Қысқы спорт • 26 Ақпан, 2018

Қош, Пхенчхан! Көріскенше, Бейжің!

342 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында XXIII қысқы Олимпия ойындары ресми түрде аяқталды. Кеше 17 күн бойы Олимпиаданың ордасына айналған Пхенчханда Олимпиада туы төмен түсіріліп, Пхенчхан қаласының мэрі Олимпия туын ХОК президентіне қайтарып берді. Өз кезегінде Томас Бах оны 2022 жылғы қысқы Олимпиада астанасы – Қытайдың Бейжің қаласының мэріне ұстатты. Ал соңынан халықаралық Олимпиада коми­тетінің президенті Томас Бах Пхенчхан қысқы Олимпия ойындары жабық деп жариялады. Сөйтіп тағы бір Олимпия ойын­дары тарих қойнауына енді. Пхенчхан Олимпиадасы барлық жағы­нан алғанда да өзінің алдын­дағы ойындардан бір саты жоғары деңгейде өтті. Оны Олим­пия ойын­­дарына қатысы бар ма­ман­дардың барлығы айтады.

Қош, Пхенчхан! Көріскенше, Бейжің!

Сегіз жылда – қос қола

Олимпия ойындарын өткізу жөніндегі комитеттің төрағасы Ли Хи Бом мырзаның айтуынша, дүбірлі додаға осы жолы 2920 атлет қатысып, оның салтанатты ашылуына 26 мемлекеттің басшылары қатысқан. Ли Хи Бом мырза Олимпия ойындарына қатысушы барлық мем­ле­кет­тердің делегациясына алғы­сын айтып, ризашылығын біл­дірді. Олимпиаданың мақ­са­ты бей­бітшілікті ту етіп ұстап, жер бетінде тыныштық пен ынты­мақ­ты баянды ету деген, ол Солтүстік Кореямен арадағы сал­қын қарым-қатынастың сеңі бұзылып, тілі мен діні бір екі елдің достығы жараса бе­реді дегенді айтты. Соңғы кез­дері баллистикалық ракеталар­ды жиі ұшырып, талай елдің мазасын ала бастаған Солтүстік Корея ал­дағы уақытта  әлем халық­та­рының көздеген мақсаты – яд­ро­лық апаттың алдын алу мақ­са­тында жұмыс жасайды деген ойдамыз.

Сонымен Олимпиаданың алауы сөнді. Қазақстан Олимпия ойындарына қатысқан 102 мем­ле­кеттің ішінде командалық есепте 28-орынға жайғасты. Амал бар ма, үміт күткен Дмит­рий Рейхерд, шаңғышы Алек­сей Полторанин, шорт-трек­­шілер сын сәтте жігерсіздік та­ныт­ты. Диманың Әлем кубогы ке­зең­дерінде тек екінші, үшінші орын­дарды талассыз жеңіп ал­ға­нын есепке алып, осы жолы қа­лайда бір медальды алады деп ойлағанбыз. Алайда бағы жан­бады, жылдамдықты арттырып, әуеде сальто жасаған кезде шаңғысы киіміне ілініп қалып, өрескел қателік жіберді. Тіпті ауыр жарақат алатыны сөзсіз еді, Құдай сақтап қалды. Павел Кол­маков жетінші орынды қа­нағат тұтты. Эстафетада бағын сы­на­ған шорт-трекшілеріміздің жоғары нәтижесі – алтыншы орын. Ал шаңғышы қыз-жігіттер, биатлоншылар қою шаңның ішінен шыға алмады. Тау шаңғышысы Игорь Закурдаев та үмітті ақтай алмады. Фристайлдың акробатика түрінен қыздар бір медальға ие болып қалар деп күткенбіз. Жанбота Алдабергенова жетінші орыннан көрінді. Конькиші қыз-жігіттер де жігерсіздік танытты, бейнебір Пхенчханға қыдырып барған­дай әсерде қалдырды.

Төрт жылда бір айналып келетін дүбірлі додадағы табысымыз олқы соғып тұр. Сочиде Денис Тен, Пхенчханда Юлия Галышева абыройды сақтап қал­ды. Сегіз жылда – қос қола?!

Полторанин неге жылады?

...Ал басты үміт – Алексей Пол­то­ранинде болатын. Мен Ал­ек­сейдің үш Олимпия ойын­дарындағы өнерін көзбен көр­дім. 2006 жылы – Туринде, 2014 жылы – Сочиде, енді, міне, Пхенчхандағы өнері.

«Мен бұл жарысқа тек «Алтын» медаль үшін шыққан бо­ла­тынмын. Күміс, қола медаль ту­ралы тіпті де ойлаған емес едім.Не болғанын өзім де түсіне ал­май қалдым. Негізі Олимпия ойын­дары менің жарысым емес екен», деді ол журналистерге бер­ген жауабында көзінің жасын көлдетіп тұрып. Өкінішті, аяныш­ты. Алайда, алқаның екінші жағы бар дегендей, іліп алар шаңғышымыз Алексейдің бұрынғы жетістіктерін жоққа ш­ы­ғара алмаймыз. Мұндай сәт­сіз­діктер жиі болады. Ал­тын­нан бірден-бір үміткер де­ген саңлақтардың медаль тұр­мақ, алғашқы ондыққа іліне алма­ға­нын да көрдік.

...Алексей 11 жасынан бас­тап шаңғыны аяғына іліп, жат­ты­ға бастады. Бапкері А.Нако­нечный ұзын бойлы, арық, алған бетінен қайтпайтын, қайсар баладан келешекте тамаша шаңғышы шығатынын бірден байқады. Себебі ол шаршамайтын, жалықпайтын, сенбі, жексенбі күндері де ну орман ішінде жаттығатын. Сол кездің өзінде жарыстарға қатысып, тәуір нәтиже көрсете бастады. 2004 жылы Норвегияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чем­пионатының эстафеталық жа­рысында алтыннан алқа тақ­ты. 2006 жылы Туриндегі Ақ Олимпия ойындарында ол сәтсіз өнер көрсетті. Канаданың Ванкувер қаласындағы қысқы Олим­пиадада спринттік қашық­тық­та атақты Нортукпен қатар келе жатып, бұрылыста құлап қалмағанда бір медаль қалтада еді, амал бар ма бесінші орынды қанағат тұтты. Ал Сочиде тоғызыншы орынды иеленді.

Алексей үшін 2017 жылдың қыс айлары сәтті болды. Ол нағыз бабында болатын. Әлем кубогының кезеңдерінде алты рет бірінші, бірнеше рет екінші, үшінші орындарды иеленіп, Пхенчханда менен жасқаныңдар деп айбат шеккен. Бұған дейін Алматы мен Астанадағы Азия ойындарында, басқа да байрақты бәсекелерде қарсыластарын шақ келтірмей, талассыз чемпион атанған Алексейдің Олим­пиа­да­ға келгенде бағы жанбай-ақ қойды. Неге? Меніңше, ол өзінің барлық күш-қуатын Әлем кубогы кезеңдеріне жұмсап ала­тын сияқты. Ал ол оңай емес. Қаншама күш-жігер, алыс сапарларға шығар кездегі күй­зеліс, жүйкесіне салмақ салу ақыры аларын алды. Бұдан бұ­рындары да солай болған. Егер соңғы бір-екі айда Әлем ку­богы кезеңдеріне қатыспай, ар­найы бағдарлама бойынша әзір­ленгенде қалай болар еді, деген ой мазалайды көпшілікті.

Алексей Полторанин қазір 32 жаста. Бір қарағанда, әлі де бір Олимпиадаға қатысуға мүмкіндігі бар секілді. Бірақ өзі Олимпиада маған қол емес екен деп мойындады емес пе. Алайда мыңдаған жанкүйер әлі де қазақстандық жалғыз экстра класты шаңғышыдан үміт күтеді. Ал оның ізбасарлары бар ма? Өкінішке қарай, олардың әзірше болмай тұрғанына көз жеткіздік осы жолғы Олимпиадада. Демек, еліміздің спорт саласына жауапты басшылары, Ұлттық олимпиада комитетінің лауазымды тұлғалары тек шаңғы емес, қысқы спорттың басқа түрлерін қалай дамыту туралы ойланып, осы бағытта жұмыс жасаулары тиіс. Тек Шығыс өңі­рі емес, еліміздің солтүстік, батыс өңірлерінде де қысқы спорт­тың бағын ашатын уақыт жет­ті. Сылтау айтатындардың құ­ла­ғына алтын сырға, аппақ қары жоққа тән, жылдың төрт мезгілі жылы аймақ – Шым­кенттің ұл-қыздарының фрис­тайл­дың акробатика түрін мең­геріп, жақсы нәтиже көрсетіп жүр­­гендері басқаларға үлгі бол­ғай. Қалай болғанда да Юлия Га­лы­шеваның қоласы көңіл көн­шіт­пейтіні анық.

Жазираның жетістігі бөлек

Олимпия ойындары кезінде волонтерлерді жиі кездестіріп жүрдік. Бірақ олардың дені ағылшыншаға келгенде нашар екен. Ал орыс тілділерді мүл­дем жолықтыра алмадық. Олим­пиаданың бас медиа орта­лығында Жазира Өтесбай деген қазақ қызын кездестіріп қалдық. Ол 2006 жылы Кореяда өтетін Олимпиадаға ерік­ті болуға өтініш білдіреді. Бірақ таң­дау қиын, өте алмай­тын шығармын деп жүре бере­ді. Арасында бірнеше рет сауал­дар­­ға интер­нет арқылы жауап бе­реді. Ағылшын, орыс, қазақ  тілін білетіні ұпай әперіп, ақыры Пхенчханға келеді.

– Жұмыс ауыр, біз қыз­ме­тіміз үшін ақы алмаймыз. Мұн­да келгелі шетелдік құр­бы­­ларыммен таныстым, олар Қазақстанды біледі екен. Галы­ше­ва медаль алған күні мені құттықтады. Бір байқағаным, қаншама дамыған мемлекет болса да, мұндағылар ағылшын тілін меңгеруге жеткілікті көңіл бөлмейді екен. Мейрамхана, қонақүйлер мен шаштараз сияқты мекемедегілер де ағыл­шынша білмейді, ал так­си­шілермен тілмаш немесе қалта телефоныңыздағы аудармашы арқылы ойыңызды біл­діре аласыз, – дейді қаракөз қарын­да­сымыз. Бұған қоса айтарымыз, мұндағы баға біздегіден жеті-сегіз, тіпті он есе қымбат. Шір­кін, Қазақстанға жетер мемлекет жоқ екен деп елді сағынғанымыз да рас.

Хош бол, Пхенчхан! Көріс­кен­ше, Бейжің!

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

журналист, арнайы
«Егемен Қазақстан» үшін

Пхенчханнан (Оңтүстік Корея)

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше