Медицина • 06 Желтоқсан, 2017

Тұғырлы тұлға – Ахметжан Есімов

505 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Күні кеше республикалық мерзімді басылымдарда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталестің жолдаған жеделхаты жарияланды. Онда «Менің атыма қатысушы елдерден ЭКСПО-2017 көрмесі мамандандырылған көрмелер тарихындағы ең жарқын әрі жемісті көрме болғаны жөнінде хаттар келіп түсуде. Бұл келешекте өтетін мамандандырылған көрмелердің дамуына септігін тигізетініне сенімдімін», деп атап көрсетіпті Бас хатшы.

Тұғырлы тұлға – Ахметжан Есімов

Иә, уақыт құдіретіне дауа жоқ. Еліміз үшін айтулы сынақ болған жаһандық шараны өткізуге бүкіл қазақстандықтар бір кісідей жұмылып, Мемлекет басшысының бастамасымен «Ұлттық жобаны» іс жүзіне асыра бастағаны да күні кеше ғана еді. Енді міне, бүкіл әлем көз тіккен көрменің ару Астанада зор табыспен, Халықаралық көрмелер бюросы Бас хатшысының берген бағасы бойынша, «соңғы жиырма бес жыл ішіндегі ең тамаша көрме» ретінде асқан ұйымшылдықпен өткеніне де куә болдық. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, бұл жаһандық үлкен шараны өткізу оңай болды ма?! Әрине, жоқ. Осы ретте «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің есімі еріксіз еске оралады. Әрине, Бүкіләлемдік көрмелер бюросының қос ғасырлық шежіресінде Орталық Азияда, тіпті ТМД мемлекеттерінің ішінде алғаш рет тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы – ару Астанада өткізілген ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің тарихы әлі талай-талай таразыланып, мәні мен маңызы да түйінделе жатар. Бүгін біз елдіктің ерен жетістігіне айналған жаһандық шараны жоғары дәрежеде өткізуге ерекше үлес қосқан бірегей тұлға, білікті менеджер, іскер ұйымдастырушы Ахметжан Есімовтің ерен еңбегін тілге тиек етпекпіз.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, бүкіл еліміз жұмылған «Ұлттық жобаны» күрделі тығырықтан алып шыққан бірден-бір мемлекеттік менеджер осы Ахметжан Смағұлұлы болғанын неге ұмытамыз. 2015 жылдың жазында ел үмітін, Елбасы сенімін ақ­тамаған, еліміздің имиджі таразыға тар­тылған әлемдік шараға бөлінген мемлекет қаржысын талан-таражға салған «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшылығы қызметтен қуылып, қылмыстық жауапқа тартылды. Көрменің ашылуына екі жылға толар-толмас уақыт қалғанда, мұндай оқиғаның орын алуы, бұрынғы топ-менеджерлер тарапынан «...бөрі етектен тартқанмен» тең еді. Міне, осындай қиын да күрделі кезеңде Елбасы барлық қазақстандықтар үмітін үкілеген «Ұлттық жобаның» болашағын Ахметжан Есімовке сеніп тапсырды.

Сол бір кезеңді Ахметжан Смағұлұлы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында былайша еске алады: «Президент мені Ұлттық компанияның басшысы етіп тағайындағаннан кейін екінші күні, бұл 2015 жылдың 13 тамызы болатын, мен құрылыс алаңына келдім және тұрғызылып жатқан нысандардың алғашқысы ретінде BI-Group компаниясы салып жатқан құрылыс нысаны – С1 павильонын көрдім. Шындығын айтсам, дәл сол кезде бұл жерде өндіріс кестесі жазылған тақтайша орнатылған бетон плитасынан басқа ешқандай құрылыс, ешқандай ғимарат жоқ еді. Дәл сол сәтте көрген көрініс менің бойымда ешқандай оптимистік сезім тудырған жоқ. Алда орасан зор жұмыс күтіп тұрды... Білекті сыбанып, жатпай-тұрмай жұмыс істеу керек болды. Басқа жол жоқ. Біздің дер кезінде үлгере алмайтындығымызға күдік білдірген сәуегейлер де көп болды. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, біз жұмысты таза жерден бастап кеттік».

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың басқарма төрағасы қызметіне тағайындалысымен А.Есімов ЭКСПО қалашығының құрылысына бөлінген қаржыдан 78 миллиард теңге қысқартуға қол жеткізді. Компания басшылығындағы топ-менеджерлерді екі есе азайтты. Көрме қалашығының құрылыс алаңын аралағанда, Ахметжан Смағұлұлының назарын аударған тағы бір мәселе, құрылыстағы ұлттық компаниялар мен жергілікті құрылыс материалдары үлесінің тым аздығы болды. Ол жедел түрде Қазақстанның барлық өңірлерімен байланыс орнатып, іссапарларға шығып, көрме қалашығының құрылыс жұмыстарына отандық кәсіпорындарды көптеп қатыстыруға жол ашты. Сөйтіп аз уақыттың ішінде халықаралық көр­ме ны­сандарын салатын отандық кәсіп­орын­дардың үлес-салмағын 90 пайызға жеткізді.

Ұлттық компанияның басшылығына тағайындар сәтте Елбасының оған тапсырған басты тапсырмаларының бірі – Ұлттық қордан бөлінетін қаржының әрбір тиынын тиімді жұмсау болатын. Ахметжан Смағұлұлы Мемлекет басшысының осы тапсырмасын барлық жұмыстың басты бағдары ретінде қабылдап, бюджет есебінен салынатын құрылыс нысандарының құнын 302 миллиард теңгеге дейін төмендетті.

