Бөкей ордасы ауданының бүгінгі келбеті

Батыс Қазақстан облысының қиыр батысында Бөкей ордасы деп аталатын аудан бар. Ауданның орталығы – Сайхын ауылына жету үшін Оралдан 600 шақырымға жуық жол жүресіз. Бұл қазіргі өлшеммен алғанның өзінде кең-байтақ жер болғанымен, 1801 жылы Бөкей сұлтанның иелігіне берілген өлкенің бір пұшпағы ғана...

Егемен Қазақстан
08.11.2017 3601
2

Еділ мен Жайық арасы – ықы­лым­нан бері көшпелі сақ-сарматтың, Алтын Орда заманында киіз туыр­лықты түркі жұртының атақонысы болған киелі мекен. Мұрат ақын «жеті жұрт көшіп кеткен» деп сипаттайтын бұл жерді 1628-1771 жылдары қалмақ жайлапты. Бірақ сол кездің өзінде де қазақ бұл өңірді өзіне жат санамаған. «Берсе қолынан, бермесе жолынан» дегендей, қалмақпен де, казак-орыспен де қоныстас болып, бірде соғысып, бірде табысқан қазақ әулеттері аз болмаған. 

Бүгінде Қазақстанды «Еуропалық елдердің» санатына қосып, «кәрі құрлықтан» үлес алып қалған Бөкей хан Нұралыханұлының тарих алдындағы орны ерекше.

«Қазақ елін ежелгі еркіндігінен айырып, отарлық тәртіп әкелген ХІХ ғасырдың бас кезіндегі ең елеулі оқиға – Бөкей Ордасының құрылуы болды. Әбілқайыр ханның немересі, Нұралы ханның ұлы Бөкей сұлтан 1801 жылы бейбіт келісім жолымен, бұ­рын­ғы Алтын Орданың, кейінгі ноғай-қа­зақтың құт мекені Жайықтың батыс бетіне, Еділге дейінгі кең алқапта қо­ныстануға мүмкіндік алды. Атажұртқа ірге аударған жұрт Бөкей­ді хан сайлады. Ресей дәргейін­дегі, бірақ өзіндік басқару жүйесі бар жаңа ұлыс Ішкі немесе Бөкей ордасы деп аталды. Сөйтіп қатары­нан озып туған, көреген Бөкей хан кіріптар заманның өзінде Алаш ұлының өрісін кеңейтті. Еуропаның үлкен бір мемлекеті сыйып кетердей кең-байтақ, құйқалы қонысты біржола қайтарып алды», деп жазған еді белгілі Мұхтар Мағауин өзінің «Қазақ тарихының әліппесі» атты кітабында. 

«Еділ, Жайық – екі су, Кент орнаған жер екен», дейді Әбубәкір Кердері. Ғалымдардың дерегінше Алтын Орда заманында 210 қала болған екен деседі. Ал қазақ үшін ХVII-ХІХ ғасырлар аттың жалы, атанның қомында өтті ғой. Еділ мен Жайықтың арасынан енші алған Бөкей хан жатсынып барып жақын болған атақонысын қайта игеруге, заңдастыруға күш салса, Астрахань губернаторының сарайында өскен, орысша оқыған Жәңгір хан қазақ арасына қала тұрмысын әкелді. 1827 жылы Нарын құмының Жасқұс деген жеріне Хан сарайын салдырды. Айналасындағы би-сұлтандар да хан үлгісімен үй тұрғыза бастайды. Сөйтіп аз жылда Хан ставкасы саяси-экономикалық маңызға ие орталыққа айналды.

«Атадан аса туған Жәңгір хан,
Екінші Исмаилдан алғыр хан
Арғы түбін болжаған, 
Атаның алмаған қонысын алып, 
Аннан сарай салдырған.
Атадан артықшылығын аннан білемін –
Ол салдырған сарайдың 
Айналасы айшылық, 
Көлденеңі күншілік, 
Көргендер көзі қиып кете алмас!», деп жырлаған екен Алаша Байтоқ жырау Жәңгір хан дүниеден өткенде.

Алғашқы музей

Бір ғажабы, хан салдырған осы сарай бүгінде Хан ордасы деп аталатын елді мекенде әлі тұр! Жәңгір хан 1828 жылы өз үйінің бір бөлмесіне хан әулетінің атадан балаға ауысар мұрасы саналатын құнды заттарды, ат әбзелдерін, жауынгер қару-жарағын жинастырып, қару-жарақ палатасын ұйымдастырған екен. Бұл – қазақ жерінде ашылған тұңғыш музей деуге болады. 

