Бизнес • 20 Қараша, 2017

Кәсіпкерлердің құқын Қостанай палатасы мен соты бірігіп қорғайды

328 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кәсіпкерлердің Қостанай палатасының директоры Мұрат Әбенов пен облыстық соттың төрағасы Асламбек Мерғалиев  өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Келісімнің мақсаты – екі жақ бірігіп кәсіпкерлердің құқын қорғау. 

Кәсіпкерлердің құқын Қостанай палатасы мен соты бірігіп қорғайды

Келісім аясында  палата мен сот заңнамаларды пысыту жөніндегі мәселелер бойынша жұмыстарды күшейтеді,  сотқа дейінгі дауларды шешуде құқықтық көмек көрсетеді және сот жүйесінің  қызметі туралы  кәсіпкерлерді ақпараттандырып отырады.

Облыстық соттың төрағасы Асламбек Мерғалиев соттар тәжірибесінде көбінесе, кәсіпкерлерді ақтап алу амалдарын қолданатынын, банкроттық туралы іс қозғауға апармайтынын айтты. Оның айтуынша, Қостанай облысында соттар 24 істе  кәсіпкерлерді ақтап алған, 23 кәсіпкер қайтадан аяғынан тұрып, өзінің ісін жалғастырған.

Меморандумға қол қойған  облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Мұрат Әбенов  кәсіпкерлерді заңсыз  сотқа сүйреген мемлекеттік органдарды жауапкершілікке тартуға шақырды. Өңірлік палата осындай шаралар  ведомстволарды тәртіпке шақырады деген пікірін білдірді.

Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Қостанай