Кино • 20 Қараша, 2017

«13 километр» деректі фильмінің тұсаукесері өтті

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда «13 километр» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Зағип жанның өмірге құштарлығын, шыдамдылығы мен табандылығын,  алдағы күнге деген үміті мен сенімін бейнелеген «13 километр» атты деректі фильмнің тұсаукесері Алматыда өтті. «Қазақфильм» АҚ түсірген фильмнің режиссері және сценарий авторы – Владимир Тюлькин.

 

«13 километр» деректі фильмінің тұсаукесері өтті

Бұған дейін көптеген фильмдер түсірген әрі ақын, әрі режиссер Тюлькин журналис­терге берген сұхбатында Шығыс Қазақстан облысынан тағдыры, болмысы ешкімге ұқсамайтын, өмір үшін күресте ерекше жанқиярлық танытып ғұмыр кешіп жүрген адам іздегенін айтты. Білетіндер режиссерге екі адамды нұсқаған – бірі суретші, екіншісі фермер. Екеуі де зағип, екеуі де жанкештілікпен өмір сүріп жатқан жандар екен. Тюлькин фермерді таңдапты.

– Шығыс Қазақстанның сонау бір түк­пірінде тұратын фермер Серік Бодан­ба­евты  түсіру үшін тікұшақпен бардық. Оның тіршілігімен танысып, сұхбат алып, он күн бойы жұмыс жасадық. Бірақ маған бірнәрсе жетпей қалған сияқты болып тұрды, – дейді режиссер.

Кезекті бір әңгіме кезінде зағип фермер әйелі ауырып қалғанда қыстаудан ауылға жаяу барғанын, бірақ қиналмай, адас­пай жеткенін баяндайды. Фермердің бұл оқиғасы – өзі жайлы деректі фильмнің кілті еді. Деректі фильмде кейіпкер жол бойы өз өміріндегі ең елеулі оқиғаларды есіне түсіреді. Режиссер жолды адамның өмір жолымен шендестіріп, кейіпкердің бастан кешкен оқиғаларын өмірлік мақсаттарға ұмтылыстар ретінде көрсеткен.

«13 километр» деректі фильмінің тұсаукесері енді ғана өтіп жатқанымен,  осыдан көп жыл бұрын түсірілген фильм екенін айтып өтуіміз керек. Сондай-ақ бұл дүние осыған дейін Бразилияда өткен ха­лықаралық «Еңсеру» кинофестивалінде жә­не Ресейде өткен деректі фильмдер фес­тивалінде арнайы жүлделерге ие болған.

Қолдағы бар ақпараттар бойынша, бұл фес­ти­вальға 10 елден 280 өтініш түскен. Қа­зы­лар алқасы соның 31-ін ғана таңдап алыпты. Нәтижесінде, отандық «13 километр» арнайы сыйлық иеленген.

Режиссер амандық болса, осы жылдың желтоқсанында Уфада өтетін халықаралық «Күміс Ақбозат» кинофестиваліне де деректі фильмінің қатысатынын жеткізді.

 

 

Айгүл СЕЙІЛ,

«Егемен Қазақстан