Әлем • 31 Қазан, 2017

iPhone X. Алғашқы әсер

857 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Apple 3 қарашада 2017 жылдың ең қызықты телефондарының бірі – iPhone X-ті сатылымға шығарады. 

iPhone X. Алғашқы әсер

Корпорация алдын ала тапсырысты 27 қазанда қабылдаған болатын. Ал көршілес Ресейдегі телефондар сол күні бірнеше минут ішінде сатылып кетті. Технология тақырыбында жиі жазатын Султан Сулейманов есімді тілші су жаңа құрылғыны бір күн қолданып, өз әсерімен бөлісті

Телефонның «кекілі» қиындық туғызбады

Құрастырушылар телефонның үстіңгі бөлігіне фронталді камера мен сенсорларын орналастырды. Сол себепті телефонның «кекілі» бар секілді көрінеді. Бұрын айфонның экрандары тік бұрышты болған, ал жаңа дизайнерлік шешім қаншалықты ыңғайлы болатыны әзірге белгісіз.

Алайда журналистің айтуынша іс жүзінде бұл ешқандай қиындық тудырмайды, әрі көзге таңсық көрінбейді.

 «Үйге» апаратын батырманың жоқтығына тез үйренесіз

Apple «үйге» апаратын дөңгелек батырмасынан бас тартты. Енді оның орнына экран жалғасып жатыр. Гаджетті қолға алған кезде экран өздігінен қосылатынын ескерсек, бұл батырманың қажеттігін байқамайсыз.

Тағы бір айта кететін жайт, ендігі кезекте батырманың атқаратын қызметін саусақ қимылдары арқылы орындауға болады. Мысалы, саусағыңызды экранға тигізіп төменнен жоғары қарай қозғалтсаңыз, телефонның қосымшалары бейнеленген экраны ашылады. Ал саусағыңызды жарты жолда тоқтатсаңыз соңғы ашылған қосымшалардың тізімі шығады. Қосымшаларды жабу үшін үйреншікті «төменнен жоғары қарай» қозғалту әдісін қолдансаңыз болғаны. Бұрын дәл осы әдіспен бүкіл экранға ашылып тұрған суреттерді жабатын едік.

FaceID

Home батырмасымен бірге айфон саусақ ізін сканерлейтін сенсорсыз қалды. Бірақ оның орнына FaceID келді. Ол бет-әлпетті тану арқылы телефонды блоктан шығаратын жаңа функция. Султан Сулейманов бұл құрылғының жұмысын түрлі сынақтан өткізген: көзіне киген көзілдірігі мен басына киген бас киімі  FaceID қызметіне нұқсан келтірген жоқ.

Тілшінің айтуынша, бұл функция телефонды қолға алмай блоктан шығару керек кезде ғана ыңғайсыз болуы мүмкін. TouchID бар кезде саусақтың ұшын бір тигізіп қосылатын телефонды енді тек экран бетіне үңіліп, немесе құпия сөз теру арқылы ғана ашуға болады.

Корпус: қаптама кию үшін тым әдемі

Әрі қаптамасыз ұстау үшін де тым әдемі

iPhone X оның алдындағы Apple смартфондарына қарағанда ерекше көрінеді. Оның экраны рамасыз, айналасы болатпен ал артқы панелі шыныдан жасалған.

Қаптама кигізгенде телефонның әсем дизайны көрінбей қалады. Бірақ сақтық үшін қаптаманы кигізген жөн. Себебі, сынып қалған экранды жөндеу қымбатқа түседі.

Өлшемі: 8 Plus қолда ұстауға ыңғайсыз дейтіндерге керемет

iPhone X өлшемі бойынша iPhone 7/8 құрылғысынан үлкен, ал 7 Plus/8 Plus-тен кішірек. iPhone X экраны 8 Plus экранымен бірдей, бірақ қолда ұстауға әлдеқайда ыңғайлы.

Animoji

Эмодзи арқылы сөйлесу өте күлкілі дейді Султан Сулейманов.

Айгүл ШЕРНИЯЗ,

«Егемен Қазақстан»