Әдебиет • 09 Қаңтар, 2018

Үш жүздің үш биінен қалған үшбу хат

830 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі – еліміздегі ең көне әрі қоры бай ғылым ордасының бірінен саналады. Әсіресе мұндағы Мұстафа Ысмағұловтың жеке қоры КСРО кезінде жариялау мүмкін болмаған талай қымбат қазынаның кеніші деуге болады.

Үш жүздің үш биінен қалған үшбу хат

Фото: Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, ​​​​​​​«Егемен Қазақстан»

Мұстафа Ысмағұловтан қалған құнды мұра ішінде араб әліпбиіндегі көне жазбалар да көп. Солардың бірінде төрт беттен тұратын шағын жазбаға «Үш жүздің қазақтарының «Үш жол» жобасы» деген тақырып қойылыпты. Оны 1959 жылы 7 сәуірде сол кездегі Қазақ КСР Ғылым академиясының Философия және құқық институтының қызметкері Мұстафа Ысмағұлов Алматы облысы, Қаскелең ауданы «Октябрь» колхозының мүшесі Әшім Нұрлыбайұлынан жазып алған екен. Құжаттың кіріспесінде бұл жобаны үйсін Төле би, арғын Қазыбек би және Мүрсейіт би Қарабалаұлы арнайы бас қосып, бекіткендігі айтылған.

Үш жүздің қазақтарының «Үш жол» жобасы үш тараудан: «Ал­ты ереже», «Ұлттық әдеп» және «Ұлттың қоғамдық тәртібі» бөлім­дері­нен тұрған екен.

І

Алты ереже:

1. Халықтың қонағасы, түстігі мен сәлемі сатусыз болсын. Одан бас тартушылар ұлттық тәртіппен жазалы болсын.

2. Халық ортасына бәлесі тиген қаса дұшпан болса да қорғаны болсын.

3. Ердің құны екі жүз жылқы болсын, мұның да мөлшері бөлінбейтін болсын. Қараның, ханның, құлдың да құны осы болсын. Қараның да, қара күңнің де құны осы болсын. Әйелдің құны жүз жылқы болсын. Ханшаның да, қараның да, қара күңнің де құны осы болсын.

4. Қыздың қалың малы – сегіз құлынды бие, он үш бойдақ болсын. Ханша мен қара, ханы менен қара мұнан артық алмайтын болсын. Бірін бірі сүйіп қыз алысқанда құдасы деп қой сыйлайтын болсын. Ол қыз беруші қыз алушы мен екеуіне сойылған қойдың аты қосылсын. Сойылған қойдың қаны кепіл болсын. Бұларға «құда» деп қойылған аттың созымы мың жыл болсын. Бұл қоғамдық тәртіптің сүйенетін тиянағының бірі болсын.

5. Ұрлық пенен барымтаның арасында шегі болсын. Ұрлықтың айыбы – мойнына қосақ, артына тіркеу болсын. Ұлттың әдебін бұзған үшін ат пен шапан айып салынсын, бетіне шіркеу ілсін. Барымта мен ұрлықтың арасында шегі мынадай болсын: барымта малы айыпсыз қайтатын болсын, себебі барымтада малды жасырып алмайды, сол бойында сіңіреміз деп алмайды. Не намысы үшін, не кегі үшін, не малы үшін теңдік алу бағытында ғана ала алады (Намыс, мал, теңдік, жан күйігі дегендер осылар).

6. Жер-қоныс – Құдайдікі. Кім бұрын қоныстанса, сонікі болсын. Оның бұрынғы атақонысын тартып аламын деушілерді қоғамдық тәртіпке қарсы шапты деп есептелсін.

ІІ

Ұлттық әдеп: халықтың беделін сақтау. Әйел мен ердің абыройын сақтау.

ІІІ

Ұлттық қоғамдық тәртіп:

1. Қоғамдық жобаға мойын-сұну;

2. Адамды құлдану, адамды адам сату, ат бәйгесіне жетімді тігу – дін­нен шығу, олар қоғамдық тәртіпке жатпасын, аяусыз, мөлшерсіз жаза қолданылады.

Музей қорындағы ерекше құжат «Үш жүздің осы жобасын мен де сақтаймын деген басқа ұлттар болса, қарсылық етілмесін. Бұл жобаларға бағынбаушыларға жол жоқ» деген сөздермен аяқталыпты.

Әрине қазақ тарихында дәл осындай құжат болды ма, болмады ма, анығын Алла біледі. Тарих­шылар Төле бидің 1663-1756, Қазыбек бидің 1665-1765 жыл­дар аралығында өмір сүргенін анық­таған, ендеше бұл құжат XVIII ғасыр­дың алғашқы жартысына тиесі­лі болса керек. Демократиялық, тең құ­қықтық принциптері қазірдің өзінде таңғалдырарлық көне жазбаны «Егемен Қазақстанның» оқыр­ман­дарына ұсына отырып, тарих үшін бағасы өлшеусіз қазынаны мұқият сақтап отырған музей қызметкерлеріне алғыс айтамыз.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Орал