Білікті басшы, шебер ұйымдастырушы А.Есімов «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшылық тізгінін қолға алға сәттен бастап, жұмыс жанданып жүре берді. Көрме жалауы желбірегенге дейінгі, бас-аяғы 21 айдың ішінде бес жыл бойы атқарылатын жұмыс ауқымына тең құрылыс нысандары бой көтерді. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың бюджетін оңтайландыру есебінен 364 миллиард теңге, яғни жобаның бастапқы құнының 44,6 пайызын үнемдеуге қол жеткізілді. Бұл ретте көрменің Қазақстан экономикасын дамытуға мультипликативтік тұрғыдан оң әсер еткенін де ерекше атап өткен жөн. Атап айтқанда, еліміздің шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорны құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристік сектор жанданды. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есеге артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан астамға көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Білікті басшы Ахметжан Смағұлұлы Есімовтің басшылығымен 21 ай бойы екпінді қарқынмен жүргізілген құрылыс жұмыстарының барысында экономикамыздың бірқатар салалары қарқынды даму жолына шықты.

Ұлттық компания басшысы «ғасыр құрылысына» отандық кәсіпорындарды көптеп тарту жолындағы игі мақсатына жетті. Көрмеге дайындыққа және оның құрылысын жүргізуге еліміздің барлық өңірлерінен 200-ден астам отандық кәсіпорын жұмылдырылды. ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында 50 мың жұмыс орнын ашуға және сақтауға мүмкіндік жасалды. ЭКСПО қалашығы ғимараттарының құрылысын жүргізу кезінде отандық компаниялар жалпы сомасы 500 миллиард теңгеден астам жұмыс және қызмет көрсету көлемін атқарды.

Тағы бір ерекше атап өтетін мәселе, Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі өзінің 166 жылдық тарихында өркениет шежіресіне алтын әріптермен жазылған сәулет өнерінің небір жауһарларын қалдырды. ЭКСПО мұралары – Лондондағы Хрусталь сарайы, Париждегі Эйфель мұнарасы, Александр III көпірі, Лион вокзалы және басқа өнер туындылары болып табылады. Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме қалашығында да әлем ғажайыптарының санатына қосылатын ЭКСПО мұрасы қалды. Ол – Ұлттық бас павильон ғимараты – «Нұр Әлем». Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында былай дейді: «ЭКСПО-2017 көрмесі қалашығында бой көтерген барлық нысандар түбегейлі салынған ғимараттар болып табылады. Көптеген нысандар көрмеден кейін де жұмыс істейтін болады. Мәселен, Сфера ғимараты Болашақ мұражайына айналады. Мұнда энергия тақырыбы барынша жан-жақты, атап айтқанда, ғарыш, күн, жел, су энергиясынан бастап, кинетикалық энергияға дейін толық көрініс табатын болады. Яғни, ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында қол жеткізілген барлық жетістік көрме мұрасына айналады».

«Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне арнайы келген Финляндия Республикасының президенті Саули Ниинистё: «Қазақстан – Орталық Азияда ЭКСПО көрмесін өткізген тұңғыш мемлекет. Мұндай жаһандық жауапкершілікті кез келген мемлекет атқара алмайды. Көрме қалашығының қайталанбас сәулеті мен жоғары дәрежедегі ұйымдастырушылық жұмыстар ЭКСПО-2017 көрмесінің табысты болатындығына ешбір күмән қалдырмайды», деп атап көрсеткен болатын. Көзіқарақты шетелдік мәртебелі мейманның осы пікірі де көп нәрсені аңғартса керек.

Бүгін біз ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында тәуелсіз Қазақстанды төрткүл дүние барлық қырынан толық таныды деп сеніммен айта аламыз. Елордада өткен ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесіне әлемнің 115 мемлекеті мен 22 халықаралық ұйымының жоғары лауазымды қонақтары арнайы келді. Көрме жалауы желбіреген үш ай ішінде 220 халықаралық ресми шаралар өткізілді. Оған 28 мемлекет басшысы, 13 парламент спикерлері мен бас хатшылары, 10 премьер-министр, 26 премьер-министрдің орынбасары, 70 министр және 48 министрдің орынбасарлары қатысты. Энергетика, құрылыс және инвестиция саласында Қазақстанның іскер топтарының қатысуымен көрмеге қатысушы елдер арасында 39 келісім жасалынды. «Жасыл» технология саласындағы әлемдік 193 озық үлгі таныстырылып, оның көпшілігі қазіргі таңда Қазақстан экономикасына енгізіле бастады. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өткізілетін үш ай мерзімде көрмеге 2 миллион адам келеді деп жоспарланса, көрме жалауы желбіреген 10 маусым мен 9 қыркүйек күндері аралығында елордада өткен көрмені 3 997 545 адам тамашалады. Міне, бұл құрғақ цифрлармен астасқан жоғары жетістіктер көрсеткішінде «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімовтің қайталанбас қолтаңбасы қалғаны анық.

«Жақсымын деп мақтанба, халық айтпай, батырмын деп баптанба, жауға шаппай» демекші, тізгін ұстаған азаматтарымызды атқарған ісіне қарай бағалайтын елміз ғой. Ендеше әлем назарын өзіне аударған ЭКСПО көрмесін жоғары ұйымшылдықпен өткізіп, елдіктің ерен үлгісін көрсетуде үлкен біліктілік, ерекше іскерлік танытқан мемлекеттік менеджер Ахметжан Есімовтің азаматтық парасаты шынайы әспеттеуге лайық. Ел үмітін үкілеген биік асуларды алу осындай тұғырлы тұлғалардың ғана қолынан келсе керек.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАР,

«Егемен Қазақстан»