Спорт • 14 Желтоқсан, 2017

Марат бастамашы болған марафон

436 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада алғаш рет «Astana Winter Marathon-2017» қысқы жүгіру жарысы өтеді. 

Марат бастамашы болған марафон

Жарыстың ұйымдасты­рылуына мұрындық болған «Marat#ON» жүгіру клубының құрметті мүшесі, атақты қазақ­стандық ультрамарафоншы Марат Жыланбаев жарыста 3 қашықтық көзделетінін, олар, классикалық марафон – 42 км 195 м, жартылай марафон – 21 км және 10 км-ні құ­рай­тынын тілге тиек етіп, бәйгенің мақсатымен бөлісті. 

«Қысқы жүгіруді ұйымдас­тыру шешімі бұқаралық спортқа қазақстандықтарды мейлінше молынан тартумен негіздел­ген, ашық ауа астында жыл бойы жаттығулармен айналысу­ға кедергі еместігін дәлелдеу. «Marat#ON» жүгіру клубы 2016 жылғы қарашадан бері жұмыс істейді, ай сайын жаңадан келгендер жүгірудің қыр-сырын үйреніп, соңынан әуесқой спортшылар жаппай жүгіруге қатысады. 10 км аса қашықтыққа қысқы сайысты біз Астанада тұңғыш рет ұйымдастырамыз, тіркеу 12 желтоқсаннан бас­тап 20 желтоқсанға дейін жал­ғасып, жарыстың өзі 24 жел­тоқсанда Астананың триатлон паркі аумағында өтеді. Іс-шара коммерциялық емес және клуб мүшелерінің, демеушілер мен серіктестердің қаражатына ұйымдастырылады», деді атақты марафоншы.

«Қазақстан Республикасы Жеңіл атлетика федерация­сы» АҚ ерекше мәселелер бо­йынша кеңесшісі Оксана Хашагульгова 2017 жылы Қазақ­станда Астана, Алматы, Атырау, Рудный, Қарағанды қалаларында 6 марафон іс-шаралары өтіп, оларға шамамен 30 000 адам қатысқа­нын тілге тиек етіп, 2018 жылы Фе­де­рация марафонға қатысу­шы­лардың санын үш есеге арт­ты­руға ниетті екенін жеткізді.

Мәре сызығын алғашқы болып кескендерге медальдар, кубоктар мен бағалы сыйлық­тар табысталады.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»