Тарих • 14 Наурыз, 2018

Ар-намыстың ақтаңгері батыр Бөкенбай Қарабатырұлының ғұмыры

1298 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Қырық үш жастағы Бөкенбай ба­тырдың Кіші жүздің біріккен әс­кери қолына қолбасшы болып сайлануы оның алдағы өмірінің мақсат-мұратын да белгілеп берді. 

Ар-намыстың ақтаңгері батыр Бөкенбай Қарабатырұлының ғұмыры

3.Ұлы істердің дәуірі

Алшындардың үш бұтағының әртүрлі руларынан құралған сол әскердің басшысы боп саналған ол өз өмі­рін, тағдырын солармен мәң­гілікке қосақтады, өз хал­қы­ның бостандығы мен бақыты үшін күреске бүкіл күш-жігерін жұ­м­­сады, өзі айтқандай «барлық от­тың ортасында жүрді» ғұмырын, жанын қиды.

XVIIІ ғ. екінші онжылдығы қазақтар тарихында ұлы өткелек болып қалды, қазақ жадында­ «Жаугершілік заманы» болып сақ­талады. Бұл кезде үш жүздің рулық және тайпалық жауынгер қосындары еуразиялық көш­пелілер әскерлерінің ең күш­тісі – ойрат әскерлерімен қатал ай­қастарға үздіксіз түсіп отырды. Осы дәуірде қазақ-ойрат со­ғыс­тары бірінен соң бірі қай­та­ланып отырды. Солардың ең ауырлары 1711-1712 және 1716-1717 жылдары өтті де, бұл зұлмат қазақтардың басты жау­­­ға тойтарыс беру үшін шектен тыс ширығуын талап етті. Осы соғыстар «алаштың үш ұлы­­­ның» тәні мен жанын тең шы­нықтырды, олардың озық өкіл­дері өз қандастарын бірлік пен жұдырықтай жұмылуға, өз халқының ар-намысын қор­ғау­ға шақырды. Алайда сол жыл­­дардағы әскери оқиғалар ха­лықтың сенім-үмітін ақтап, ауыр қасіреттердің соңы бола ал­мады, дала жұртын одан да ауыр сынақтар мен қасіреттер кү­тіп тұр еді.

Екі көрші халықтың әскери текетіресінің ұшынған тұсы – 1723 жылдың ерте көктемінің қа­сі­ретті оқиғалары еді. Қон­тайшы Себен-Раптанның үлкен ұлы Лаузан-Шоно нойон бастаған мың­даған жоңғар әскері оңтүстік қазақтарының бейғам отырған ауыл­дарына кенеттен шаб­уыл жасады да, 1723-1725 ж.ж. жоң­ғарлар Қазақ хандығының астанасы Түркістанды, оның оң­түс­тігіндегі Сауран мен Таш­кент­ті басып алды. Бұдан соң Сыр­дың орта және құяр тұсын­дағы үш жүздің жайлауларын түгел иемденді.

Қазақ тарихындағы қасіретті кезең – «Ақтабан шұбырынды» басталған еді...

Қазақтың көбі Орта Азия­ға қашты: Ұлы жүз бен Ор­та жүздің азғантай бөлігі Таш­кент сыртына, Қаратегін мен Фер­ғанаға, Орта жүздің басым бөлігі Са­­мар­­қанға, ал Кіші жүздің үл­кен тобы Хиуа мен Бұқарға ауып кет­­ті. Құты қашқан Орта Азия­да тұрақтай алмаған Кіші жүз қашқындарының ірі бөлігі 1723 жылы солтүстік-шығыс, сол­­түс­тік Арал бойына келіп, одан Оң­түстік Орал тарапына ығысты.

Қазақтардың жаппай Оң­түстік Оралға ығысуы геосаяси жағдайды өзгертті. Кіші жүз қа­зақ­тары еділдік қалмақтарды Жем мен Жайықтың солтүстік жа­ғауынан ығыстыру үшін кү­реске түсті – елге тұрақ, малға жа­йылым керек еді...

Жетіру тайпасының қазақта­ры қалмақ ханы Аюкенің (1672-1724) немере інісі, тайшы Дор­­­жи Назаровтың жайлауы­на­ тақай келіп қоныстанды. Бө­­­­кенбай батырдың әскері 20 мың үйлі Доржи тайшының қо­­лымен соқтығысып қалды. Бі­рақ 1724 жылдың көктеміне дейін қал­мақ тайшылары қа­зақтар мен қарақалпақтардың одақ­тас күш­терін Жайық бойы­на жі­бермей ұстап тұрды да, қақ­тығыс жалғаса берді.

...1724 жылы Аюке хан өлді де, Қалмақ хандығында ішкі өз­ара қақтығыстар басталды.

...1724 жылы әлімдер мен же­тірулар көрші хандықтағы бе­рекесіздіктерді пайдалану­ды көздеді де, Еділ мен Жа­йық аралығына ұмтылды, Әбіл­қа­йыр хан бастаған сан мың қол еділ қалмақтарының жайлауларын шапты. Осы шабуыл­да­­ қазақтардың мол әскерін Бө­кен­бай Қарабатырұлы мен та­ма руының басшысы, Бөкен­бай­дың қарындасын алған күйеу ба­ласы, аруақты батыр Есет бас­­қарды. Бұлардың жанында Бөкенбайдың немере інілері Тө­лебай Жолболдыұлы мен Құ­­дайназар Ақпанұлы сияқты ба­тырдың тарихи деректерде жиі айтылатын серіктері де болды.

...1724 жылғы наурыздың 22-сінде Астрахан губер­ния­­­сының кеңсесіне түскен ха­бар­­ларда Саратовтан 60 ша­қы­­рым жерде көшіп жүрген Дор­жу Назаровтың ауылдарын 13 мыңдай әскері бар Әбіл­қа­­йырдың шапқаны, қалмақ­тар­дың жеңілгені, қазақтар мен қарақалпақтардың 50 қалмақты тұтқындап, 500 түйе мен 8000-нан астам қойды әкеткені айтылады. Кіші жүз батырлары бұдан өзге ұлыстардан 400 тұтқын, 600 түйе, 3 мың сиыр, 10 мың қойды олжалаған.

...1725 жылдың басында қазақтар ойрат шабуылына ұшырап, босып кеткенін айт­тық. Қазақ елінің солтүстік-ба­тысына қашқан қазақтардың жа­ңа толқыны келді. Келесі айларда Кіші жүз бен Орта жүздің ру-тайпалары Жайықтың сол жа­ғалауы мен жақын аймақтарды толтырып жіберді, бұл баш­құрт­тардың көшіп жүрген өңірі болатын. 

...Сол жылдың желтоқ­сан­­ айында патшайым Ека­те­ри­наның сарайында құра­мын­да А.Д.Меньшиков, Ф.М.Ап­рак­син, А.Т.Головкин, П.А.Тол­с­той, А.И.Остерман мен П.И.Ягу­­жинский бар Сыртқы іс­­­­тер жө­ніндегі Жоғарғы Құпия ке­ңес­­тің отырысы губернатор А.П.Волынскийдің қазақтар мен қа­­ра­­қалпақтардың Жайыққа жа­қын­дап, Ресей бодандары – қал­мақтарды шапқалы отырғаны ту­­ралы хабарын тыңдаған. Бұл кейін расқа шықты.

1726 жылы Әбілқайыр, Орта жүз ханы Сәмеке (1723-1738), Ба­рақ сұлтан (1751 ж.ө.) мен Есім сұл­тан бастаған 10 мың қазақ әскері қалмақтарға шабуыл жасады. Кіші жүз жетіруларының қолын Бөкенбай, Есет батырлар басқарды. Бұған 20 мың әскері бар қалмақ әскері қарсы шықты да, қазақтарды шегіндіріп, соң­дарынан қуды.

Екі қол көп шайқасып, со­ңын­да «бұдан соң қалмақты шаппаймыз, бүгін туған бала ержетіп, атқа мініп, садақ тартқанша тату бо­ламыз» деп келісті. Бөкенбай осы айтулы оқиғалардың ортасында, ірі жетекшілердің бірі бо­лып жүрді.

...1726 жылдың күзінде жеті­ру басшылары мен өзге рубасы­лары Арал маңындағы Қара­құмдағы қыстауларына оралып, бас дұшпан – ойрат ханы Қалдан-Се­ренге қарсы жорық жасауды ой­ластыра бастады.

1726 жылғы қыс соңында, немесе 1727 жылы, елдің айтуын­ша, Қарақұмда тағы да қазақ батырларының бастамасымен, үш жүздің ең беделді, ең ық­пал­ды өкілдерінің қатысуымен та­ғы бір құрылтай өтті (Бұл да Бө­кен­бай өнегесімен, соның идея­сы­мен іске асқан тарихи маңызы бар жиын деуге болады). Бұған қа­тыс­қан хандар, сұлтандар мен билер, ел ағалары жоңғарларға қар­сы жалпықазақтық әскер құ­руға ұйғарып, үш жүздің бірік­кен әскеріне Әбілқайырды бас қол­басшы етіп сайлады.

«Төніп тұрған қауіп-қатер өзара қырқылжыңды бітімге кел­тіріп, жұртты біріктірді де, елді бәрін бір мақсатқа бағыттады. Күл­лі жұрттың жиынында ортақ жауды шауып, қырғыз-қайсақ же­рінен қуып шығуға кірісу бел­гіленді. Әбілқайыр хан бас қол­басшы сайланып, халық дәс­түрі бойынша құрбандыққа ша­лынған ақбоз ат болашақ же­ңістің бойтұмарындай әсер етті» дейді А.И.Левшин. Қазақ қосындарының қимылы ба­тырлар белгілеген жалпы стра­тегиялық жоспар бойынша жүр­гізілді.

Сәтті басталған жорықтың шы­р­қау шегі Ұлытаудың оңтүс­тігіндегі, Сарысудың батыс жа­ғын­дағы Бұланды және Белеуті өзен­дерінің арасындағы жазықта (қазіргі Қалмаққырылған) өткен ұлы майдан болды. 1727 жылы үш жүздің әскері күші басым жау­ды күйрете жеңіп, Іленің бас­тауына – Жоңғар ханының ордасы тұр­ған жұртқа қарай жеңісті ше­ру тартты.

Жоңғарлардың ең ірі жеңілісі Қара­сиыр (дұрысы, Қарасуыр) жа­зығында болды да, бұл жер беріде Қалмаққырылған атанып кетті.

...Осы ұлы шабуылдар мен же­ңісті жорықтар кезінде Бөкен­бай батыр үш жүздің сардары Әбіл­қайырдың жанында болып, оның шұғыл тапсырмаларын орындады – шайқастың ең жауапты шабуылдарын ұйым­дас­тырды. Сол тұста ол ержүрек қа­һар­ман ғана емес, дарынды қол­басы ретінде қалың қазақ пен баш­құрттарға кеңінен танылды.

Атап айтқанда, сол дәуірдегі бе­делді башқұрт батырлары, тархандар Алдар Исекеев, Таймас Шаимов, Қадірас Муллакаев, өзге де көрнекті халық өкілде­рі 1731 жылғы 7 қазанда Әбіл­­қа­йыр ханға жіберілген Ре­сей елшісі А.И.Тевкелевке Бөкен­бай батырдың өте жоғары ұйым­дастырушылық қабілеті, май­дандардағы даңқты ерліктері мен қоғамдағы орасан зор бе­делі туралы баяндай келіп, «әй­гілі би Бөкенбай, Есет батыр, Құдайназар мырза.. барлық игі­ жақсылардың ішіндегі ең жақ­­­сы­лары және күштілері, дәу­леттілері» дейді.

Бөкенбаймен бірге қазақ әс­ке­­рінің жеңіске жетуіне Кі­ші жүздің көптеген батырлары зор үлес қосты, 1727-28 ж.ж. ­олар қазақ қо­сын­дарының ал­ғы­ шебінде жүр­гені туралы М.Тынышбаев «осы азаттық жо­рық­тарында алшындар орасан зор рөл атқарды» деп жазады.
Бөкенбайдың жоңғарлармен күресіндегі ең жақын серіктері ретінде табын және тама қосын­дарын басқарған Есет Көкіұлы, Құдайназар Ақманұлы және Тө­лебай Жолболдыұлы сияқты аса көрнекті қолбасшыларымен бір­ге елін жауға бастаған Малай, Жапақ Көкшеұлы жұрт арасында «сұр найзалы» атанып кеткен Тайлақ Жездібайұлы сияқты қаһармандар да Бөкенбайдың ай­тулы серіктері еді. 1727-30 ж.ж.­ Бөкенбаймен бірге даңқ­қа­­ бөленген әлім батырлары – ке­те Алтай Ебескіұлы мен Арал Бол­пашұлы, шөмекей Арыс­тан­бай Айбасұлы, шекті Бәйім­бет Ақкісіұлы және өз руының ұранына айналған 17 жасар батыр Сартай Байжанұлы да осы қатарда.

4. Ауыр шешім

Бөкенбай өмірінің соңғы он­­­жылдығы Қазақ елінің көш­пе­лі жұртының қоғамдық-саяси өмі­ріндегі ірі оқиғаларға, Кіші жүз бен Орта жүздің билеу­ші топтарының дәстүрден тыс стра­тегиялық шешімдер қабыл­дау­ларына толы болды. Сол се­бепті, Бөкенбай мен оның «қа­ра­сүйек» пікірлестеріне 1730 жыл­­дан бастап, қан майданда ғана емес, ең бастысы – саяси кү­ресте де қимыл көрсетуге, бір­ жа­ғынан – өз қандастарын Ре­сей­мен келісімшарттық тұрғы­дан жақындасуға көндіруге, екін­ші жағынан – Еділ бойы қал­мақтарымен, башқұрттармен ара­дағы ескі жер дауларын негізінен дипломатиялық жолдармен шешуге көндіруге тура келді.

XVIIІ ғ. 20-жылдарының екінші жартысында қазақтың Әлімұлы, Жетіру тайпалары Еділ қалмақтарымен соғыса жү­ріп,­ Жайықтың сол беткейі мен Жем­­нің екі жағалауындағы шұ­рай­лы жерлерді иемденіп ал­ған-ды. Қалмақтар бұған көн­бей, жиі соғыс ашып отырды.

Мұнымен қатар, қазақтар мен Орал бойы башқұрттарының Жа­йық пен Тобыл бойындағы даулы жерлер мен су көздері үшін таласы ушыға түскен.
Дәл осындай жағдайда, 1730 жыл­ғы көктемде Әбілқайыр мен Сәмеке (1724-1738) хандар қон­тайшы Қалдан-Серенмен бейбіт келісім жасап, Жетісу жерінен солтүстікке қоныс аударып, қа­зақ ақсүйектері мен екі жүздің ық­палды рубасыларын шақырып, қазақтардың орыс бодандары­ – башқұрттармен арадағы ескі дау­ларды шешу мәселесін кө­терді. Құрылтайшылар мұны орыс үкіметімен шарттасып барып шешу үшін Әбілқайыр Уфаға ел­шілік жіберіп, «Ресеймен тату болу» туралы келісім әзірлеуге тиіс деп ұйғарды.

Қазақ рубасыларының бұл ұм­тылысынан нәтиже шықпасын Әбілқайыр анық түсінді – Ресей­дің өзі үшін аса қауіпті емес, жат халықтың мүддесіне бола өз бодандарының мүддесін қорға­май отыруы мүмкін емес-ті. Мә­се­лені тереңірек қарастырып, жі­ті ойланған Әбілқайыр патша үкі­метіне бұдан гөрі мықты­рақ ұсы­ныс жасағанда ғана қазақ халқының тағдыры дұрыс қалып­тасарын ұғып, 1730 жылдың мау­сымында император патшайым Анна Иоановнаға хат жолдап, өзі мен қоластындағы халқына «аса мәртебелі» қамқорлық пен қор­ғау жасауын өтінді.

Орыс император патшайым­ның қамқорлығына ие болу арқы­лы Әбілқайыр қазақ-башқұрт шиеленісін шешіп алуды, Ресей әскери күшіне сүйене отырып, Жоңғар соғысы нәтижесінде жау қолына өткен Сыр бойы қала­ларын, ең алдымен, саудалық-кәсіпшілік, отырықшы-диқан­шылық аймағымен қоса Түркіс­танды қайтарып алуды, Еділ бойы мен Батыс Сібірдегі ірі жәр­­мең­келерде қазақтардың орыс көпестерімен еркін сауда жүргізуіне мүмкіндік алуды жә­не аға хан билігін күшейту мен жетілдіру арқылы Даланың ор­талық билігін нығайтуды ойлады. Бұл – сол тұс үшін қазақ тари­хындағы ең ұлы шешім еді. Онсыз қазақ халқының болу-болмауы белгісіз еді.

1731 жылғы ақпанда император патшайым қазақтарды Ресей дәргейіне алу туралы грамотаға қол қойды да, Қазақ даласына Ресей елшісі Құл-Мұхаммед (орысша – Алексей Иванович) Тев­келев Әбілқайырдан Ресейге адал­дық антын алуға аттанды.

... 1731 жылдың 5 қазанында орыс елшісі Ырғыз өзенінің саласы Шетырғыздың құяр жеріндегі Мәнітөбеде (беріде Мәніәулие атанған) отырған Әбілқайыр ордасына жетті. Келген бойда А.И.Тевкелевті Кіші жүз рубасылары әзірлеп қойған «құпия қарауыл» тұтқынға алды да, 6-10 қазан аралығында ол «үстіне қа­зақтың тозған киімін киіп», Әбіл­қайыр ордасына түнде ғана барып сөйлесіп жүрді.

7 қазан күні Тевкелев руба­сы­ларға орыс патшасына­ ант беру рәсімі туралы хабарлап, сый-сияпат үлестірді де, Әбілқа­йыр­дың қатысуымен өтетін ант беру күнін белгіледі. Алайда кешке қарай рубасылардың оған деген өшпенділігі күшейіп кеткенін, оны Ресейдің қазақ жүздеріне әскери шабуыл жасауды жос­парлау үшін келген жансыз деп айыптап, елшіліктің барлық адамын өлтіріп, мүлік­терін тонағалы отырғанын білді.

Тевкелев өзімен ере келген баш­­құрттардың басшыларын ша­­қырып, кеңес сұрады. Олар мис­сия басшысына ең алдымен халық ішіндегі ықпалы өте зор Кіші жүз батырлары­ Бө­кен­бай­ды, Есетті және Құ­дай­на­зар мырзаны шақыру керек­тігін, Әбіл­қайырдың солардың қол­дауына үнемі сүйеніп келе жат­қа­нын айтқан.

Бұдан соң Әбілқайырдың өзі де атақты рубасы Бөкенбайдың «бар­лық қазақ басшыларын жаман пиғылдан қайтара алатынын, ондай жамандыққа жол бер­меу соның ғана қолынан ке­ле­­тінін, ал мұның – ханның, өзі се­зікті болғандықтан, мұны іс­тей алмайтынын» айтқан. Хан Тай­мас батырды шақырып алып, Бөкенбайды таптырып, дәл сол күні Тевкелевпен кездестірген.

... Бар сырды Бөкенбайға баян­­дап берген А.И.Тевкелев одан Ресеймен келісімге көнгісі жоқ рубасыларын көндіріп беру­ді өтініп, «бұл үшін Бөкен­бай ба­тыр­ды, оның күйеу бала­сы мен немере інісін ... аса мәр­те­белі императордың қайы­рым­дылығымен марапаттайтынын» айтады.
Әбілқайырдың ең жақын се­рік­терінің бірі Бөкенбай үшін хан жоспары, одан өзге жолдың жоқ­тығы бұрыннан белгілі еді.

Әбілқайыр хан да, оны жақ­таушы Бөкенбай батыр мен оның серіктері де Ресеймен жақын­дасудың екі жаққа да тиімді әскери-саяси келісім деп қана ұққанын, мақсат – қазақты бодан ету еместігін ерекше айтқан жөн. 

Бөкенбайдың ел ағаларын Ре­сей­ге ант беріп, келісімге келу­ге үгіттеуге саналы түрде, шы­­­­­на­йы көңілмен көнгені орыс ел­­шісін таңдандырған. Тев­ке­лев бұл қызметі үшін батыр­ға сол кезде есепсіз байлық боп есеп­телетін 500 сомды ұсын­ғанда, ол «ақшаны алсам, сол үшін қызмет істегенім болады, бұл абырой әпермейді» деп, сыйлықтан бас тарт­қан.

Әйгілі батыр өз уәдесінен ай­­ныған жоқ, Ресей елшілігі Да­лада өткізген уақыт ішінде Тев­ке­левті ең қиын жағдайларда қол­­дап жүрді.
...Дипломатиялық миссияның табысқа жетуіне Тевкелев ең алдымен Бөкенбай Қарабатырұлына қарыздар екенін жазады – ол жат жерде елшіліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қойған жоқ, Кіші жүз басшыларының Ре­сейге ант беруіне де зор ықпал жа­сады.

Себебі ол қалыптасқан жағ­дай­ды Әбілқайырмен бірдей сез­інді, халқының орасан тарихи тығырықтан қалай шығарына шын жүректен алаңдады. Ол ма­ғынасыз шапқыншылықтан ойлы мәмлегерліктің артықты­ғын терең ұға білді. Ресеймен ке­лісімнен кейін де талай рет ушыққан қазақ-қалмақ, қазақ-баш­құрт шиеленістерінде Бөкен­бай елшілікке жүріп, көп дауды соғыссыз, әділ шешуге есепсіз еңбек сіңірді.

...1746 жылы Әбілқайыр хан былай деп жазады: «Бұдан бұрын Жайық бойында қамалдар жоқ еді, ұлыстар кең жайылып көше алмайтын, қырғыз-қайсақтармен мұндай сауда да жүрмейтін, ал қазір Аллаға шүкір, қамалдар тұр, қазақтар саудаға үйренді...Биік шөпті жайлаулар мен мөлдір су­лары бар Жайықтың бергі беті біз­ге берілді, мен бұған бір емес, мың мәрте ырзамын...»

Кейін батыс және солтүс­тік тер­риториялар проблемалары­ның ­жария түрде, заң жүзін­де шешіліп, қазақ пайдасы­на шешілуін үш жүздің би­лік өкілдері мен олар­дың ұр­пақ­тары Әбілқайыр мен оның жа­қын достары болған бел­гілі ба­тырлардың ең басты сая­си та­быстары екенін толық мойын­дады. Олардың ең басында «ар намыстың ақтаңгері», табын Бөкенбай Қарабатырұлы тұр­ған-ды.

5. Ұлы сапардың соңы

XVIIІ ғ. 30-40 жылдарының шегінде Бөкенбайдың жасы үш мүшелден асқан-ды. Алайда 73-тегі батыр бұрынғы қайратты да қажырлы күйінде қала берді, атқа қарғып мініп, желмен жарысқан тұлпарының үстінде көрші ха­лықтардың жеріне неше күн­шілік сапар жасай беретін. Бой­дағы қайрат-қажырымен қа­тар ол сана сергектігін де сол күйі сақтап, Қазақ даласының қо­­ғамдық-саяси өміріне қызу ара­ласып, шекаралық орыс әкім­шілігінің жоғары лауазымды кісі­лерімен кездесіп тұратын.

Өмірінің соңғы жылда­рын­да­ да ол баяғыша Кіші жүз­дің­ ең беделді және ықпал­ды, қа­зақ­тардың ірі тобын бас­қа­ра­тын ел ағасы болып қала берді. Бөкенбай мен оның аға­йындарының – Есет батыр мен Құдайназар мыр­заның қарамағында 7 мың үйлі же­тірулар, яғни 50 мың адам бол­ды. Бұған қоса, ол Далада да, көршілес башқұрт елін­де де­ қарадан шыққан қа­зақ азаматтары ішіндегі ең дәу­летті кі­сі еді, себебі жаудан түс­кен мол олжаның үлкен бө­лігі, дәстүр бойынша, тұрақты қо­­сын қолбасшысы ретінде бұ­ған тиесілі еді. Ертеректе бел­гілі башқұрт тархандары Ал­дар Исекеев пен Таймас Шаи­мов А.И.Тевкелевке Кіші жүзге ел­шілікпен аттанғанда тек қа­на Бөкенбайға арқа сүйеу ке­рек­­­тігін бекер айтпаған-ды. Көшпелі қазақтар арасындағы қоғамдық беделінің, дәулетінің және Кіші жүз бен Орта жүздің ел билеушілерін империяның мем­­лекеттік билік органдарына жақындата түсуге сіңірген жеке еңбегінің арқасында Бө­кен­­байдың орынборлық және ас­трахандық басшылар алдын­дағы беделі де зор еді, олар көп­ті көрген, көп білетін есті ба­­тырдың білікті және дәлелді көз­­қарастарымен санасатын Бө­кенбайдың өзі де Орынбор тарапынан жиі айтылатын сауал­дар мен ұсыныстарға сергек қарап, қажет кезінде жергілікті шекаралық командирлерге кеңес беруге келетін. Кейде, мәселен, 1738 жылы Бөкенбай Озерный қамалының маңындағы Орынбор комиссиясының бастығы В.Н.Та­тищевтің лагеріне келген­де бұл­­ келіс­сөз қазақтар баста­ма­сы­­ бойынша белгіленсе, ке­ле­сі­ жо­лы келіссөз өткізуді Ре­сей­­­­дің оңтүстік-шығысындағы про­­вин­циялық патша әкімдігі ұсын­ған.

1740 жылдың жазында Бө­кенбай В.Н.Татищевтің орны­на­ кел­ген генерал-лейтенант В.А.Урусовтан Кіші жүз қазақ­тары мен Ресей арасындағы ке­лі­сілген арақатынастардың ма­ңызды проблемалары туралы ке­ліссөзге келуін өтінген шақыру ал­ды. Батыр күйеу баласы Есетті, жетірудың игі жақсыларын ертіп, Жем бойынан Ордың жаңа шекара басшысына аттанды. Урусов пен оның көмекшілерінің Кіші жүз бен Орта жүз билеушілерімен кездесуі Орда, 22 тамыз – 1 қыр­­күйек аралығында өтті. Әбіл­қайыр хан мен оның ұлдары кел­ген кеңеске жақында ғана ақ киізге көтерілген Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан қатысты, олардың жанында екі жүздің сый­лы ел ағалары да болды. Соң­­­ғылардың сапында жеті­ру­лық­ Бөкенбай мен Есет, Орта жүз­ арғындарының үлкен рулық бір­­лестіктерінің басшылары Жә­нібек Қошқарұлы мен Нияз Бар­қыұлы да болды. Үлкен жиын екі­жақты келісімнің сол тұстағы проблемаларын: қазақтардың ант­ты берік сақтау мәселелерін, олар­­дың орыс тұтқындарын кері қайтару ісін, Даланың өз іші мен батыс шекаралардағы қо­­ғамдық-саяси жағдайларды қа­лыпқа келтіру проблемаларын тал­қылады. 

Саяси серіктердің өзара тіл­десуі үстінде, 1740 жылғы тамыз­дың 28-інде Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан орыс тағының дәргейіне ресми түрде өтті. Олар­мен бірге Орта жүздің 128 сұл­тандары мен ел билеушілері орыс патшайымына адалдық антын қабылдады. Келесі күні Бөкенбай мен Есет бастаған Кіші жүздің 180 билеушісі ант берді...

Бөкенбай батырдың халық тағдырына қатысты мәселелерде зор қызмет атқарғанының мұндай мысалдары өте көп. Ол шын мә­ніндегі ұлттық, мемлекеттік қай­раткер дәрежесіне көтерілген тұл­ға.

...Сол ғасырдың 40-жылдары Үстірт аймағында түрікпендер мен табындардың, адайлар мен қалмақтардың шұрайлы жерлер үшін қақтығыстары жиілеп кетті.

1742 жылдың қысында осы жағдайларға байланысты 500 әскерді бастаған қарт батыр тү­рік­пендермен соғысқа аттанды. Бұл қазақтар үшін өте сәтсіз жо­­­­­­­рық болды. Түрікмендермен шай­­­қаста 100 қазақ жауынгері ер­лікпен қаза тапты. Оның ішін­де қолынан семсерін түсіріп көр­меген ар-намыстың ақтаңгері, атақ­ты батыр, даңқты қолбасшы, шебер мәмлегер-саясатшы, ұлт қайраткері Бөкенбай Қарабатыр­ұлы да бар еді...

Ирина ЕРОФЕЕВА

Аударған
Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ

(Соңы. Басы 49-нөмірде)