Әдебиет • 30 Қазан, 2017

Түрік аспанындағы қазақ жұлдызы (эссе)

739 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ескіщеһир. Біздіңше, Ескішаһар.
Бірақ, түрік жеріне қонақ болып келген соң, түрік тілінің әуезіне сай етіп айтқанды қалай­сыз. Бәлкім, бұл да бір мәде­ниеттің, сырмінез сыйластықтың белгісі шығар. 

Түрік аспанындағы қазақ жұлдызы (эссе)

Әрі, осындайда өзіміздің Алматыны – Алма-ата, Боран­дыны – Бурный, Шақ­пақты­­ны – Кремневка, Ақсуды – Белые воды атандырғысы келген кешегі қатал жүйенің өктемдігі есіңе түсіп, тағы да бір тіксініп қаласың.

«Тәубе, – дейсің іштей, – тәубе!» Тәуелсіздігімізді баянды ете гөр, Жаратқан. Әйтпесе, бізге жер ортасындағы Ескішеһирде емен-жарқын сырласып, емін-еркін жүру қайда-а-а!..

Мына жалғанда жаратқан иемізді еске алған пенденің ерік­сіз аспанға қарайтын әдеті.

Паһ, шіркін! Ескішеһир­дің аспанында көз қысып, жы­мың-жымың еткен жұлдыз­дар шүпірлеп тұр. Жаңа ғана қала мэрінің кең дастарқанынан шыққан біздің мейман көңілі­мізге көп жұлдыздың ішін­дегі әне-е-еу біреуісі ерекше жар­қырап, мейірлене қарап тұрғандай.

«Кім білсін, бұл Сүгірәлі ағамның жұлдызы шығар» деген бір ой келеді менің басыма.

Себебі, жаңа ғана қала әкім­дігінің ақ сарайында Түркі дүниесі қаламгерлерінің форумына келген қонақтардың алдында Ескішеһир қаласы­ның оркестрі қазақ композиторы Сүгірәлі Сапарәлиевтің «Жұлдызым» әнін шырқағанда, көңі­лі­міз көкке көтерілді емес пе?!

Құйылып көзіңнен нұр, 
Ерекше сезіммен бір,
Тұнжырап қара меңің, 
Сен маған қарап едің...

Бала күнімізден құлаққа таныс, жүрекке жақын ән ғой. Ә деп басталғаннан-ақ, қалай қосыла кеткеніңді өзің де бай­қамай қаласың.

...Біз Сүгірәлі көкемізді кейін, мектеп бітіріп, Шымкентке келгенде бір-ақ көрдік. Ұзын бойлы, ашаң жүзді, ақ көңіл жігіт екен. Ән тыңдағанда арқасы қозып, аяқ-қолымен «такт» жасап, жан-дүниесімен беріліп отырып тыңдайтын әдеті бар деседі.

Сонсоң біз оқу іздеп, Алма­тыға кетіп қалдық. Бірте-бірте ел жаққа, әсіресе, ауылға сирек баратын болдық. Сөйтіп жүріп баяғы «Жұлдызым» әнін де, Сүгірәлі ағамызды да ұмыта бастадық...

Біздің ойымызша, белгілі бір кезеңде хитқа айналған әсем әннің тағдыры – бүкіл елді бетіне қаратқан сұлу қыз­дың тағдырына ұқсайды. Себебі, ауылдың көркін келті­ріп, қызғалдақтай құлпырып жүрген бойжеткен ерте ме, кеш пе, тағдырдың бұйры­ғы­мен басқа жаққа ұзаты­лып кете барады. Әне, сол кезде ел іші құлазып, өзінің бір қимас қазынасынан айырылған­дай біразға шейін бұйығып, іштен тынып қалады. Бірақ, көп өтпей-ақ тағы да бір үйдің қызы бой түзеп, құлпырып шыға келеді. 

Ән де солай. Кешегі хит-әннің орнын бүгін басқа бір хит-ән басады... 

* * * 

Бірде Оңтүстік Қазақстан облысының Алматыда өткіз­ген мәдени іс-шаралары­ның бірінен шығып, көлік кү­тіп тұрған Сүгірәлі ағамды көріп қалдым да:

– Көке, не болды? Бір жаққа асығып тұр ма едіңіз? – деп бұрыла кеттім.
– Иә, – деп, ағам басын изеп, қуанып қалды. – Әлгі Гагарин көшесінің жоғарғы жағындағы бір үйге баруым керек еді.
– Олай болса, отырыңыз, – дедім машинаның есігін ашып.
– Рақмет, айналайын.

Сөйттік те, ақ бас Алатауды бетке алып, қаланың жоғарғы жағына қарай зымырап кете бардық. Жаңа ғана жаңбыр суы жуып өткен тап-таза көшелерге таңырқай қарап:

– Алматы сұлу қала, ә! – деп күлімсіреген ағам кенет тізе­сіне қойып отырған қоңыр сөмкесінің аузын сырт еткізіп ашып, ішінен бір жап-жаңа кассетаны суырып алды. – Мынау менің әндерімнің жинағы еді, інім. Кеше ғана осындағы студиядан басылып шықты.
– Оу, құтты болсын! Көрім­дік бізден! – дедім қуанып.
Ал, ағам болса, екі езуі екі құлағына қарай жайылып:
– Әй, сенің осы, «көке» деп сыйлап, екі аяғымды жерге тигізбей әкеле жатқаныңның өзі бір көрімдік! – деп қойды. – Кәне, мынаны қойып жіберші!

Мен оның қолындағы кассетаны алдым да, машинадағы магнитофонның ұяшығына сала қойдым. Бала күнімізден құлаққа сіңісті болып қалған тамаша ән қалықтай жөнелді. Көңіл шіркін, дүр сілкінді. Қайырмасына келгенде, қалай қосыла кеткенімді өзім де біл­меймін.

Жүзіңе күлкі үйірген,
Арайлы кірпігіңмен.
Бір ұшқын шашып өттің,
Сөйттің де, ғашық еттің.
Жұл-ды-зы-ы-ым-м...

Пай-пай, мұндайда жол қысқарып, уақыт дегеніңіз зымырап өте шығады емес пе. Көзді ашып-жұмғанша-ақ Гагарин көшесінің Әл-Фараби даң­­ғылымен қиылысатын тұсы­на таяп та қалдық.

– Ал-л, інішек, жеткізіп сал­ғаныңа рақмет, – деп қозға­лақтап, магнитофонға қарап жал­тақтай бастады ағам. – Ке­зін­де ағаң ән арнаған Жұлдыз апаң қазір осында тұрады. Мына кассетаны саған қалдырап кетсем де болар еді, бірақ, әзірге жалғыз-ақ дана... 
– Өкінішті, – дедім мен басымды шайқап.

Міне, ойда жоқта болған осы бір кездесуден кейін көпке дейін: «Япыр-ай, жасы алпысқа таяп қалса да, сол баяғы Жұлдыз апамды әлі ұмытпағаны ма?» деп таңғалып жүрдім.
Сол жолы Сүгірәлі ағам әндер жинағын сыйлайын деп келді ме, әлде, апамыздың дидарын тағы да бір көріп кетейін деді ме, ол жағы да маған жұмбақ.

* * * 

Енді міне, алыста, жер орта­сындағы Ескішеһирде түрік бауырларымыз «Жұлдызым» әнін шырқағанда көңілдің алай-дүлей болып, өткен күндердің көшін алға сүйреп, көз алдымнан тізбектеп өткізіп жатқандай болғанын көрмейсіз бе.

Қала мэрінің дастарқаны­нан шығып, қонақ үйге қарай жаяу тартқан үш кісі біразға шейін бір-бірімізге үн қатпай, өзімізбен өзіміз ой кешіп келе жаттық.
Кенет Түркиядағы Қазақ­стан елшілігінде қызмет істей­тін бауы­рым, дипломат, жазушы Мәлік Нұржанұлы:

– Аға, осы «Жұлдызым» әні­нің авторы Сүгірәлі Сапар­әлиев қазір Шымкентте тұра ма? – деп қалды.
– Иә...

Бірақ даусым бәсең шықты. Себебі, өзіме өзім сенімсіздеу едім. Өйткені Сүгірәлі ағамнан хат-хабар алмағалы қаш-шан-н... Шынымды айтсам, қазір оның өмірде бар-жоғынан да бейхабар екенмін. Әркім өз тіршілігін күйттеген мына заманда ән де, сән де ұмытылғандай...
Осы сәтте Анкарадағы Гази университетінің профессоры, ғылым докторы, кейінгі кезде қазақ жазушыларының шығар­маларын түрікше сөйлетіп жүр­ген белгілі аудар­машы Же­миле (біздіңше Жәмила) Кынаджы ханым:

– «Жұлдызымды» тыңда­ғанда менің жүрегім сағы­ныш пен мұңның шәрбатын ішкен­дей болды, – деп жеңіл ғана күрсінді.
Тү-у, сонау алыста, Қара­таудың қойнауында туған ән бүгін құс сияқты ұшып келіп, Ескішеһирдің бағына қо­нып, талшыбықтай бұралған түрік қызының жүрегін қалай тебірентті деп іштей қуанған мен тағы да қап-қара мақпал түнгі аспандағы жымыңда­ған жұлдыздарға қарадым. Олар­дың бірі ерекше жарқы­рап, жер бетіндегі тіршілікке бар мейірімін төгіп тұрған­дай көрінді. Кім білсін, бұл расында да, Сүгірәлі ағаның жұлдызы шығар... 

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»