Хоккей • 17 Қараша, 2017

"Барыс" булиттен жеңілді

277 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астананың "Барысы" Құрлықтық хоккей лигасының кезекті ойынын омбылық "Авангардқа" қарсы өткізіп, буллиттер сериясы бойынша ұтылып қалды.

"Барыс" булиттен жеңілді

Евгений Корешков бапкерге қатты бауыр басып қалыппыз. Соңғы төрт ойында қазақ хоккейшілері қарсыластарының тас-талқанын шығарды. Биыл "Барыс" бұрынғыдай ала-құла емес, тəп-тəуір ойын көрсетіп, өз жанкүйерлерін қуантып жүр. Елордалық хоккейшілердің күні бүгінге дейін турнир кестесінде көш бастауы көп нəрсені анғартса керек. Омбылықтармен ойынға он мыңға жуық жанкүйердің "Барыс" басым түседі деген үмітпен келгендері заңдылық.

Шығыс конференциясының қос мықтысы арасындағы кездесу тартысқа толы болды. Алғашқы екі кезеңде есеп ашылмады. "Барыс" барынша басымдықпен шабуылдағанымен, шайбаны қарсыластар қақпасына тура бағыттай алмады. Қонақтар да аянып қалған жоқ. Қорғанысқа көп көңіл бөлгенімен, омбылықтар да есеп ашатын мүмкіндіктерде мүлт кетіп жатты.

Кездесудің үшінші кезеңінде "Авангард" алға шықты. Айдын иелерінің қателігін кешірмеген Максим Чудинов.

Өз жанкүйерлерін жерге қаратқысы келмеген хоккейшілеріміз қарқынды үдете түсті. Ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда "Барыстың" шабуылшысы Роман Старченко есепті теңестіріп кетті. Кездесудің негізгі бөлігі мен қосымша уақыт тең аяқталды. Буллиттер сериясында Андрей Скабелко шәкірттері басым болды.

Осы турда Подольскіде жергілікті "Витязь" командасын жеңген Казандық "Ақ Барс" турнир кестесінде "Барысты" басып озды. Біздің хоккейшілер келесі ойынын 20-қараша күні Новосібірде жергілікті " Сибирь" командасына қарсы өткізеді.

Еркебұлан Жомарт