Қазақстан • 09 Қараша, 2017

Азаматтарға оңтайлы жаңа қағидалар

256 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таяуда прокуратура органдарындағы лауазымды тұлғалардың жеке және заңды тұлғалар өкілдерін қабылдауына қатысты жаңа қағидалар қолданысқа енгізілді. Осыған сәйкес, Бас прокуратура, облыстық және оған теңестірілген прокуратуралардың басшыларына қабылдау алдын ала жазылу арқылы жүргізілмек.

 

Азаматтарға оңтайлы жаңа қағидалар

Таратып айтар болсақ, қабыл­дауға байланысты өтінімді Call-орталығына (115) қоңырау шалу немесе «115.kz» және «egov.kz» порталдары арқылы, сондай-ақ жазбаша беруге болады. Қабылдауға тіркеу прокуратура органдарының құзіретіне кіретін сұрақтар бо­йынша жүр­гізіледі. Бас прокуратура басшылығы қабылдауды ке­мінде айына бір рет, облыстық прокуратура басшылығы аптасына бір рет жүргізеді. Сонымен қатар енді облыс және аудан прокурорлары өз қабылдауына келгендерге берген алдыңғы жауаптарының болғанына қа­рамастан, қабылдауға міндетті. Ал басқа қызметкерлер, соның ішінде аудан прокурорлары да қабылдауды қажеттілік туындағанына байланыс­ты күнделікті жүргізеді. Ол үшін жазылу керек емес.

Қабылдауға өкілеттік бе­ріл­ген прокуратура орган­дары­ның қызметкерлері бекітілген кестелерге сәйкес жұмыс уа­қы­тында сағат 9.00-ден бас­тап 18.30-ға дейін күнделікті қабыл­дайды. Ішкі істер органдарында, пенитенциарлық және арнаулы мекемелерде азаматтарды қабылдауды бекітілген кесте бойынша кезекші прокурорлар жүргізеді. Кестемен мекемелердің ғимараттарында танысуға болады.

Бір ескеретін жайт, қажет­тілік­ке қарай облыс прокурор­лары өтініш берушілерді қабыл­дауды өздерінің орынбасарларына тапсыруы мүмкін. Ал­ғашқы кездегідей, арыз иелері өтініштің қарауына жеке қаты­суға және құжаттар ұсынуға құ­қылы. Облыстық және аудан­­дық прокуратуралардың қыз­меткерлері жеке қабыл­даудан түскен өтініштерге жауапты қанағаттандырудан бас тартуға себеп болған негіздерді түсіндіріп, өтініш берушінің жеке өзіне тапсырады. 

Жаңа қағидаларда Бас прокуратура басшылығының қа­былдауына жазу жүр­гізілмейтін негіздер де көр­сетілген. Мәселен, өтініште көр­­сетілген мәселе бо­йынша бұрын қабылданған немесе тиісінше, Бас прокурордың және оның орын­басарының жауабы бар бол­ғанда, егер Қылмыстық-процестік кодекстің 106-­бабының 1-бөлігіне сәйкес, арыздардың қаралуы соттың құ­зіретіне кіретін болса, сон­дай-ақ сотқа жолданған қыл­мыстық істер бойынша, сот актілеріне шағым беру мер­зімін өткізіп алған кезде, Азаматтық процестік кодекстің 54-бабының 2-бөлігімен көз­делмеген істер бойынша сот акті­лерін даулағанда (міндетті емес санаттағы істер бойынша), кассациялық тәртіпте қай­та қарауға жатпайтын сот актілеріне шағымданғанда (АПК-тің 429-бабының 7-бөлігі, 434-бабының 2-бөлігі және ҚПК-нің 484-бабының 2-бөлігі) Бас прокуратура басшылығының қабылдауына жазу жүргізілмейді.

Сонымен қатар Бас прокуратура басшылығының қа­был­да­уына азаматтардың Құ­қық қорғау қызметтері орта­лығы арқылы жазылуына мүм­кіндіктері барын да айта кетейік. Бұл орталық биылғы жылдың шілдесінде Бас прокуратураның ғимаратында ашылған. Оны ашу «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан туындайтын мін­деттерді іске асыру аясында жүзеге асырылған болатын. Ша­ғымдарды жедел қарау, аза­маттардың құқық қорғау және мемлекеттік органдарына сенімін арттыру, әкімшілік кедергілерді және бюрократияны жою негізгі мақсаты болып табылатын аталған орталық ХҚКО- сияқты жұмыс жасайды. Бірақ тек құқық қорғау мәселелерімен айналысады. Орталықта тәжірибелі прокурорлармен бірге басқа орган­дардың өкілдері, адвокаттар, пробация қызметі және психолог азаматтарды қабылдайды, заңдардың қолдану сұрақтары бойынша кеңес береді және өтініштерді дайындауға көмек көрсетеді. 

Қазіргі таңда мұндай орта­лық­тар Ақтөбе мен Қызыл­ор­да қала­ларында қызметін бас­тап кетті. Жыл­дың аяғына дейін барлық өңірлерде осындай орталықтар ашу көзделуде.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»