Әдебиет • 08 Ақпан, 2018

Ардың жүгі нардың жүгінен де ауыр

422 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бұл өткен 2017 жылы болып еді. Жанға жайлы жаймашуақ қоңыр күз. Үлкен зал толы халық. 

Ардың жүгі нардың жүгінен де ауыр

Орын жетпеген біраз адам залдың қос қапталы мен арт жағында түрегеліп тұр. Мінбеге көтерілген кезекті шешен зал толы халыққа қыдырта көз тастады да құлаққа жағымды қоңыр үнмен сөйлеп кетті. Аққұба өңін күн қақтаған, орта бойлы, ашаң денелі, ақ шашты, ойлы, мұңлы көзінен жылылық, жып-жылы жүзінен нұр төгілген оның сөзін халық беріле тыңдап отыр. 

Алдындағы қағазға оқта-текте көз қиығын салып, су төгілмес жорғадай төгілте сөйлеп, толымды ой толғап тұрған ақиық азамат академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев еді. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай педагогикалық университетінің үлкен залында өтіп жатқан жиын қазақтың әйгілі батыры Шақшақ Жәнібекке арналған халықаралық конференция болатын.

Шақшақ Жәнібектің өмірі мен ерлігін көп жыл бойы зерттеп, ол жайлы көлемді кітап жазған ғалым Ерофеева және де басқа да жан-жақтан келген ғұламалардан кейін сөйлеген Кенжеғали Сағадиевке айтар сөз қал­маған сияқты еді. Жоқ, олай болмай шы­қты. Кенже-ағам сөзінің басында Шақшақ Жәнібек өмір сүрген орта мен уақыт жайлы әрі қысқа, әрі нұсқа айтты да ел қорғаған ердің ерліктерін аз сөзіне көп мағына сыйғызып баяндай келіп, өзі­нен бұрын сөйлеген айтулы ғалымдар айтпаған ой айтты. «Шақшақ Жәнібектің қазақтың өзге батырларынан ерекшелігі, артықшылығы десек те болады, – деп сөзін сабақтады академик Сағадиев, – ақ білектің күші, ақ найзаның ұшына ғана емес, ақыл мен айлаға арқа тіреген мемлекеттік деңгейде дипломат болғаны. Соның нәтижесінде күрмеуі қатты күрделі талай түйін қылышпен емес, сөзбен шешілді». Осылай деп кемел ой, кең тыныспен көсілген академик осы соны пікірлеріне Шақшақ Жәнібекті зерттеуші ғалымдардың өзіне де беймәлім тың деректерді алға тартты. Сағадиевтің сөзін тыңдап отырып мен: «Бұл аға­мыз аса білгір экономист қана емес, өте білімді тарихшы екен»­ деген ой түйдім.

Осыдан бірер сағат бұрын Қостанай қаласындағы үлкен алаңда бой көтерген Шақшақ Жәнібектің ат үстінде тұрған еңселі ескерткішінің ашылу салтанатында алғашқы сөзді де Сағадиев айтып еді. Онда айтқан сөздерін кейбір таяз ойлылар құсап қайталаған жоқ. Үлкен алаң толы қатары қалың халық Сағадиевтің қысқа да болса қызулы сөзін ыстық ықы­ласпен тыңдап, сатырлата қол соғып, құрмет көрсетіп еді. Митингі аяқталған соң Сағадиевті қоршаған топ оған алғыстарын жаудырып, ақ­сақалдар ақ батасын беріп жат­ты. Халықтың Сағадиевке деген құрметінде шек жоқ. Ол орын­ды да. Бұлай дейтініміз Шақ­шақ Жәнібекке қойылған ес­керткіш Сағадиевтің тынымсыз ізденісі мен табанды еңбегінің, академиктің ел, халық алдындағы биік бе­делінің арқасында орнады. Мемлекеттен бір тиын қаржы алмай, демеушілер тап­қан да, ақиық, ақылман аза­мат, талантты жобалау­шы, «Казгор» президенті Әбді­сағит Тәттіғұлов бастаған жобалаушылар мен мүсіншілерді осы іске жұ­мыл­дырған да, қашан ес­керткіш жасалып біткенше Ас­танадан Алматыға сан мәрте ке­ліп, зиялы қауымның басын қосып, ақылдасқан да Сағадиевтің өзі. Сағадиевтің ол еңбегі өз жемісін берді. Шақ­шақ Жә­нібек өзге батырлар­дай­­ ат үстінде тұрса да бұл­ ес­керт­­­кіштің өзгелерді қайта­ла­майтын өзгеліктері көп. Оны сөзбен жеткізу мүм­кін емес, оны көру, көңілге тоқу керек!

Осы тұста басын ашып, қай­талап айтатын бір жай – кейбір жеңіл ойлы желбуаз, қызғаншақтар айтып жүргендей Сағадиев Шақшақ Жәнібек ескерткішін орнатуға әр минуты есептеулі алтын уақыты мен күш-жігерін жұмсағанда атағын шығару үшін емес, елге пайдам тисін, қазақтың, елін, жерін қорғаған батыр бабамыздың рухы асқақтап, жастарды отаншылдыққа тәр­­биелеуге септесін деген­ ой­да болғаны анық. Ал атақ­құ­марлық оған жат. Онсыз да­ бір кісіге жетерлік, атақ, абырой оны өздері іздеп тапты. Себебі табиғи талант және та­банды еңбек дейтін қос қанат оны биіктерге алып ұшты. Осы тұста Пифагордың «Бақытты қуып қара тер болма, оны өзің­нің ісің мен ішіңнен ізде» деген сөзі ойға оралып тұр.

Академик Сағадиев бүгінгі биі­гіне оп-оңай көтерілген жоқ. Сырт көзге жолы болғыш көрінгенмен, соғыс салған салмақ­ты бала болса да көп­пен бірге белі қайысып кө­терді. Еңбек, еңбек, тағы да ең­бек! Еңбек бәрін де жеңбек еке­нін өз өмірімен дәлелдеді. Мұзафар Әлімбаевтың:

Мен білемін не табуды, нені іздеп,

Еңбек қана елдің ұлы дегізбек,

 – деген сөзі бүгін де оның бағ­даршамы, адастырмас ақ жұлдызы, бақ жұлдызы. Шын ғалым мен нағыз жазушының еңбекке араласқан күні болады, зейнетке шыққан күні болмайды. Олар үшін зейнетке шығу деген қағаз жүзінде ғана, іс жүзінде олар жүректің оты жеткенше, о дүниеге кеткенше ел үшін еңбек ете береді. Бұ­ған академик Кенжеғали Са­ғадиевтің бүгінгі тіршілігі ай­қ­ын айғақ. Тәуелсіздік таңы ат­қалы Елбасының жанынан­ табылып, күні бүгінге дейін сертке берік болып, сенімді ақтап жүр. Сағадиевтің ақы­сыз, пұлсыз ешкімге мін­детсінбей мінсіз атқарып жүр­ген қоғамдық жұмыстары бас­тан асады.

Академик Кенжеғали Әбен­ұлы­ның ғылыми еңбектерінің негізгі ба­ғыты: материалдық-техникалық жаб­дық­таудың эко­номикалық тиімділігін арт­­­­тыру мәселелері, Қазақ­стандағы экономикалық реформа теория­сы мен әдіснамасы. 150-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген ғалым Кембридж өмір­­баяндық орталығының «Жыл адамы-1992» атағын алған. Елге сіңірген еңбегі еле­ніп, көптеген ордендер мен марапаттардың иесі атанды.

Адам өз өмірінде көп кісі­лер­мен кездесіп, танысады. Әйт­се де барлық өзендердің мұхитқа құймайтыны секілді, барлық кездесулер есте қа­ла­ бермейді. Сол ондаған, жүз­­де­ген, тіпті мыңдаған ұшы­расулар ішінде ерекше есте қалатын кездесулер де болады. Академик Кенжеғали Са­ғадиевпен кездесулерімді мен ерекше есте қалған кезеңді кез­десулер деп білемін. Ғұлама аға­мен әр ұшырасудан алатын үлгі, өнеге көп. Өте көп.

Асқар таулар алыстан көз тар­тады. Әйтсе де, біз әдетте ең алдымен таудың биіктігін ескереміз де, ол көтерер ауыр жүк жайлы тым кеш ойлаймыз, кейде тіпті мүлдем ұмытып та кетеміз. Ең бастысы, халқы үшін қалтқысыз қызмет етіп, ұлтының ары іспетті азаматтың кейінге қалдырған өнегесі аз емес. Ака­демик Кенжеғали Саға­диевтің өмір­баяны ардың жүгі нардың жүгінен де ауыр бола­­тындығының айқын дәлелі.

Сәбит ДОСАНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты