Кино • 24 Қараша, 2017

Алматыда «Елбасы жолы. Бейбітшілік кіндігінде» атты кинокартина жобасын қорғау отырысы өтті

381 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Елбасы жолы. Бейбітшілік кіндігінде» атты кинокартина жобасын қорғау отырысы өтті. 

Алматыда «Елбасы жолы. Бейбітшілік кіндігінде» атты кинокартина жобасын қорғау отырысы өтті

Фильм идеясын таныстыруға байланысты өткен қорғалымда режиссер Ақан Сатаев киностудияның Сарапшылар кеңесіне дайындық кезеңінде атқарылған жұмыстар туралы баяндап, түсірілім тобын таныстырған соң жаңа туындысын түсіруге дайын екенін жеткізді.  

«Бейбітшілік кіндігінде» фильмі Ақ­мо­ланың қарапайым қала­дан ел орда­сы – Астанаға айналуы мен бүгінгі қа­лып­тасқан кел­бетіне дейінгі кезеңдер туралы баяндайды. Картина 1994 жы­лы ас­та­на­ның Ақмолаға ауы­сып, Астана­ның қыс­­қа мерзім ішін­де күн санап дамып келе жат­қа­нын және әлемдегі ең әде­мі ас­­т­а­­на­­лар­дың қатарына енгенін көр­сетеді. 

– Біздің фильміміз саясат пен саясаткерлер туралы. Сол себептен де біз Прези­дент хаттамасынан, Президент Кең­сесінен көп кеңес алдық. Жаңа қалаға ту тіккен Астананың алғашқы кезде басынан өткерген қиын­дық­тары және Пре­зидент пен айна­ла­сын­д­а­­ғылардың оны қалай ең­сер­ген­дері туралы талай мә­лі­мет пен дерекке қол жеткіздік. Фи­льм­дегі негізгі драматургиялық шие­ле­ніс те осы тұрғыда өрбімек, – деді режиссер.

Болашақ фильмнің жобасын таныс­тыру кезінде түсірілім тобы фильм­де қолданылатын барлық бұ­йым­дар мен костюмдерді әкеліп, көр­ме ұйым­дастырды. Сарап­шылар кеңесі алдында фильм­нің атқарушы продюсері Әлия Мең­діғожина мен кастинг-дирек­тор Жайна Әбдиева да сөз алып, түсі­рілім алаңдары және ак­терлер тура­­лы әңгімеледі. Түсі­рі­лімдер Алматы мен Астанада өтеді. Бірін­ші түсірілім блогы жел­­тоқ­сан айын­да Алматыда бас­та­­ла­ды. Ал қаңтар айында Аста­на­да жал­ға­са­ды. Қазір актер­лер­дің плас­ти­ка­сы және сөйлеу мәнері­мен ма­­ман­дар жұмыс істеп жатыр, өйт­кені олар­дың сомдайтын кейіп­кер­лері өмірде бар адамдар. Актер­лер мұ­ра­ғаттық материалдар­мен жете та­ныс­тырыл­ған, себебі мұ­ның ак­тер­дің өз образына енуіне әсері мол.

Экранда Н.Назарбаевтың бей­несін белгілі театр және кино актері Мұрат Ахманов сомдай­ды. Сонымен қатар фильмде Ерке­бұлан Дайыров, Жан Бай­жан­баев сияқты кино майталмандары да бой көрсетеді. 

– Басты рөлге актер іздегенде біз үшін портреттік ұқсастығынан гөрі, оның актерлік шеберлігі маңыздырақ болды. Фильмде 14 түрлі күрделі грим жасалады, оны Марк Кульер жасайды. Кәсі­би жасалған грим көмегімен актер­дің Елбасымен портреттік ұқсас­тығын келтіреміз. Ал екін­ші пландағы актерлерді негізі­нен түр-әлпеті прототипке ұқсайтын­дарын таңдадық, – дейді А.Сатаев. 

Фильмнің қоюшы-операторы қазақ және қырғыз киносының мэтрі – Хасан­бек Қыдырәлиев («Көшпен­ділер», «Моңғол», «Анаға апарар жол», «Бауыржан Момышұлы» және басқалар). Суретші-визажист және протез макияжы бойынша арнайы шақырылған британдық Марк Кульер «Гранд Будапешт отелі» фильміне жасаған үздік макияжы үшін «Оскар» жүлдесін және «Темір леди» фильміне жасаған үздік макияж бен шаш үлгісі үшін 87-Британ кино академиясының BAFTA сыйлығын иемденген. 

«Елбасы жолы. Бейбітшілік кін­ді­гінде» фильмінің шығарма­шы­лық тобы түсірілім жұмысын жел­тоқ­сан айында бастап кетпек. Ал фильм қалың көрерменге бір жыл­дан кейін, 2018 жылдың жел­тоқ­сан айында жол тартады деп жоспарланып отыр. Фильм­­ді Мә­дениет және спорт ми­нистр­­лігі­нің тапсырысы бойын­ша Ш.Ай­­манов атындағы «Қазақ­фильм» кино­студиясы мен «Сатай­фильм» ки­но­компаниясы бірігіп түсіреді. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, 
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