Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2017

Үйінің орнын сипап қалды

319 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күнделікті әдетімен жұмысқа көтеріңкі көңіл-күймен кеткен Дина Мақашева баспанасының сүріліп, орнын сипап қаламын деп әсте ойламаған. 

Үйінің орнын сипап қалды

Жаманат хабарды телефон қоңыраулатқан көршілерінен естіп, есінен танып, құлап қала жаздаған. Жаңылыс болар, таңертең ғана сап-сау тұр еді ғой деп өзін-өзі қанша жұбатқанмен бір орнында байыз тауып отыра алмаған. Тығыз шаруалардан қолы босамаған апасы Гаухар Ахметжановамен хабарласып, мәселенің анық-қанығын білуді өтінген. Ол ентіге басып жеткенімен, сүріліп тасталған баспаның жұртын ғана кезіктіреді. Жүгіре басып, қалалық әкімдікке келеді. Ондағылар бұл оқиғаға біздің еш қатысымыз жоқ деп ат-тондарын ала қашады. Үйлерді құлатуға жауапты мекеме мен адамдардың телефон нөмірін алғанымен, ешкім телефон көтермейді.

Жергілікті билік орындарының жауапсыз­дығы салдарынан тұрып жатқан үйден айрылып, далада қалған Дина қыстың көзі қырауда туған-туыстарын сағалап жүр. «Жас өркен» шағын ауданында орналасқан үйімнің бұзыла­тынын білетінмін. Бірақ ол туралы алдын ала ескертілмегені таңдандырып отыр. Баспана ішіндегі жиһаздардың, тұрмыстық заттардың қайда кеткені, жаңа пәтердің қашан берілетіні белгісіз. Не істерімді білмей далмын», дейді 20 жастағы бойжеткен жыламсырап.

Қалалық әкімдіктегілер болса орын алған орынсыз оқиғаны жуып-шайып, барлық жағдайды жасауға, атап айтқанда мүліктерді қалпына келтіруге, шығындарды өтеуге, сондай-ақ пәтер алуға кепілдік беретін құжат­тарды ресімдеуге уәде беріп отыр.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

ПЕТРОПАВЛ​​​​