Қазақстан • 21 Қараша, 2017

Ерлан Дәуренбеков: Басты мақсатымыз – Қаратау өңірінің күйлерін насихаттау

494 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Талантты дирижерлердің бірі Ерлан Дәуренбековпен сұхбат.

Ерлан Дәуренбеков: Басты мақсатымыз – Қаратау өңірінің күйлерін насихаттау

– Ерлан Нұрғалиұлы, ең алдымен, сізді Шәмші Қалдаяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясының құрамындағы «Сүгір» атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің 15 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз! Әңгімені сіздің осы оркестрге келуіңізден бастасақ. Қай жылы, кімнің шақыртуымен келдіңіз? Жалпы, бұл оркестр кімнің ықпалымен құрылған, кімдер басшылық жасаған, қандай өнер ұжымдарымен және өнер адамдарымен шығармашылық байланыс жасаған, осы жөнінде қысқаша айтып берсеңіз.

– Оркестр 2002 жылы сол кездегі осы облыс әкімі, өнер жанашыры Бердібек Сапарбаевтың тікелей қолдауымен құрылған. 2009 жылы оркестрге дарынды күйші, Теріскейдің тумасы Сүгір Әліұлының есімі берілген. Даланың дарабоз дарынының есімін аманаттап алған өнер ұжымының ең алғашқы бас дирижеры Мұса Жарқынбек болған, ол кісінің көмекшісі болып Мұқтар Қуандық қызмет атқарған. Мұса ағамыз өмірден озған соң бас дирижер болып Есіркеп Жолдасов тағайындалған. Есіркеп ағамыздан соң маған дейін Ғалия Жомартова дирижер болып оркестрдің биік шыңға шығуы үшін барын салып қызмет атқарған. Міне, есімін ел білетін осы аға-әпкелерімізден соң өнер ұжымына бас дирижер болып мен келдім. Жаңағы есімдері аталған кісілер іргетасын қалап кеткен қасиетті өнер ұжымының ендігі өрлеуі – мен үшін үлкен жауапкершілік. Біздің оркестр биыл «Құрманғазы» атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрімен бірлесіп біршама жұмыс істеді. Атап айтқанда, «Құрманғазы» оркестрінің бас дирижеры Арман Жүдебаев біздің өнерпаздармен бір аптадай жұмыс істеп, шеберлік сыныбын өткізді. Және біздің оркестрмен бірге Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы, Талғат Күзенбаев секілді өнер саңлақтары ән шырқаған.

– Қазіргі уақытта оркестрдің құрамында қанша әртіс қызмет етеді және олардың кәсіби біліктілігі қандай?

– Оркестр құрамында 47 әртіс бар. Барлығы дерлік өз ісінің нағыз мамандары, өнердің биік шыңын мақсат еткен өнерпаздар. Бұл әртістердің 65 пайызы жоғары білімді, қалған 35 пайызы орта білімді жандар. Олардың ішінде Құрманғазы атындағы консерваторияның, «Өнер» академиясының және облыс орталығындағы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың және облыстық саз колледжінің түлектері бар.

– Кез-келген өнер ұжымының ерекшелігі - оның репертуарының бай болуында. Ұлттық өнер мен заманауи музыканы ұштастырып ерекшеленіп жүрген оркестрдің қоржынында қанша шығарма бар?

– Біздің басты ерекшелігіміз – оркестрге аты аманатталған Сүгір Әліұлының, Төлеген Момбековтің күйлерін орындаймыз. Бұл басқа композиторлардың күйлері, шығармалары орындалмайды деген сөз емес. Біздің шығармашылық қоржынымызда Тәттімбеттің, Құрманғазының, Дәулеткерейдің күйлерімен қатар, қазақ даласындағы саңлақ сазгерлердің әндері де бар. Сонымен қатар шетел композиторлары Моцарт, Штраустардың да шығармалары орындалады. Сөзімнің басында айтқандай, біздің басты мақсатымыз – Қаратау өңірінің күйлерін насихаттау. Репертуары жағынан 500-ге тарта шығарма бар. Бұл – 15 жылдық тарихы бар өнер ұжымы үшін үлкен мәртебе.

– Дирижер мамандығына келуіңізге не себеп болды? Жалпы бұл өнердің құпиясы, артықшылығы, ерекшелігі жөнінде айтып берсеңіз.

– 1993 жылы Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы саз колледжіне оқуға түстім. Осы колледжде жүргенімде ең алғаш КСРО Халық әртісі, профессор Шамғон Қажығалиевтің Тәттімбет атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрімен өткізген концертіне қатысып, ол кісінің оркестрмен жұмыс жасау шеберлігіне сүйсініп, дирижерлік мамандыққа деген қызығушылығым оянды. Сол кісіні үлгі тұтып, еліктеп өстім. Осы колледжде дирижер мамандығы бойынша Хайруллин Мұрат, Шоқанбаев Әбілтай ағамыздан және қазіргі таңдағы Тәттімбет атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің бас дирижері Дүйсен Үкібай ағаларымыздан дәріс алдым. Содан кейін Алматы қаласындағы консерваторияға оқуға түсіп, Қалауов Мүлкаманан, Әбдірашов Төлепберген ағаларымнан білім алып оқу орнын тәмамдап шықтым. Ең алғаш қызмет жолымды Талдықорған қаласындағы «Адырна» ансамблінде, Мұқан Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрінде дирижер және көркемдік жетекші болып бастадым. Алдаберген Мырзабеков, Айтқали Жайымовтардың жол нұсқап, бата беруімен 2016 жылы осы оркестрге қызметке келдім.

– Алдағы уақытта оркестр ұжымымен бірге қандай шығармаларды орындамақ ниеттесіздер? 15 жылдық мерейтой қарсаңында қандай іс-шаралар жасалуда және қай өңірлерге гастрөлдік сапармен бару жоспарларыңызда бар?

– Оркестрдің 15 жылдық мерейтойы осы жылдың көктемінде Сүгір Әліұлының туған жеріне барып, атамыздың басына тәу етуден басталды. Сол өңірдегі Теріскей жұртшылығына Сүгір Әліүлының шығармаларынан тұратын концерттік бағдарламалар ұсындық. Алматы, Ақтөбе, Орал, Талдықорған қаларына барып, оркестрдің 15 жылдығына байланысты гастрөлдік сапарда болдық. Мұнымен тоқтап қалмай облыстың барлық аудан, қалаларына да концерттік бағдарламамен бару жоспарда бар. Мені қуантқаны, мұнда заманауи жабдықтардың бәрі бар. Ұжымдағы әншілердің де кәсібилік деңгейі мықты. Көп дауыста ән орындау стилі жолға қойылған. Қандай іс-шара болсын әншілеріміз сол жиындардың ортасында жүреді. Жетістігі де жетерлік. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тікелей өнерге қолдауы ерекше.