Қазақстан • 26 Ақпан, 2018

Талдықорғанда балалар жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастайды

320 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткенде ғана Талдықорған қаласы тұрғындарының саны жыл сайын артып келе жатқанын жазған едік. Облыс орталығына қоныстанушылардың көбеюі қаладағы әлеуметтік нысандардың қызметін тұтынатын адамдар үлесінің өсуіне әкелетінін айтқанбыз. Әсіресе мектеп жасындағы балалар санының артуы жалпы білім беретін ошақтар қатарының жетіспеушілігін сездіріп отыр. 

Талдықорғанда балалар жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастайды

Облыста жалпы біліммен қам­туға, оның ішінде заман талабына сай білім беретін ғимараттар салуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, өңірдегі апатты мектеп­тердің орнына жаңасын салу мен үш ауысымды оқыту мәселесін шешу күн тәртібінде тұр. Осы мақсатта өткен жылы 47 білім беру нысанын салуға және жаңғыртуға 26 млрд теңге бөлінген екен. Оның ішінде жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайтын 24 ғимарат толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. Мұның көбісі облыстың халық молынан қоныстанған аудандарда жүзеге асқан. Ал облыс орталығындағы сұранысты өтеуге бөлінген қаржы то­лықтай игеріліп, нәтижесінде са­лын­ған ғимараттар мерзімінде қол­­да­нысқа беріліп отыр. Мысалға, алдағы жаңа оқу маусымының бастау­ында Талды­қорған қаласында шыт жаңа музыка мектебі және әрқайсысы 1200 орындық екі жаңа мектеп оқу­шыларға есігін айқара ашпақшы.

Жақында облыс әкімі Амандық Баталов құрылысы қызу жүріп жатқан білім ошақтарындағы жұмыс барысымен арнайы барып танысты. Аралау кезінде өңір бас­шысы әр нысанға қатысты ескертпелерін айтып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына баса назар аударуды тапсырды. Облыс орталығындағы 300 орындық музыка мектебі жаңа Оң­түстік-Батыс тұрғын ауданында ор­наласқан. Екі қабатты мектеп өзі­не ғана тән сәулеттік шешімімен ерек­шеленеді, ғимараттың кейпі ам­фи­театрға ұқсас, 200 орынға арналған жеке концерт залы бар. Нысан­дағы жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Және осы шағын аудан аумағында 1200 орын­­дық жалпы білім беретін мек­тептің де құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс басына келген Амандық Баталов аумақты абат­тан­дырудағы кемшіліктерге, ғима­ратқа қойылған желдеткіш шіл­тердің, карниздердің сапасына қатысты сын-ескертпелерін айтып, қа­жет жағдайда ауыстыруды тапсыр­ды.

Ал 1200 орынға арналған тағы бір мектеп облыс орталығының солтүстік-батыс ауданында салынуда. Бас мердігері – «Melior Logistik» компаниясы, жобалаушысы – «Арлан-Жоба Құрылыс» ЖШС. Бұл білім нысанының құры­­лысы шілде айында аяқ­талуы тиіс. Қазір ішкі әрлеу жұмыс­тары жүріп жатыр. Осы сапарында облыс әкімі мектептің қасбеті түсінің қандай болатынын нақтылап беріп, сол сияқты таң­далған ішкі есіктерін, жарық шамдары мен еден төсеніштерін көріп, мақұлдады.

Осы үш нысанның да салынып бітетін мерзімі шілде айы деп жос­парланып отыр. Білім күнінде бұл білім ошақтары өзінің алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдамақ.

Сондай-ақ өңір басшысы Талды­қорған қаласының аума­ғында салынып жатқан коттедж қалашығын да назардан тыс қал­дыр­мады. Онда қазір төрт бөлмелі 48 пәтерден тұра­тын, жалпы алаңы 5,8 мың шар­шы метр болатын 12 коттедж ғимараты салынып жатыр. Аралау барысында айтылғандай, жыл соңына дейін жалпы құны 2,4 млрд теңге болатын 202 пәтерлі 166 коттедж тұр­ғызу көзделген. Облыс басшысы Аман­дық Бата­лов кот­теджді қалашық аума­ғын­да шам бағаналарын ауыстыруды ескерт­ті. Осы аралау барысында әкім биылғы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілетін жаңа драма театрына да соғып, әрлеу жұмыстарының барысын көрді.

Сондай-ақ бұл күні Талдықор­ған қаласының әкімдігі облыс басшысына тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап жинауға арналған қоқыс жәшіктерінің заманауи үлгілерін таныстырды. Әзірге «Қаратал» шағын ауданындағы алаңдардың біріне 2 заманауи қоқыс жәшігі қойылған. Оның біріне пластик, шыны, металл, қағаз, полиэтилен, ағаш сияқты құрғақ қоқыс жиналса, екіншісіне дымқыл, яғни органикалық және тағам қалдықтары салынады. Ма­­мыр айында қала бойынша қо­йылатын осындай қоқыс жинайтын орындардың саны жүз елуге жетпек. Амандық Баталов жаңа контейнерлерді орнатумен қатар құрғақ және дымқыл қал­дық­тар деп сұрыптап тастау қажет­тігін тұр­ғындарға түсіндіру керектігін айтты.

Нысандарды аралаудан кейін облыс әкімі салынып жатқан әрбір нысанның ең алдымен сапасына баса назар аудару қажеттігін, ұсақ-түйекке дейін ерекше мән беруді тапсырды.

– Тұрғызылып жатқан нысан­дардың айналасын көркейту жұмыс­тары назардан тыс қалмауы ке­рек, сол сияқты шағын сәулеттік фор­­малар орнатылуы тиіс, және олар­­дың әрқайсысы жаңа нысанды толық­тырып, айшықтап, ашып тұра­тындай болуы қажет, – деді Амандық Баталов.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы