Футбол • 30 Қараша, 2017

«Қайрат» Төрттік финалдан тыс қалды

509 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Футзалдан Алматының «Қайрат» клубы УЕФА кубогының Төрттік финалына шыға алмады. Қазақстандық команда финалға жолдама беруші соңғы іріктеу кезеңде «D» тобында Испанияның «Интер-Мовистар», Португалияның «Брага/ААУМ» және Румынияның «Дева» командаларымен бір топта сынға түсті.

«Қайрат» Төрттік финалдан тыс қалды

«Қайрат» УЕФА кубогының элиталық кезеңіндегі ойындарын Испанияның Торрехон-де-Ардос қаласында өткізді. Алғашқы турда Алматының командасы Румынияның «Дева» клубын 5:2 есебімен жеңіп, іріктеуді жеңіспен бастады. Голдарды «Қайрат» сапынан Лео мен Хоссейн Тайеби екі-екі голдан соқса, қақпашы Игита бір допты өз еншісіне жазған еді.

Екінші турда «Қайрат» Португалияның «Брага/ААУМ» командасымен күш сынасып, 4:1 есебімен еш қиындықсыз жеңіске жетті. Бұл ойында Тайнан дубль авторы атанса, Маринью өз қақпасына гол соғып алды. Ал «Қайраттың» төртінші голын қақпашы Игита салды.

Сондай-ақ, Испанияның 21 дүркін чемпионы «Интер-Мовистар» командасы «Брага/ААУМ» (Португалия) мен «Дева» (Румыния) клубтарын аса қиындықсыз ұтты. Сөйтіп, «Қайрат» пен «Интер-Мовистар» топтағы бірінші орынды иелену үшін өзара кездесуде сарапқа салу керек болды. Өз елдерінің ең үздік командалары бір жылдың ішінде осымен екінші рет кездесті. Аталған екі ұжымның алғашқы текетіресі биыл Алматыда өткен Төрттік финалдың жартылай финалында болған. Сол кезде Испания ұжымы 3:2 есебімен басым түскен-ді. Араға жеті ай салып екі команданың жолы Төрттік финалға жолдама беруші соңғы іріктеуде түйісті. Екінші кездесуде де «Интер-Мовистар» командасы «Қайраты» тағы да қапыда қалдырды. Бұл жолғы есеп – 5:3. Төрттік финалдың екі дүркін жеңімпазы «Қайрат» 2016/17 маусымда «Интерге» жіберген есесін қайтаруға тырысқанымен, Пиреней түбегінен келген команда биыл да өзінің мықты екенін дәлелдеді.

Енді ойынға аз-кем тоқталып өтсек. Тартысқа толы, финалға бергісіз өткен матчта «Интер» гол соқса, «Қайрат» бірден жауап қатып, доп додасының көркін келтірді. Бірінші таймда тең есеп 3:3 нәтижесімен аяқталды. Екінші таймның орта тұсына қарай ойында шиеліністі, даулы жағдай көбейе түсті. Әуелі «Қайрат» клубының президенті Қайрат Оразбеков пен бас бапкері Какау алаңнан қуылды. Арада аз уақыт өткен соң қақпашы Игита тәртіп бұзып, екінші сары қағазын алды. Сөйтіп, ол да ойынды алаң сыртынан тамашалауға мәжбүр болды.

Сан жағынан басымдыққа ие болған «Интер» көп созбай, төртінші голын соқты. Ойын соңына қарай алаң иелері екі рет 10 метрлік айып соққысын орындауға мүмкіндік алды. Алғашқысы қақпадан қиыс кетсе, екіншісінде Гадейя пәрменді соққысымен Дудуды қапы қалдырды. Осы голдан соң «Қайрат» бірді-екілі шабуыл жасап көргенімен, бәрі нәтижесіз аяқталды. Ал матчтың аяқталуына 22 секунд қалғанда, алматылық ұжым жеңілгендерін мойындап, доп тебуді қойды. Себебі, қалған уақытта үш гол соғу мүмкін емес болатын.

Ойыннан соң, команда капитаны Дінмұхамед Сүлейменов бұл матчта жеңілгендерін толық мойындады. Оның айтуынша, «Интер» клубы «Қайратты» төрешілердің көмегінсіз-ақ жеңуге қауқарлы болған. «Ойын өте ауыр өтті. «Интер» өте мықты команда, олар бізді төрешілердің көмегінсіз-ақ жеңетін еді. Төреші клуб президенті мен бас жаттықтырушымызды алаңнан не үшін қуғанын әліге дейін түсіне алмай жүрмін. Оның бұл шешімі ойынның бүкіл қарқынын бұзды», дейді Д.Сүлейменов.

Ал «Қайраттың» бразилиялық легионері Алешандре Сүлейменовтің сөзімен келіспейтінін, төреші «Интерге» көмектескенін, әділ төрелік етпей, ойынның шырқын бұзғанын айтады. «Өкінішке қарай, Төрттік финалға шыға алмадық. Біз жеңіске жетуге бар күшімізді салдық, бірақ ойын біз күткендей болмады. Ойында гол соғатын бірнеше мүмкіндіктеріміз болды. Бірақ, әлемнің ең үздік командасына есе жібергенімізді түсінуіміз керек. Бұл ойында төреші «Интерге» ашық жақтасты. Бірнеше күмәнді шешім қабылдады. Мысалы, Гадейя ашық тәртіп бұзғанда қызыл, ең құрғанда сары қағаз беру керек еді. Бірақ, төреші үнсіз қалды. Ал Лео дәл сондай ереже бұзғанда оған сары қағаз көрсетті. Бізді Төрттік финалдан «Интер» емес, төреші шығарып жіберді десек дұрыс шығар», дейді ол.

«Интер» – өте тәжірибелі және үздік командалардың бірі. Есеп 3:4 болғанда біздің гол соғып, жеңіске жететін бірнеше мүмкіндігіміз болды. Бірақ, соны тиімді пайдалана алмадық. Бірінші таймда біз өте көп өрескел қателіктер жібердік. Үш голдың екеуі қорғаныстың қателігінен қақпамызға енді. Дегенмен, шәкірттерім жақсы ойын көрсетті. Төреші мені алаңнан не үшін қуғанын түсінбеймін. Барлығы ойын жағдайында болған еді. «Интер» жақсы команда, десе де көрермендер Қазақстанда футзал бар екенін, «Қайрат» секілді мықты клуб қалыптасқанын біліп жүретін болды. Клуб президентінен және жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Егер, төреші өз міндетін дұрыс атқарғанда, біз жеңіске жететін едік», дейді Какау мырза.

Осылайша, «Қайрат» клубы 11-рет ұйымдастырылған УЕФА кубогының Төрттік финалына тарихта төртінші мәрте шыға алмады. Дегенмен, ел чемпиондары бұл турнирде екі рет топ жарғанын айта кетейік.

Какаудың айтуынша, енді «Қайрат» футзалдан ел чемпионатына көңіл бөлмек. Сондай-ақ, 2018 жылы Словенияның Любляна қаласында өтетін Еуропа біріншілігіне дайындалады. 30 қаңтар мен 10 ақпан аралығында тін кәрі құрлық додасында Қазақстан құрамасы «В» тобында Ресей және Польша футзалшыларымен бір топта сынға түседі.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»