелері толып тұр, не керектің бәрі де бар. Саяжай шағын ауданы облыс орталығынан шеткері орналасқандықтан, азық-түлік өнімдері, көкөніс, басқа да күнделікті тұтыну заттары бар  гипермаркеттің қажеттігі бұрыннан бері-ақ айытылып жүрген-ді.

Екінші бір ерекшелігі, сауда үйінде Халыққа қызмет көрсету орталығының ашылуына шағын аудан тұрғындары қуанышты. Өйткені, облыс орталығында орналасқан орталықтың негізгі кеңсесінің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Енді көші-қон полициясының кеңсесі де ашылуы мүмкін. Бұл кеңсе мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде жұмыс жасауда. Орталық сауда үйіне жалгерлік төлемақы жасалмайды, тек коммуналдық қызметтер төленеді. Шағын аудан тұрғындары үшін  тиімді жағдай жасалды.

Фарида Бықай,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар