Әдебиет • 09 Қаңтар, 2018

«Бір үйдегі қос ақын»

894 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бір шаңырақтың астында ұрпағын ғана әлдилеп қоймай, қазақтың қара өлеңін де құндақтап отырған қос ақын Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметованың шығармашылық биігі бәрімізге таныс. Ал оларды табыстырған махаббат хикаясы туралы біреу білсе, біреу білмес. Осы орайда отасқандарына 40 жылдан асқан жұлдызды жұптың өнерден тыс отбасы құндылықтары туралы білмек болған едік.

«Бір үйдегі қос ақын»

– Отбасыларыңызды 43 жыл бойы қуаттап келе жатқан ма­хаббат хикаясы қалай бас­талған еді?

Қайырбек аға: 1960 жылы мектебімізге Алматыдан «Білім және еңбек» журналының бас редакторы Камал Смайловтың келуіне байланысты әдеби кеш өткізілген еді. Бұл кездесуге аудан­ның ақын-жазушылары қа­тысып, әдебиет, мәдениет ту­ралы көптеген әңгімелер қоз­ғалды. Мен 8-сыныпта оқи­тын­мын. Осы кездесу әсер етті ме, әйтеуір әдебиетке деген құш­тарлығым оянғанын сезіндім. Сөйтіп аудандық, облыс­тық, республикалық газеттерге өлең, мақала жібере бастадым. Көп кешікпей нәтижесі де кө­рініп, қуанышқа бөледі. 1964 жылы мектеп бітіріп, Алматыға барып, ҚазМУ-дің журналистика факультетіне тапсырып, ба­ғымды сынап едім, жолым бол­мады. Әскери борышымды өтеп келген соң, 1967 жылы тағы да қалаған оқуыма түсе алма­дым. Сөйтіп туған ауылым Те­реңөзекке көңілсіз қайттым. Күләш апайың екеумізді тағдыр қосты деп есептеймін. Себебі мен сол жылдары оқуға түсіп кетсем, оны кездестіре алмайтын едім ғой. «Ер кезегі үшке дейін» дегендей мен үшін сәттілік 1968 жылы болды. Осы жылы армандаған мамандығыма түсіп, өмірлік жарымды кездестірдім.

Күләш апай: Мен 1963 жылы 9-сыныптан соң Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы мед­учи­лищеге түстім. Онда 3 жыл оқып, Үшарал ауылында фельд­шер болып бір жыл жұмыс іс­тедім. Әдебиетке жақын­ды­ғы­ма байланысты тағы бір жыл Талас аудандық «Ленин жо­лы» газе­тінде тілші болдым. 1968 жылы Алматыға жасымнан ар­мандаған өлең өлкесіне жа­қын­дау үшін, ҚазМУ-дің журналис­тер даярлайтын факультетіне құжат тапсырдым. Қазақ тілі мен әдебиетінен ойдағыдай бағамен өткен соң, келесі емтиханға – тарих сабағына дайындалып жүр­генде, университеттің алдында Қайырбекті кезіктірдім. Бір­неше талапкер тұрғанбыз. Бұй­ра шашты, көрікті жігіт өзінің ақ­жарқын мінезімен баурап алды.

Оқуға түсіп жатқандардың көбісі сол жылғы мектеп түлек­тері еді. Ішіндегі ересегі біз бол­ған соң ба, Қайырбек екеуміз әңгі­мемізді бір-бірімізге айтып тұрдық. Тарихты жақсы тапсырдық. Неміс тілінен де өттік. Түскендердің тізімінен өзім­ді таптым, «Қайырбек түсті ме екен?!» деген ой басымда тұр­ды. Сөйтсем ол да түсіп, менің фамилиямды іздеп тауып, маған қарай асыққан екен. Біз осылай таныстық.

Қайырбек аға: Бізді са­бақ басталмас бұрын ауыл шаруа­шылығы жұмысына алып барды. Еңбекшіқазақ ауданының «Қа­зақстан» совхозында жүзім жи­найтын болдық. Жүзімдік жүйек-жүйекке бөлінеді екен. Әрқайсысына екі студент түседі. Бір таңғаларлығы, Күләш екеуміз бір қатарға түстік. Бірте-бірте ол мені өзінің нәзік те әдемі болмысымен, ақылымен, қарапайым қазақ қызына тән иба-инабатымен баурай бастады. Менің ой-қиялымдағы арман қыз осы Күләш деп ұқтым. Артынша достығымыз шынайы махаббатқа ұласты. Екінші курстың қысқы сессиясын бітірген соң, әке-ше­шемнің рұқсатымен Қызыл­ор­дадан Жамбылға аттандық. Жанымда ағам және досым бар. Сүйген қызыма қазақы жолмен құда түсіп бардық. Ол ауылдағы ағайын-туыстарына аса қадірлі жанның бірі екен, жақындары Күләшті бізбен бірге зорға ілес­тіріп жіберді. Күләш Сыр еліне келген соң да менің туған-туыстарыма қатты ұнады.

Күләш апай: Ауылда жүрге­німде сөз салып, хат жазып, ұсы­ныс білдірген жігіттерге: «Жоқ. Мен Алматыға оқуға тү­суім керек. Менің арманым – ақын болу» дейтінмін. Сөйтсем маң­дайыма ақын болу да, ақын жігітке тұрмысқа шығу да жазылып қойған екен. Қайырбек екеумізді кездестірген Жаратушы иеміз ғой. Ал достығымызды жалғастырған поэзия еді.

– «Ақын боп өмір кешу оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыз­да­ған барлық жараның» деген Т.Ай­бергенов туындысынан-ақ ақын адамзаттың ауыр жү­гін арқалаушы екенін аңғару қиын емес. Ал ерлі-зайыпты екеуі­ңіздің де осы жолды таңдап, мойындарыңызға артыл­ған жауап­кершіліктің екі еселенуі отбасылық өмір­ле­ріңізге қандай әсерін тигізді?

Күләш апай: Сол Төлегеннің:

Жаныңа қап ем жақын боп,

Жанымда бүгін сыздау көп.

Мен болсам кеттім ақын боп,

Азырақ бақытсыздау боп, дейтіні де бар ғой. Шындығы сол, өнер жолы – ауыр жол.

Қайырбек аға: Ақындық деген мамандық жоқ. Ол Алланың адамға берген ерекше сыйы. Сон­дық­тан оны қастерлеп алып жүру үлкен сын. Ал ерлі-зайып­тылардың екеуінің де ақын болуы, жиі болмаса да, кезде­сетін жағдай. Менімен құрдас Жұ­матай Жақыпбаевтың жары Заида Елғондинова – тамаша ақын. Біз ол отбасымен жақсы ара­ластық. Екеуінің бір-бірін аялап оты­ратынының куәсіміз. Өз басым Күләштің өлең шығаруына, кі­тап жазуына қолымнан келгенше жағдай жасадым. «Ақынға неге шықтым?» деп Күләштің өкін­генін естіген жоқпын.

Күләш апай: Қайрекең екеуі­міздің де ақын болуымыздың пайдасы зор. Өмірге көзқарасың, өнерің ортақ болған соң әңгіме тақырыбы да алшақ емес. Жақсы өлең жазсақ, бір-бірімізге оқып береміз. Пікірімізді айтамыз. Жақсы өлеңге қуанамыз. Менің жазғандарымды көбінесе газет-журналдарға Қайырбек апарып беретін. Ол маған да қолайлы. Аз да болса уақытымды үй шаруасына бөлемін. Қосылғаннан бастап жұрт бізді «бір үйдегі қос ақын» деп атайды. Ол да үлкен мәртебе. Ептеген қиындығы да бар. Әрбір адамның өзінің патша көңілі болады десек, ақынның көңілі одан да жоғары. Әр ақын өзінше тұлға. Оның өз шығармашылық әлемі бар. Тәуекел етіп, өнер бәйгесіне қосылған соң, оған уақыт бөлуің керек. Бірақ әйел табиғаты көнбістігімен ұтады деп ойлаймын. Рас, тұрмыстың күй­беңі әйел адамды жеп қоя­ды. Қалам ұстауға уақыты бола бермейді. Қазан қамы, бала­ның бағымы, ағайынның бабы бар. Құдайға шүкір, бұл жағы маған қиынға соққан жоқ. Бізде түсініспеушіліктен гөрі ұғынысу, сыйласу жоғары тұрды. Тағдырыма ризамын. Қайыр­бек маған өмір бойы көмек­те­сіп келеді. Мен де одан өз қам­қорлығымды аяған емеспін. Отба­сының берекесі мен бақыты мен үшін қашанда қымбат.

– Алда бірге жеткілеріңіз келе­тін қандай белес бар?

Күләш апай: Дана қазақтың жұбайларға арналған ең жақсы батасы – «Қосағыңмен қоса ағар!». Бір шаңырақтың астында өмірдің ащысын да, тұщысын да көрдік. Қуанғанда да, мұңай­ғанда да бірге болдық. Өмір­дің артқан жүгін екеу болып кө­терген оңай емес пе?! Жақ­­сылықтарыңа қуанатын ада­мыңның жаныңда болғаны, сүйгеніңмен қол ұстасып бір жүргенің – өмірдің ұлы қуанышы. Біздің армандарымыз өзіміздің жасымыз бен мүмкіндігімізге сәйкес. Балалардың, немере-шөберелердің қызығын көру, ел тәуелсіздігінің арайлы таңдарына куә болу, жаңа кітаптар шығару.

Қайырбек аға: Бұл күндері Күләш екеуміз де жетпіс жастан асып барамыз. Әрбір таңды аман-есен көргеніміз үшін Аллаға шүкір айтамыз. Өмір күле қарағанға күн ғой. Күнді күн сайын көріп, жүре тұрғымыз келеді. Алайда, қазына боп қартаю бар да, қазымыр боп қартаю бар. Бүгінде біз үшін ең үлкен белес – ұрпаққа ұлағат сыйлар қазыналы қария болып қартаю.

Әңгімелескен

Айжамал КӨПЕЕВА