– Орданың басынан небір аласапыран өтті ғой. Ақ пен қызыл алмасты, орыс пен қазақ таласты. Ғимараттар сақталғаны болмаса, алып кетуге, қолға ұстауға болатын нәрсенің бәрі талан-тараж болып кетті. Біз Жәңгір­дің хан сарайындағы алғаш ұйым­дас­тырған қару-жарақ палатасында болған қарулардың дерегін көп іздедік. Хан әулеті қадір тұтқан құнды заттар Жәңгір өлгеннен кейін қайда кетті? – деп көп ойландық, – дейді бүгінгі Бөкей ордасы тарихи музей-кешеннің директоры Ғайса Мақымов. 

«Іздеген жетер мұратқа» деген. Ғайса Темірболатұлы Ресей­ден шығатын «Мир музея» журналынан «В Соколиной башне Хан­ского дворца» деген мақаланы ке­зік­тіреді. Мақалада «қырым татарларының тарихы мен мәде­ние­ті музейінің» қызметкері Галина Останенко есімді автор Жәңгір хан 1823 жылы таққа отырған кезінде Александр І патшаның сыйға тартқан қылышы туралы жазған екен. Сөйтсе, Бақшасарай тарихи-мәдени және археологиялық қорық-музейінде Бөкей ханның, Жәңгір ханның, Пірәлі сұлтанның қылыштары бүгінге дейін сақтаулы тұр екен. Бұлардың бәрі кезінде Бөкей ордасындағы «Қару-жарақ палатасында» болған жәдігерлер еді!

– Жәңгір ханның «Қару-жарақ палатасында» болған өзге де бұйымдар Қырымнан табылуы мүмкін. Жергілікті билік қолдаса, арнайы іссапармен барып қайтқымыз келеді. Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынып, тарихымызға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Ендеше осы бағдарлама аясында қос ханның қылышы өзінің тарихи орнына қайтарылса жақсы болар еді, – дейді Ғайса Мақымов.

Парижде тіркелген кешен

Бүгінгі Бөкей ордасы тарихи-­музей кешені 1962 жылы 15 желтоқсанда Қазан төңкерісінің 45 жылдығына орай қоғамдық негізде ашылған Орда тарихи-революциялық музейінен бас­тау алады. Музейдің ұйымдас­тырушысы – өлкетанушы А.Тажет­динов екен. Музей бастапқы кезде Орда тарихи-революциялық музейі деп аталып, Қазақстан бойынша сол кезеңдегі мұндай саладағы ең алғашқы музей болды.

Музей 1967 жылы мемлекеттік музейлер санатына енгізіліп, 1969 жылы ХІХ ғасырдың тарихи-архитектуралық ескерткіші – бұрынғы Казначейство мекеме­сінің ғимаратына көшірілді. 1986 жылы музей ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңадан жа­сақ­­талды. 1997 жылы Орда тарихи-революциялық музейінің атауы­ Орда тарихы музейі болып өзгертіліп, оның жанынан «Қыз­дар училищесі» ғимаратында «Бө­кей ордасында халыққа білім беру музейі» ашылды. 
– Музейге қарасты ғимарат­тардың көбеюіне байланысты Орда тарихы музейі 2002 жылы Бө­кей ордасы тарихи-музей кеше­ні дә­режесіне көтерілді. 2003 жы­лы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені Халықаралық Музейлер Кеңесінің (ICOM) мүшесі болып қабылданып, Парижде тіркелді, –дейді музей-кешеннің директоры Ғайса Мақымов. 

Бөкей ордасы тарихи-музей­ кешеніндегі Казначейство ғимара­тында – Бөкей ордасының 200 жыл­дық тарихын баяндайтын «Бөкей ордасы тарихы», Хан ме­шітінде – «Тәуелсіздік», Хан сара­йы­ның шығыс флигелінде – «Хан сарайындағы қару-жарақ палатасы» музейлері орналасқан. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағ­дар­ламасының негізінде қайта қалпына келтірілген Қыздар учи­лищесінде 2007 жылы «Бөкей ордасында халыққа білім беру» музейі ашылды. 

Хан сарайының сақталмай қал­ған ортаңғы бөлігі мен батыс флигелі мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес қайта салынып, құрылысы 2010 жылы аяқталды. Мұнда «Хан сарайы» мемориалдық музейі жасақталған. 

Музей кешенінде ғылыми-экспо­зициялық және көрме жұмы­сы, Қор сақтау, Жалпы тарихты ғылыми-зерттеу, Экскурсиялық және көпшілікпен жұмыс бөлім­дерінде бас қор сақтаушы, бөлім меңгерушілері, ғылыми қызмет­керлер, әдістемешілер және т.б. қызметкерлер жұмыс жасайды. 
Музей кешендегі экспозиция­лық залдардың саны 16-ға жетті. 16 мыңға жуық құнды жәдігер сақтаулы. Музейлік кешен құра­мын­да ХІХ-ХХ ғасырларға жататын 60-тан астам тарих және мәдениет ескерткіші бар. Батыс Қазақстандағы Бөкей ордасы тарихи-музей кешенін тамашалауға жыл сайын 17 мыңдай адам келіп, оларға 2 мыңға жуық экскурсия жүргізіледі. Келушілердің ішінде шетелдік азаматтар да аз емес.

Тұңғыштар мекені

Ордалықтар өткен күннен қал­ған тарихи жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтап отыр. «Тұңғыштардың мекеніміз» деп мақтаныш ететін бұл топырақта шынымен де талай-талай тарихи оқиғалар өткен. Мұнда 1839 жылы тұңғыш дәріхана ашылған. 1852 жылы Ордада 16 кереуеттік қоғамдық аурухана ашылып, күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр десе сене­сіз бе?!

Хан ордасының оң қанаты түп­нұсқа күйінде сақталғанын айтқан едік. Ал орталық бөлігі мен сол қанаты тәуелсіз Қазақстан кезінде, мемлекет тарапынан арнайы бөлінген қаржыға қалпына келтірілген. Бүгінде Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешен құрамында 1828 жылы салынған Хан сарайы, ХІХ ғасырда салын­ған дәрігер А.А.Сергачев тұрған үй, 1835 жылы салынған Хан мешітінің жобасы негізінде қайта салынған мешіт ғимараты, 1867 жылы ашылған Казначейство мекемесінің ғимараты, 1868 жыл­ғы Тарғын мектебі, 1883 жылы ашылған Қыздар училищесі ғимараты, ХІХ ғасырдағы мектеп қалашығының бес үйі, 1852 жылы ашылған аурухананың екі ғимараты және ауылдан 4 шақырым жерде орналасқан Жәңгір хан Бөкейұлы, күйші Дәулеткерей Шығайұлы және этнограф-ғалым Мұхамед-Салық Бабажанов кесенелері құрайтын Пантеон бар.

Ордалықтардың тағы бір мақ­таны­шы – құмға өскен қарағайлы орман алқаптары. 1832 жылы Хан ордасын құм басып кетпеуі үшін Жәңгірдің бастауымен отырғызылған Орда орманын мемлекет тарапынан қорғау 1876 жылдан қолға алынып, 1890 жы­лы Орда орман шаруашылығы мекемесі құрылған екен. 1908 жылы мекеме жанынан питомниктер жасақталып, зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде – Нарын қарағайы дүниеге келеді. Қазіргі таңда мұнда 16405 гектар орман қоры бар. Орда орманшылары ханның ісін жалғастырып, жыл сайын 15 гектарға қарағай көшеті, құм көшкінін тоқтату мақсатында 80 гектарға ағаш егеді екен. 

Қазақ ұлттық баспасөзінің тарихы да дәл осы Орда топырағымен байланысты. Мұнда 1911 жылы 16 наурызда Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйриндердің бастамасымен «Қазақстан» атты газет шықса, 1917 жылы Ғабдолғазиз Мұсағалиев бастаған бөкейлік зия­лылар тобы «Ұран» атты газет шығарып, Алаш қозғалысына үн қосты. Ал 1919 жылы «Тұңғыш қазақ советтік баспаханасы» ашылып, кітап басу ісі қолға алынды. Осы тұста тұңғыш рет «Жазушылар құрамасы» атты ұйым құрылды, ол қазіргі Қазақстан Жазушылар одағының баламасы іспетті болатын, оның құрамында Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев сынды ағартушы қайраткерлер болды. Бұл жерде 1919 жылы тұңғыш педагогикалық басылым – «Мұғалім» журналы дүниеге келген. Осы тарихтың бәрі музей-кешен құрамындағы «Баспасөз музейінде» құжаттар мен жәдігерлер тілімен сөйлеп тұр.

Жол азабы жойыла ма?

«Қазақстанның киелі жерлері­нің географиясы» жобасы аясында Бөкей ордасы тарихи музей-кешені жалпыұлттық 100 нысан тізіміне енді. Орданың орны бөлек, мән-маңызы ерекше екендігі онсыз да дау туғызбас ақиқат қой. «Жаңа мәртебеміз жол азабынан құтқарар ма екен?» дейді ордалықтар.
Облыс орталығы Орал қаласы­нан 550 шақырым қашықта жат­қан Хан ордасы ауылына барар­ жолдың тең жарымында асфальт төселмеген. Ауа райының қолай­сыз кезеңінде жолаушылар жол азабын әбден тартады. 

– Бөкей ордасы ауданына жол са­луға бөлінген қаржы бар, бірақ ешбір мердігер оған белсеніп шықпайды, – деген еді Батыс Қазақ­­стан облысының әкімі Ал­­тай Көлгінов осы мәселеге орай қойылған тілші сауалына. Оның себебі, жол құрылысына бөлінген қаржы есебін қайта қарау керек. Бөкей ордасының шалғайлығы, жергілікті асфальт зауытының жоқтығы, құрылыс материалдарының түгелдей алыс­тан тасымалданып әкелінуі – осы­ның бәрі жол шығынын еселеп арттырады. Сондықтан бұл тақырып – республикалық дең­гейдегі кеңселерде талқылануы тиіс мәселе болып тұр.

Айтпақшы, Бөкей ордасы ауда­нының орталығы Сайхын селосынан Ресей Федерациясы теміржолының бірнеше бағыты өтеді. Бірақ 14 халықаралық пойыз­­дың біреуі де Сайхынға тоқ­тамайды. Себеп – пойыз тоқ­тайтын болса, шекара, кеден бекеттері ашылып, тексеру бас­талады, пойыздың жүру уақыты кешеуілдейді, Ресей жағына бұл тиімсіз. Батысқазақстандық жұртшылық тарапынан РФ пойыз­дарының Жәнібек және Сайхын стансаларына да тоқтап, жергілікті халыққа да қызмет көрсетуі туралы талай жылғы өтініші әзірге орындалмай келе­ді. 

– Хан ордасын көргісі келетін­дер Ресей Федерациясында да өте көп, – дейді белгілі өлкетанушы, «SAYAT» этнотуристік орталы­ғының директоры Айболат Құ­рым­баев. Айболат Шамұратұлы дәл осы Хан ордасы ауылында Жәңгір­ хан атындағы орта мектепте бірнеше жыл директор болған. Мәселенің мән-жайына қанық.

– Ордаға ресейліктер көп­ келеді. Бізбен шекаралас Волго­град облысындағы Эльтон шипалы көлінде, Астрахандағы Бас­құншақ сорында жыл сайын мыңдаған демалушы болады. Сол туристерге арнайы барып, Бөкей ордасы туралы, тарихи музей-кешен туралы айтып, бірнеше мәрте тур ұйымдастырдым. Олар Хан ор­да­сындағы ғимараттарды кө­ріп, тарихына қанығып, ерекше риза болып кетеді. Ақшасын да ая­майды. Бірақ екі арадағы 90 шақырымдық дала жолы үлкен кедергі. Осы араға тақтайдай те­гіс жол салмаса да сәл-пәл ретке келтірсе, туристер тасқынын әжептәуір ұлғайтуға болар еді, – дейді Айболат.

Жақында Бөкей ордасы ауда­нының әкімі Нұрлан Рахым­жанов Орал мен Бөкей ордасы арасында әуе қатынасын жолға қою ойластырылып жатқанын хабарлады. «Хан ордасының жалпыұлттық 100 нысан тізіміне енгізілуі бөкейордалықтар үшін зор мақтаныш болумен бірге үлкен жауапкершілік жүктейді. Шалғайдағы Бөкей ордасымен жол қатынасы нашар болғандықтан, ауданға шағын авиация әкелу мәселесі қарастырылуда. Күні бүгін ұшақ қонатын әуежайға лайық жер іздестірілуде. Сонымен қатар Хан ордасы ауылында турис­терге арналған ойын-сауық орындары да салынатын болады», дейді аудан басшысы. 

P.S. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басталып, Жалпыұлттық 100 нысан тізіміне енгелі Хан ордасына да келушілер көбейе түсіпті. Ғайса Темірболатұлы жақында ғана Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешенінен мамандар келіп, деректі фильм түсіріп кеткенін айтады. Хан ордасына келушілер жергілікті халық талай жыл шегіп келе жатқан жол азабын да көріп, біліп кетеді ғой. Ендеше Ұлттық Құндылыққа айналған киелі мекенге қатынайтын жол мәселесі де кешікпей шешілер деп ордалықтар үміт күтеді. 
 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

24.03.2019

Солтүстік Кореяның келесі қадамы қандай болмақ?

24.03.2019

Қ.Тоқаев Қазақстан - Ресей кездесуін тамашалады

24.03.2019

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына келіп түскен жеделхаттар мен хаттар

24.03.2019

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына келіп түскен жеделхаттар мен құттықтаулар

24.03.2019

Футбол: Қазақстан құрамасы Ресейден ойсырай ұтылды

24.03.2019

Куршад Зорлу: Түркі әлемінің Ақсақалы

24.03.2019

Нұр-Сұлтан қаласы. Астананың атауы өзгерді (видео)

24.03.2019

Алматыда дәстүрлі әндер кеші өтті

24.03.2019

Қаламқас кен орнында болған апат себептері анықталып жатыр

24.03.2019

Қасым-Жомарт Тоқаев Алик Шпекбаевты қабылдады

24.03.2019

Астана мен Алматы ТМД-да ең танымал қалалардың қатарына қосылды

24.03.2019

Елорда атауының өзгеруіне байланысты құжаттарды ауыстыру қажет емес

24.03.2019

Жетісудағы жетістіктер Үкімет басшысының назарына ұсынылды

24.03.2019

Қазақстан және Ресей матчы 20:00-де басталады

24.03.2019

Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады

24.03.2019

Мемлекет басшысы Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановты қабылдады

24.03.2019

Қ.Тоқаев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қабылдады

24.03.2019

Самбошы Бағлан Ибрагим – Әлем кубогының иегері

24.03.2019

Мұрат Нұртілеуов Президент көмекшісі болып тағайындалды

24.03.2019

М.Тәжин Мемлекеттік хатшы қызметіне тағайындалды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Etjeńdi balalar

Qoǵam kóz jumyp qaraı almaıtyn máse­lelerdiń basynda bala densaýlyǵy tur. Bú­gin­de mańaıymyzǵa zerdelep qaraıtyn bolsaq, tyǵynshyqtaı, tolyq jasóspirimder kó­beıe túsken. Semizdik – aýrý bolyp esep­teletindikten, qazirgi ýaqytta dıspanserlik esep­ke alynady. Sábı saýlyǵy ana qursaǵyna bit­­ken kúnnen bastap qalyptasatyndyǵyn al­dymen ata-anasy túsinýi qajet.

Amangeldi QURMET,

Igi bastama ult tanymymen úılesýi tıis

Keıde qazaq qoǵamyndaǵy oqıǵalar men qubylystarǵa nazar aýdarǵan kezde «Biz ózi­mizimdi ózimiz tolyq tanymaımyz-aý osy» degen oıǵa qalatynymyz bar. Árıne, qa­zaq ekenimizdi, bizdiń de tanym-túısigimiz, dúnıetanymymyz, ar­man-ańsarymyz, muraty­myz bar ekenin bilemiz. 

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Алты жасар Алпамыстың арманы не еді?

«Білесің бе, оқитын болсам тез өсіп, үлкен бастық болам. Оқуды да тез бітіремін. Тез келіншек аламын. Сосын менің он екі ұлым болады. Оның бірі колхоз бастығы, екіншісі агроном, үшіншісі мұғалім, бәрі де үлкен-үлкен бастық болады...»

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»

Kúmis tostaǵandaǵy kóne álipbı

Kóne órkenıet oshaqtarynan urpaqqa mura bolyp qalǵan qundy dúnıelerdiń bi­ri – adamzattyń aqyl-oıyn taspalaǵan jazý­lar. Elbasy «Uly dalanyń jeti qyry» atty ma­qalasynda Esik qorymynan tabylǵan «Altyn adamnyń» janyndaǵy kúmis tosta­ǵan­dardyń birinde oıyp jazylǵan tańba­lar bar ekenin aıta kelip, «Bul – Ortalyq Azıa aýma­ǵynan buryn-sońdy tabylǵan jazý ataýlynyń ishindegi eń kónesi» degen bolatyn.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

«Jaqsy kitap – jan azyǵy»

Kitap oqıtyn jáne oqymaıtyn adamdardyń alshaqtyǵy árqashan kózge kórinip turady. Alǵashqylardyń oıy tereńdeý, tili sheshendeý bolsa, sońǵylardyń tili tutqyr, aýzynan sózi túsip turatynyn jıi kóresiz. Máseleni jaqsy bilip tursa da, ondaılar oıyn jetkize almaı, ábden qysylady.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Айболат Құрымбаев (08.11.2017 16:34:49)

Рахмет! Бөкей ордасы ауданына көңіл де, қаржы да бөлу керек!

Пікір қосу