Аймақтар • 01 Желтоқсан, 2017

Азаттықтың арайлы бесігінде – Назарбаев даңғылы

601 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше VI шақырылымдағы Алматы қаласы мәслихатының сессиясы барысында мегаполис тұрғындарының көптеген ұсыныстарын ескере келіп және қалалық ономастика комиссиясының, Қазақстан Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының келісімімен Алматының басты көшелерінің біріне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімін беру туралы шешім қабылданды.

Азаттықтың арайлы бесігінде – Назарбаев даңғылы

Сессия барысында Алматы әкімі ономастикалық комиссияға  қайталанатын 112 көшенің атау­ларын өзгерту туралы зиялы қауым өкілдерінен, ҮЕҰ-дан, қала тұрғындары мен әсіресе жастардан мегаполистің бас­ты көшелерінің бірі Фурманов көшесіне Елбасы есімін беру жөнінде көптеген ұсыныстар түскенін атап өтті. 

«Біз биыл Астананың 20 жыл­дығын мерекелейміз. Егер еске алатын болсақ, тарихтың өзі ас­тананы көшіру туралы Елбасы шешімінің барынша көрегенді әрі дұрыс екенін дәлелдеді. Соның арқасында Еуразия орталығында жаңа заманауи қала пайда болды әрі еліміздің іскерлік орталығы ретінде Алматы жаңа серпінмен дами бастады. Тарихи маңызы зор шешім мен Президенттің экономикалық реформалары өзара ұштасып, жеке бастамаларды ынталандырды, кәсіпкерлік рухты дамытты. Бүгінгі күні Алматы – өңірлік тартылыс күші, Орталық Азияның ірі мега­полисі», деді Бауыржан Байбек. 

Қала әкімі Мемлекет басшысы Алматы қаласында Конс­ти­туция, Ұлттық валюта, Қарулы Күштер жа­сағын құру, мемлекеттік рәміз­дерді бекіту, Семей полигонын жа­бу сияқты талай тарихи шешім­дер­ді қабылдағанын еске алып, бұл ұсыныстың жайдан-жай жасал­ма­ғанын айтты. 

«Елбасы абыройының арқа­сында Қазақстан халықаралық дағ­­дарыстарды шешуде басты рөл ат­қаратын елге, сенімді серік­теске айналды. Ол кісі әлемдік дәре­жеде ядролық қару­дан бас тар­туға ұсыныс жаса­ған, әлемді яд­ро­лық қарудан арыл­туға үлес қос­қан бірден-бір тұлға. Мен әріп­тестерімнің пікіріне қосыламын. Бүгінгі Фурманов көшесінің атауын беру туралы шешім дер ке­зінде әрі дұрыс қабылданған ше­шім», деді әкім. 
Елбасы атына Алматыдағы үл­кен даңғылдың берілгені туралы шешімді қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері жаппай қолдап отыр. Қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков бұл хабарды естігенде қатты қуанғанын айтып, өз ойымен бөлісті.  

«Кешегі Кеңес заманында қазақ тарихына, қазақ халқына, Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ адамдардың аты қалаға да, далаға да, көшелер мен меке­ме­лерге де бе­рілді. Біз кеше тари­хымыз, ар-ож­данымыз таптал­ған елміз. Қазақ хандары, би­лері келеке, мазаққа айналған за­манды да басымыздан кештік. Нұрсұлтан Назарбаев ба­ба­лар аманатын орындаған, арманын жүзеге асырған үлкен қайраткер. Ол қирандыдан мемлекет орнатты. Оны әлемге танытты, мойындатты. Назарбаев басқарып отырған Қазақстандай тәуелсіз мемлекет Ұлы Даланың төсінде болған емес. Алматы мәдени, экономикалық орталыққа айналды. Ал Астана Қазақстанды өрге сүй­реді. Осындай тарихи шешімді ерлікпен қабылдаған да Елбасы болатын. Нұрсұлтан Назарбаев мақ­­тауға да, мақтануға да татитын ұлы тұлға. Сондықтан Алма­­тының үлкен бір күре тамыры сияқ­ты даңғылы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен атал­ға­нына шын жүректен қуаныш­тымын», дейді М.Жолдас­беков. 

Мемлекет басшысының есімі елдің мәдени астанасына ай­налған Алматыдағы көшеге бе­рілгенін халық әртісі Бибігүл Төлегенова да қуана құптап отыр. Әншінің айтуынша, Елбасына өзі түлеп ұшқан Алматыдан көше атының берілуінің маңызы зор. «Елбасының басқа еңбектерін былай қойғанда, мәдениетіміздің бүгінгідей деңгейде дамуына қосқан үлесі ерекше. Сондықтан мәдениеттің астанасы, ежелгі қала Алматыдағы көшеге Елбасы есімінің берілуі өте құптарлық шешім», деді Б.Төлегенова.

Еске салар болсақ, осыдан 10 жыл бұрын Қазақстан Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаевтың есімі Иорд­ания­ның Амман қаласын­дағы жә­не Чешен Республи­ка­сы­ның Гроз­ный қаласындағы көше­лердің біріне берілген болатын. Бұ­лардан өзге, Қазақстанның Тұң­ғыш Президентінің есі­мімен Түр­кияның бірнеше қа­ла­ларының көшелері аталады, Татарстан аста­насы Қазанның магистралды кө­шесіне Елбасы есімі берілген.

Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»