Тарих • 09 Ақпан, 2018

Жанақ ақынның наласы

1599 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ тарихында Жанақ атты бірнеше ақын болған. Бір қызығы осының бәрі бір заманда өмір сүрген. 

Жанақ ақынның наласы

Соның бірі – 1770 жылы Семей өңіріндегі Абыралы жерінде туып, 1850-ші жылдары дүниеден өткен Жанақ Сағындықұлы. Бұл адам ақындығының сыртында қа­зақтың ескі жолы мен шариғи дәстүрін де жақсы білген. Өйт­кені жас кезінде Түркістан өңі­ріндегі Қарнақ медресесінде бі­лім алып, әрі қарай Ташкентте дәріс үйренген екен.

Жанақ ақын орта жүз орыс­қа толық бағынған 1820-шы жылдары ел аралап келе жатып, үлкен жиынға кез болады. Астында адам қызығарлық шұбар аты бар екен. Жиын үстінде елдің бір шонжары ақынның астындағы атына қы­зы­ғады. Аударып ала-йын десе бар қазаққа аты мәлім Жанақ­тан жасқанады. Өзі де бір айлакер қу екен, шұбар аттың ма­ңында айналсоқтап жүріп есіне­ген кезінде таңдайындағы бар­мақтай қара қалды көріп қалады.

Озбыр пенде дереу дау салады. «Мына Жанақтың мініп жүрген шұбар атты құнан шы­ға­рында қолды болған менің жыл­қым. Өзіме қайтарсын». Жанақ аң-таң: «Ей, ағайын, бұл Ақтоғай Арқадағы пәлен деген байдың биесінен туған құлан. Мына пенденің сөзі түбірімен жалған», дейді. Ақыры дау өршіп биге жүгінеді.

Төрге жайғасқан төбе билер, «сенің қандай датың бар» деп әуелі шұбар атқа жала жапқан жігіттен сұрайды. Ол: «Бұл шұбардың тай күнінде аузына ұры тіс шығып соны суырған едім. Сонда көзім шалған үс­тіңгі таңдайында қап-қара қалы бар-тын...». Билер атты алдырып аузын ашып қараса шынында бармақтай қара қал тұр. Бәрі «енді сен не айтасың» дегендей Жанаққа қарайды.

Жанақ ақын бұл істе бір шикілік барын біліп тұр, бірақ қолдан келер қайран жоқ. Бы­­лай депті: «Бір шартым бар, бұл жігіт «мынау менің шын жоғалған атым еді» деп Алла­­ның атымен ант ішсін де, алып кете берсін». Анау да ан­тұрған екен, Алланың атымен ант ішіп шұбарды жете­леп жүре береді.
Атының үстінен ер-тұрма­нын сыпырып алып, оны қолы­на ұстап тұрып қалған Жанақ ақын:

Жанын берген Жанақтың шұбарын жер,
Мына адам шұбарды менікі дер,
Жақсы атымды жалғанға сатып алған,
Я, Алла залымның жазасын бер, 

– деп, дұғасын оқып бетін сипайды да қала береді.

Атты алған жігіт ауылына кетіп бара жатып, жолдағы бұлақтың басына түседі. Шыл­бырын беліне мықтап байлап бұ­лақтан секіріп өтпекші болғанда шалқасынан түседі. Ат үркіп-тулап, шонжарды сүй­­ретіп денесін тастан-тасқа со­ғып сау тамтық қалдырмай ша­шып тастапты.

Осы оқиғаға куә болған жұрт «бұл пенде Алланың атымен жалған ант ішті, содан болып мұндай пәлеге жо­лықты» бірден үкім етіпті. Ақ­сақалдар Жа­наққа келіп, «қарағым сенің ісің ақ екен, жалғаншының жазасын Алла берді, енді өз атың­ды өзің ал» деген де, Жанақ ақын «жал­ғаншының жазасына се­беп болған жылқыға енді ме­нің ер салғаным жарамас, Алла тағаланың «зұлымдыққа ұшы­раған адамның дұғасын қабыл етемін» дегенін білемін. Сол қа­был болды, маған дүние­нің қа­жеті жоқ» деп шұбар атты өлген жігіттің жаназасына сойдырыпты.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»