Аймақтар • 21 Қараша, 2017

Мұхтар Құл-Мұхаммед Маңғыстау облысына сапармен барды

463 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Маңғыстау облысына сапармен келді. Сапар барысында ол заманауи технологиямен жабдықталған, теңіз суын тұшытатын бірегей зауыттың жұмысымен танысты. Сондай-ақ Мұхтар Құл-Мұхаммед еліміздегі ең ірі нан ком­бинатының ұжымымен кездесті және дуалды оқыту жүйесі бойын­ша жоғары білікті мамандар даярлайтын политехникалық колледжде болды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Маңғыстау облысына сапармен барды

Елбасының тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы маңызды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына ұдайы бақылау жүргізіп келеді. Партия Төрағасы бірінші орынбасарының аймаққа арнайы келуінің де мақсаты – мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына көз жеткізу.  «Нұрлы жол» бағдарламасы бо­йынша 2017 жылы Маңғыстау облысына 80 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бүгінде бұл қаржыға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары жаңғыртылып, мектептер мен балабақшалар салынуда және өңірдің көлік инфрақұрылымы да қарқынды дамуда.

Осындай мемлекеттік қол­даудың жарқын көрінісі ретінде «Каспий» су тұшыту зауытын айтуға болады. Мұхтар Құл-Мұ­хаммед пен Маңғыстау облы­сының әкімі Ералы Тоғжанов за­уыттың жұмыс барысымен таныс­ты. Келесі жылы кәсіпорынның өнді­рістік қуаты тәулігіне 40 мың текше метр су өндіруге жет­пек. Осылайша облыс халқы тұты­натын ауызсудың жартысын өн­діру мүмкін болмақ.

Мемлекеттік қолдаудың ар­қа­сында Маңғыстау облысында жемісті жұмыс істеп тұр­ған кәсіпорындардың тағы бірі – «Мағаш нан» ЖШС. Бұл серік­тестік тек облыста ғана емес, бүкіл еліміз бойынша ең ірі нан комбинаты болып табылады. Бүгінде мұнда ұннан дайындалатын кондитерлік, нан және макарон өнімдерінің 150-ден астам түрі шығарылады. Кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездескен Мұхтар Құл-Мұхаммед қазіргі заманғы неміс технологиясының жұмысымен танысты.

Маңғыстау облысы еліміздегі ең басты мұнай өндіретін өңір­лердің бірі екені белгілі. Сонымен қатар бүгінде облыста қайта өндеу өндірісінің де өсу қарқыны анық байқалады. Тек биылдың өзінде ин­дустриялық-инновациялық да­му мемлекеттік бағдарламасы бо­йынша облыста жалпы сомасы 70 миллиард теңгеден асатын жеті ірі жобаны жүзеге асыру жоспарла­нып отыр.

Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары өңірдегі өндіріс орын­дарына білікті мамандар даяр­лайтын Маңғыстау политех­никалық колледжінде болды. Қазіргі таңда бұл білім ошағы еліміздегі ең үздік он орта арнайы оқу орындарының қатарында. Мұнда дәнекерлеуші, токарь, металл өңдеуші сияқты облыс­та жоғары сұранысқа ие 20 мамандық бойынша мамандар даярлайды. Колледжде 71 оқу кабинеті, 6 шеберхана және 9 ла­бо­ратория жұмыс істейді. Бар­лық кабинет заманауи қондыр­ғы­лармен жабдықталған. Соның ішінде бұрғылау жұмысының, автомобильдің және дәнекерлеу ісінің виртуалды жаттығу құ­ралдарын ерекше атап өткен жөн. Одан бөлек, фрезер, токарь станоктары мен 7 компьютер сыныбы және интерактивті тақтамен жабдықталған 64 кабинет бар.

Елбасы, «Нұр Отан» партия­сы­ның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым жастарға ерек­ше көңіл бөліп келеді. Таяуда өткен партия Саяси кеңесінің кеңей­тілген отырысында Мемле­кет басшысы жастарға зор сенім артып, олардың қоғамдық сананы жаңғыртудың алдыңғы ле­гінде жүруі керектігін айтқан болатын. Осы тапсырманы бас­шылыққа алған  партия Төраға­сының бірінші орынбасары өңір­дегі орта және жоғары оқу орын­дарының оқытушыларымен және студенттерімен  кездесті. Өз сө­зінде Мұхтар Құл-Мұхам­мед Елбасы алдымызға қойып отыр­ған міндеттердің, соның ішінде қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызы мен мәніне назар аударды. Кездесу барысында облыстағы талантты, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген, өз істерінің нағыз майталман мамандары саналатын он жас азамат партия қатарына қабылданып, оларға партиялық билеттері салтанатты жағдайда тапсырылды.

Сонымен қатар Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның облыстық ак­тивімен кездесіп, онда Мем­лекет басшысының Саяси кеңес отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөнінде ұйымның алдында тұрған нақты міндеттерді атап өтті.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы