Аймақтар • 30 Қаңтар, 2018

Өскемен әкімі қайырымды жүргізушілерге 50 литр бензиннің сертификатын берді

272 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскеменнің әкімі қатты аязда аялдамаларда, жол бойында тұрған қала тұрғындарын өз көлігімен үйіне, жұмысына дейін тегін жеткізіп салып, қамқорлық танытқан қайырымды азаматтарды арнайы қабылдап, алғыс айтты. Құр алғыс айтып қана қойған жоқ, «ЛНП» жанар-жағармай бекеті басшылығы ұсынған 50 литр бензиннің сертификатын салтанатты түрде табыстады.

Өскемен әкімі қайырымды жүргізушілерге 50 литр бензиннің сертификатын берді

Сурет Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметінен алынды

«Біз талай жұртты әбігерге салған сақылдаған сары аязда қала тұрғындарына жәрдем көрсеткен кеңпейіл азаматтардың қамқорлығын ескерусіз қалдырмауды жөн көрдік. Олар өз көліктерімен тұрғындарды үйіне, жұмысына дейін бір тиын да сұрамастан жеткізіп салды. Қаламызда осындай қайырымды жандардың бар екенін мақтан тұтамыз, шаһар тұрғындары атынан алғыс білдіреміз. Мұндай азаматтарды жұртқа үлгі етуіміз керек», - деді қала әкімі Қуат Тұмабаев.

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, қала тұрғындарын тегін тасымалдаған азаматтардың есімдерін атап өтудің артығы болмас. Олар:   Асхат Оқашев, Лия Криволапова, Зарина Ескендірова және Нұрғабыл Сқақов. Шаһар тұрғындары әлеуметтік желілерде бұл кісілер туралы жылы пікір білдіріп, тіпті көліктерінің нөмірлеріне дейін көрсетіпті. Тұрғындардың осындай ұсыныс-пікірлері марапаттауға негіз болғанын жеткізген қала әкімі шаһардағы «Helios», «Sinooil», «Штиф» секілді жанармай бекеттерін игі іске атсалысуға шақырды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН