Тарих • 26 Желтоқсан, 2017

Қожагелді батыр

2694 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ресей үкіметі XVIII ғасырдың 30-40 жж. қазақтармен жасаған келісімдеріне қарамай, XIX ғасырдың бірінші ширегінде күштінің құқысы бойынша қазақ хандықтарын біржақты түрде жоюға кірісті. 1822 жылы Орта жүздегі қазақ хандығы жойылғаны мәлім. Осының кебін 1824 жылы Кіші жүздегі қазақ хандығы да киді. Міне, осындай жағдайда Ертістің бойындағы Тарбағатай өңіріне қарай жатқан жерлерде 1831 жылы жаңадан ашылған әкімшілік бөлініс – Аягөз сыртқы округі құрылды.

Қожагелді батыр

Жаңадан құрылатын Ая­гөз округіне басқаларымен қатар бүгінгі Көкпекті, Тар­бағатай аудандары жеріне қо­ныстанған матайдың қап­тағай бөлігіне жататын қарау­жасық, қаракерейдің мұрын, байжігіт және қыржы рулары да кіруге тиіс болды. Осы­лар­дың ішінде мұрындар мен қыржылар орысқа қа­ра­ған, ал қараужасықтар мен бай­жігіттер қытай ықпа­лын­дағы руларға жатты. Ал шын­дығына келгенде, Аягөз округі құрылар қарсаңда Алтай мен Тарбағатайдағы, кейіннен тү­сетін орыс-қытай шекарасына қарай орналасқан рулар көп жағдайда өздерінің беделді сұлтандары мен ру басыларына бағынып, еркін жағдайда жүрді.

Сол кездегі Тарбағатай өңі­ріндегі осы мәселе бойын­ша қалыптасқан қөзқарас, 1831 жылы Аягөз сыртқы округі ашылғанда, орыс мем­леке­ті­нің осы әкімшілік билік құ­ры­лымына үміт артқан жер­гілікті ел билеушілердің атынан­ Сарт Жошыұлы генерал В.Бро­невскийге табыстаған, 7 тар­­мақ­тан тұратын талаптың мә­т­і­нін­де айтылады. Онда: «...­Ел­ иелігіндегі жер мен бай­лығы мәңгілік еркімізде болсын, біздің азаматтарымыз ешқашан жасаққа алынбасын, әскер жерімізге жіберілмесін, өлімнен басқа іс мұсылмандық жолмен шешілсін, ішімдік үйлері салынбасын, ел құқы­ғын қорғау үшін 3-5 жылда ақ патшаға өкілдік жіберіліп тұрсын...» делінген.

Сол кездегі Тарбағатай өңі­ріндегі орыс отарлауына табанды қарсы тұрған тұл­ғалардың бірі – Қожагелді батыр. Зерттеушілер Қожа­гелді Атанұлы шамамен 1757 жылы туған дейді. Туған жері белгісіз. Бірақ ата-бабалары бірнеше ғасыр жайлаған С­ары­арқаның төріндегі Есіл-Нұра мен Сарысу өңірлерінде немесе Сыр бойында тууы да әбден мүмкін. Жасаған ием батырға қажетті мол қайрат, табандылық, үлкен жігер берген, ақылға да кемел Қожагелді Атан ұлының сүйегін ескіше таратсақ: қаракерей, мұрын, жолымбет, назар, жанболат, тоқабай сияқты руға айналған аталардың атымен кете береді.

Қожагелді жасақ жиып, қолбастаған уақыт Абылай мен Қабанбай заманы емес. Бұл кезде қазақпен арпалысқан жоңғарлар тарих сахнасынан кеткен. Десек те өңір әлі тынышсыз. Қытайдың және орыс­тың ықпалына енген ру­лар­дың арасында да әртүрлі қайшылықтар болып жататын, отарлаушылардың жуа­сыту жорықтары да жиі болатын. Кезінде Тарбағатайды жайлаған, қазақ-жоңғар со­ғы­сының барысында бұл өңір­лерден қытай жеріне ауған қалмақтар мен Тарбағатайды мекен қылған қазақтар арасында да әлсін-әлсін қақтығыстар әлі болып тұратын. Қожагелді 16-17 жасында ат жалын тар­тып мініп, тәжірибелі жорық­шы батырлардың жанына ерген XVIII ғасырдың 70-ші жылдарының басы, ел әлі бейбіт жағдайға толық көшіп болмаған кез еді.

Қожагелді батырға бай­ла­нысты ел жадында қал­ған деректердің бір бөлігі – оның қырғыздарға жаса­ған жорықтары туралы болып келеді. Шынында Қожа­гелді батыр ат үстінде жүр­ген XVIII ғасырдың 70-80-ші жылдары қазақ пен қырғыздың арасындағы қа­рым-қатынастардың шиеле­нісіп тұрған кезеңіне жатады. Кезінде жоңғарға бағы­нып қалып, отыз жылдан астам уақытқа созылған жоң­ғар-қазақ соғысында бей­та­рап жағдайда болған қыр­ғыздар, Жоңғар мемлекеті тал­қандалғаннан кейін, қазақ әскері жан алып, жан беріскен соғыстармен босатқан Жетісу өңірін және т.б. жерлерді алу мақсатында жорықтар жасай бастады. Деректер бойынша Әтеке, Нәдірбала сияқты қырғыз батырлары Аягөз бойы­на дейін келген. Бұл кезде қазақтар, қалмақтармен жүр­гізген қиян-кескі соғыс­тарының нәтижесінде өздері жаудан босатқан, бір кездегі ата-баба жұрты Алтайды, Тарбағатайды, Жетісуды бұ­рынғы жоңғар жерлерін иеленуге құқылымыз деп есеп­теген Цин жаулап алушыларының қысымымен тастап шығып, орыс бекінісі Семей түбіне қа­рай шегінуге мәжбүр бол­ған еді. Сол кезде өмір сүр­ген капитан Андреев қазақ руларының Шар өзенінен өте алмай, қытайлар оларды жібермей тұрғанын жазған. Қырғыздардың қазақтың өзі босатқан жерлерін иемденіп қалу үшін көрсеткен белсен­діліктері осы кезге сай келеді. Бұл жағдай қазақтар тарапынан әділетті ашу-ызаны ту­ғызғаны мәлім. Сол кезең­дегі оқиғалардың біразы қа­зақ-қырғыз қақтығыстарына арнал­ған. Ақыры 1770 жылы қазақ әскері Шу өзенінің бас­тау­ларында, «Жәйіл қыр­ғыны» деп аталған шайқаста қырғыздарды ойсырата жең­гені тағы шындық.

Біраз болсын саябырсыған қақтығыстар XVIII ғасырдың 80-ші жылдарына қарай қай­тадан өршіді. Осы кезең­дер­де Қожагелді батыр қыр­ғызға қарсы жорықтардың бар­лығына қатыса бастаған. Оның батырлық қабілеті осы жорықтарда жұртқа мәлім болған. 1785 жылы қырғыз торуылшылары қазақтың атақты қолбасы батыры, заманында Ер Қабанбайдың серігі болған, шанышқылы Бердіқожа батырды Іле бойында қолға түсі­ріп, азаппен өлтіреді. Ша­ныш­қылылар кезінде жау­дан босатылған шығыс өңір­ге сонау Тәшкен жақтағы Шыр­шықтан қоныс аударған болатын. Бұлар Бердіқожаның қазасынан кейін қайтадан бұрынғы жерлеріне кетуге мәжбүр болған. Бердіқожаның өлімі қазақтарды қатты шам­дандырған. Ел ішіндегі әңгі­мелерде Қожагелді батырдың Бердіқожа үшін қырғыздардан кек алғандығы айтылады. Бір қызығы, мұрын табының назар тармағының ішінде өздерін Қожагелді қырғыздан әкелген сарыбағыштармыз дейтін туыс­­тар кездеседі.

Бір сөзбен айтқанда, Қожа­гелді батыр қазақтың ертеден келе жатқан батырлық және жауынгерлік дәстүрін мол меңгерген, қазақ-жоңғар соғы­сына қатысқандардың жанына ерген, әңгімелерін тыңдаған, солардың ізін жалғастырған, бүкіл саналы ғұмырын елін, жерін жаудан қорғауға арнаған тұлға. 

Тарбағатай-Зайсан бағы­тында орыс отарлауы бел­сенді түр­де жүре бастаған уақыттарда Қожагелді Атан­ұлы мүмкін болса ешкімге де бағынбай, тәуел­сіздікті сақтау тұғырын берік ұстанған. Оның мұндай көзқараста болуына да әсер еткен факторлар болды деп айта аламыз. Біріншіден, бұл кезеңде орыс отарлауы қанша қауырт жүре бастаса да, XIX ғасырдың соңы және XX ға­сыр­дың басындағыдай қазақ жеріне шаруа переселендердің қап­тап көшіп келуі жоқ еді. Бұл уақыт­та жерді отар­лау азын-аулақ казактар ар­қылы ғана іске асырылды. Қазақтың саны қалай болғанда да басым. Осы жағдай күш біріктірсе, келімсектерге қарсы тұруға болады деген үміт отын да ұялатқан сияқты. Екіншіден, Қожагелдіге қатаң бағыт ұста­нуына мүмкіндік берген, осы ұстанымды қолдай­тындардың ел ішінде біршама болуы деп те есептейміз.

Ел ішіндегі қайраткер­лердің осы мәселеде ұстаным­дарының тұрақты болмауы біршама қайшылықтарға әкелгенін көруге болады. Мы­са­лы, Ақсуат жеріндегі бұрын­нан келе жатқан әңгімелерде Ханқожаның үлкен ұлы Жан­бөбек пен Қожагелдінің ара­сындағы болған бітіспес жау­лық айтылады. Бірақ бұған халық әңгімелері одан арғы жауапты бермейді.

Біз оған жауапты тарихи деректерге үңілгенде табамыз. Қожагелді батыр қа­за табатын 1826 жылдың қарсаңында, кейіннен өзде­рі орыс билігіне қарсы кү­рес­ті бастайтын ағайын­ды сұлтандар Жанбөбек те, Сы­бан­құл да осы кезеңде орыс­пен жақындасу саясатын ұстанған. Осы уақыттарда бұ­лар үшін үлкен кедергі Қо­жа­гелді батыр болды деуге болады. Ақыры оқиғаның шие­ленісуі ел ішіне Жанбөбек сұл­танның орыс қарулы отрядын шақыртуына алып ке­леді. Ол туралы «...султаны Му­рун-Наймановской волости Ханкожины начинают просить о присылке к ним казачьих отрядов... Султаны на эту присылку обязались уплатить в пользу войска ремонтный сбор лошадьми, продовольствовать отряд на свой счет. Посланный в 1825 г. отряд возвратился на линию благополучно, коман­дированные же в октябре 1826 г. сотник Везигин, при 25 казаках, встретил, по его словам при сборе лошадей сопротивления со стороны части мурунских киргиз, так что дело в конце концов, дош­ло до вооруженной стычки» деп көрсетілген. (Н.Коншин. Материалы для истории Степного края // Памятная книж­ка Семипалатинской облас­ти на 1900 г. Выпуск IV. Семи­палатинск, 1900. С.8).

Осында қазақтардан лау сұ­раған казактар мен жергі­лікті тұрғындардың арасын­да болған қақтығыста үш адам­ның қаза тапқаны және бірнеше адамның жаралан­ғандары айтылады. Соның бірі – ауыр жараланған Қожа­гел­ді батыр.

Қожагелді батырдың өлі­мін кездейсоқтық деу қиын. Оның жауабын жергілікті руларды қандай жолмен болсын бүтіндей бағындыруды көздеген орыс өкіметінің сая­сатынан табамыз. Біз бұдан, орыс бодандығына мүлде қар­сы, ертеңгі күні елді үлкен қоз­ғалысқа бастап шығуы мүм­­кін тұлғаның көзінің бас­қа­ларға сабақ болсын деп мақ­сатты түрде жойылғанын көреміз.

