Аймақтар • 06 Қараша, 2017

Қостанайда көп қабатты үйде өрт шықты

319 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайда жатақхана типтес көп қабатты үйдің  екінші қабатындағы бір пәтерден өрт шығып, өрт сөндірушілер оны үш сағатта ауыздықтады. 

Қостанайда көп қабатты үйде өрт шықты

Төтенше жағдайлар департаментінің айтуынша, түнгі сағат 02.00 шамасында басталған өрт кезінде құтқарушылар үйден 54 адамды далаға алып шыққан. Жоғарғы қабаттағы он адамды  өрт сөндіру машинасының арнайы  сатысын қойып, құтқарған. Өрт шыққан бір бөлмелі пәтерден әйелдің денесі табылған. Оның жарты денесі күйіп кеткен. Көршілердің айтуынша, әйел психикалық аурудан зардап шеккен, сонымен қатар бір өзі тұрған. Өртті сөндіруге 24 өрт сөндіруші мен 9 арнайы техника пайдаланылды. Соған қоса өрт сөндіруге Солтүстік аймақтық аэромобильдік жедел-құтқару отядының  жеке құрамы мен техникалары да қатысты.

Журналистерге көршілерінің  айтуынша, өртте жанып кеткен әйел бейәлеуметтік өмір сүрген. Ол  үйге от жағып, тамақ пісірген, осыдан жарты жыл бұрын да  осы пәтерден өрттің шығуына  себепкер болыпты. Бірақ ол өрт сөндірушілердің профилактикалық жүргізген жұмыстарына мән бермеген.

 

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай