Қазақстан • 22 Қараша, 2017

Медициналық құжаттарды электронды форматқа көшіру кезең-кезеңімен жүргізіледі – А.Цой

1160 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау саласын цифрландыруға байланысты ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұйыртса, алдағы уақытта дәрігерлердің қағазбастылығы 100 пайыз шешіліп, олардың жүктемесі азаяды.

Медициналық құжаттарды электронды форматқа көшіру кезең-кезеңімен жүргізіледі – А.Цой

Жұртшылықтың қолында жүрген қағаз медициналық карта да жаңа форматқа ауыстырылып, оның орнына электронды денсаулық паспорты пайда болады. Бұл туралы кеше Үкіметтің баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мәлімдеді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың айтуынша, медицина саласын цифрландыру жүйесі Қазақстан азаматтарының денсаулығы туралы мәліметтерді жинақтап, бірыңғай жүйеге біріктіруге құрылған.

Министрлік 2008 жылдан бері емдеу ұйымдарының қызметіне жүгінген халықтың сырқат тарихы туралы статистика жасақтапты. Енді осы статистикалық мәліметтер цифрландыру жүйесінің аясында азаматтардың жеке куәлігіне жеке идентификациялық коды (ЖСН) арқылы тіркелмек. Мұндай заманауи тіркелім жүйесі дәрігерлерге де, пациенттерге де тиімді. Айталық, дәрігерлер бұрынғыдай алдына келген науқастың ауру тарихын ауызша сұрап, қолмен жазып отырмайды. Азаматтың жеке куәлігіндегі штрих-кодты компьютерге қосса болды, барлық сырқат тарихы автоматты түрде мониторға шыға келеді. Бұл дәрігер мен пациенттің уақытын анағұрлым үнемдейді, осы жүйенің арқасында маманнның науқасты қарау уақыты бұрынғыдай 20-30 минут емес, 3-5 минутқа дейін қысқарады, дейді мамандар.

Электронды жүйенің тағы бір артықшылығы, мұнда жасанды интеллект бағдарламасы да енгізіледі. Егер дәрігер науқасқа қандай да бір дәрі тағайындаса, оның әлгі адамға жағатын-жақпайтынын ауру тарихына қарап, жасанды интеллект анықтап береді.

Вице-министр сондай-ақ, денсаулық саласын цифрландыруға байланысты дәрігерлердің жүктемесі мен қағазбастылығын азайтуға, емдеу ұйымдарын компьютерлендіруге ерекше ден қойылып отырғанын жеткізді. Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша дәрігер мен медбикелердің компьютермен жабдықталуы 78,4 пайызды құрайды. 2018 жылдың 1 қаңтарында бұл мәселені 85 пайызға шешіп, ал 2019 жылдың басында 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Бұған қоса, дәрігерлер қағазбастылықтан да арылғалы отыр. А.Цойдың айтуынша, медициналық құжаттарды түгел электронды форматқа көшіру кезең-кезеңімен жүргізіледі. Биыл жылдың соңына дейін медициналық ұйымдар жартылай автоматтандыру жүйесіне көшеді. Келесі жылдың басынан бастап, Қарағанды, Ақмола, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының емдеу ұйымдары қағаз түріндегі есепке алу құжаттамасын толтырудан босатылады. Ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, еліміздегі барлық денсаулық сақтау ұйымының медициналық құжаттамалары қағазсыз форматқа көшірілмек.

Жалпы, қағазбастылықтан арылу қағаз түріндегі медициналық картаны жоюдан басталмақ. Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының бас директоры Олжас Әбішевтің айтуынша, медициналық карталардың бәрі электронды төлқұжат нұсқасына көшеді. Осылайша, 2019 жылдың ортасына қарай қағаз түріндегі медициналық карта мүлде жойылатын болады. Ал келесі жылдан бастап, емхана және аурухана дәрігерлері пациенттердің жеке куәлігіндегі штрих-код арқылы электронды денсаулық паспортымен жұмыс істей бастайды. Оған дейін мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың пациенттер туралы жеке дерек қоры біріктіріліп, бірыңғай деректер базасын құрамақ.

Алдағы жылдан бастап, азаматтардың өздері де электронды цифрлық қолтаңба арқылы өзінің жеке электронды денсаулық паспортын ашып көріп, ондағы мәліметтермен таныса алатын болады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»