Қожагелді батырдың өлі­міне байланысты оқиғаның анық-қанығын тексеруге Ом­быдан Тарбағатай өңіріне арнайы комиссияның келгенін де осыған жатқызамыз. Ақы­ры, Қожагелді батырдың ру­лас­тарын, жақын ағай­ын­да­рын, елді тыныштандыру мақса­тында Тарбағатай өңі­рінен Санкт-Петербургке арнайы бітім­гершілік депутация ша­қы­рылған. Сол кезеңде қазақ даласынан Петербургке талай делегацияның барғанын байқауға болады. Барғандарға патша үкіметі үлкен сый-сияпат жасаған. Мүмкін болса, императормен аудиенция да ұйымдастырған. Осындай шаралардың астарында, жаулап алынған жерлерді толық игергенше, жергілікті халықты алдап-сулап тыныштандыру саясатының да жатқанын көреміз.

Бұл туралы белгілі өлке­та­нушы Николай Яков­ле­вич Коншин 1900 жылы шық­­қан «Памятная книжка Семипалатинской облас­ти» жинақ басылымында жа­риялаған өзінің мақаласында: «В декабре 1828 г. к Генерал-Губер­натору поступило про­шение от ездивших в Петер­бург депутатов (старшины Ай­дарбека Кутебаева и 3 биев) о взыскании с Ханко­жиных куна за убитых в 1826 г. трех мурунцев и об уда­лении Ханкожиных из Мурун­ской волости» деп жазады. (Н.Коншин. Мате­риалы для истории Степного края // Памятная книжка Семипалатинской области на 1900 г. Выпуск IV. Семи­палатинск, 1900. С.13).

Біз бұдан Ақсуат өңірінде халық ішінде айтылатын «Қо­жагелді батырдың құнын жоқ­тап Шәкі би, батырдың інісі Айдарбек би және Қисық Те­зекұлы Петерборға барған» деген сөздерге дәлел табамыз. Мұндағы айтылатын Айдарбек би сол кездегі көрнекті тұлға­лардың бірі. Оның әкесі Көте­бай Қожагелдінің бірге туған ағасы, яғни бұлар Атанның ұлдары.

Николай Коншин оқиғаны: «На­конец, в начале января 1828 г. Ючин приехал из Семи­палатинска в Омск, откуда, в конце того-же месяца, и был отправлен в Петербург со «свитой» из пяти человек (од­ного бия, двух старшин, муллы и татарина Файзуллы Сейфуллина) и в сопровождении назначенного «приставом» к депутации начальника отделения Омского общего областного управления Сушина «при двух казачьих чинах» деп одан әрі өрбітеді. (Ол да сон­да, 13-б.) Біздер бұдан Петер­бургке бес адамның бар­ғанын көреміз. Олар: депутацияны бастаған, сұлтан Сарт Жошыұлы, Шәкі би, старшиналар деп көрсетілген Айдар­бек би және 1734 жы­лы құрылатын Көкпекті сырт­қы округінің болашақ аға сұл­таны, өз заманының аса көрнекті тұлғасы Қисық Тезе­ков, сол сияқты жол басшы Фай­золла Сейфуллин деген татар азаматы мен аты-жөні бел­гісіз бір молда.

Депутацияға  халық ішінде аса беделді сұлтан Сарт Жо­шы­ұлы, осы күнге дейін жұрт­шылық атын құрметпен айтатын Шәкі би, сол кезде ел ағасы болған, Қожагелді батырдың інісі Айдарбек би және Қисық Тезекұлы сияқты азаматтардың кіргендері-ақ оқиғаның бүкілхалықтық си­пат алғанын, сонымен­ бірге батырдың халық ішін­дегі беделі­нің қандай болғандығын аңғар­тады.

Қожагелді Атанұлы отар­шылдардың қолынан 1826 жылы опат болғанда, азамат, ел ағасы, қайраткер ретінде кеме­ліне келген кезі  69 жаста болыпты. Бүгінгі мына тәуел­сіз ел болған бақытты заманда, туған халқының жарқын бола­шағы үшін барлық қиын­дықтарға төзіп, бастарын оққа байлаған Қожагелдідей ерлер­дің жанкешті істерін ұмыт­пау, еске алып отыру – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы.

Мұхтарбек КӘРІМОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының директоры