Тарих • 11 Қараша, 2017

Әулиекөл музейіне Ахмет пен Бәдрисафаның портреті сыйға тартылды

806 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әулиекөл аудандық музейінде тағылымды шара өтті. Ағайынды Серік және Римма Бектұрғановтар  Әулиекөл аудандық музейіне Ахмет Байтұрсынов пен оның жары Бәдрисафаның  суреті салынған картинаны  табыс етті.

Әулиекөл музейіне Ахмет пен Бәдрисафаның портреті сыйға тартылды

Оны Бектұрғановтардың сұранысымен қостанайлық суретші Юрий Новоселов салды. Серік Бектұрғанов – сенатор, ал оның апасы Римма Бектұрғанова педагогика ғылымдарының докторы, білім саласында қызмет істейді. Көп жыл Қостаанй педагогика  колледжін басқарды, одан кейнгі жылдары «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына жетекшілік етті. Облыста «Бәдрисафа» тарихи-тағылымдық экспедициясын құрған да өзі болатын. Осы картинаны салуға  суретшіге сұраныс беріп, оны сатып алды. Серік Шыңғысұлы екеуі Әулиекөл музейіне сыйлауға шешім жаасапты.

Портреттің тұсаукесері Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен Әулиекөл ауданының құрылғанына 90 жыл толуына арналды. Шараға «Нұр Отан» пратиясының мүшелері,  мәдениет қызметкерлері, зиялы қауым өкілдеріқатысты.

«Әулиекөл Ахаң мен Бәдрисафа шешеміздің жастығының куәсі болған жер. Картинада Ахаң мен Бәдрисафа бейнелері жақсы көрсетіліпті. Бұл жас ұрпақ үшін керек тағылым. Серік пен Римма Бектұрғановтарға рахмет айтамыз» деді еңбек ардагері, «Бәдрисафа» экспедициясының мүшесі Ибрагим Ағытай. Аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов  аудандық музейге тапсырған картина үшін Бектұрғановтарға рахмет айтты.

«Бәдрисафа шешеміздің декабристер  әйелдерінен ешқандай кемісі жоқ. Ол Ахаңа аяғына дейін адал болды, ол үшін отқа да түсті, шоққа да күйді. Тағдырдың салғанына қасқиып қарсы тұрды, бәріне де көнді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың  шығармаларымен, қайраткерлігімен қатар, оның тағдырын да  жас ұрпақ біліп өсуі тиіс. Ахаң мен Бәдрисафаның махаббаты, олар бастан кешкен бейнеттің өзі жас буынға рухани азық береді» деді Жансұлтан Қоңыртайұлы.

Тұсаукесерден кейін облыстық орыс драма театрының ұжымы Ахаң мен Бәдрисафа тағдырын көрсететін «Ақ келін» спектаклін қойды.

Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Қостанай